Айыпкерге 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе ол 15 тәулікке қамалады.
ERNUR.KZ. Көлік полицейлері әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген «Шереметьево-Нұр-Сұлтан» әуе рейсінен Ресей Федерациясының азаматын түсіріп алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Осы жылдың 4 маусымында Нұр-Сұлтан қаласы полициясының желілік бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясы өкілінен хабарлама келіп түскен. Компания өкілі «Шереметьево-Нұр-Сұлтан» бағытындағы рейсте құқықбұзушының бар екенін хабарлаған.
Тексеру кезінде көлік полицейлері 34 жастағы РФ азаматшасының бортта темекі шеккенін анықтаған. Әуе кемесі командирінің құжаты бойынша әлгі әйел аталған рейстен түсірілген. Осыдан кейін оның үстінен әкімшілік құқық бұзу жөнінде хаттама толтырылып, 63 125 теңге айыппұл салынған.
Департаменттің әкімшілік заңбұзушылықтар жөніндегі басқарма бастығы Жасұлан Байкеновтың айтуынша, осы жылы көлік полицейлері 26 мың адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 1894 адамның үстінен темекі шеккені үшін хаттама толтырылған.
«Әуе кемесінде ұшу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы салдарынан қатерлі жағдай туындаса, айыпкерге 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Немесе ол 15 тәулікке қамалады», - дейді полиция подполковнигі.