«Қыздың анасы болу – үлкен бақыт, үлкен қауіп»
Отандық танымал әнші, актриса Жарқынай Ханайым қызы Айлананың болашағына алаңдайтынын айтты. Ол ұл тәрбиелеп отырған аналарға Үндеу жолдады.
«Қызы бар аналар, осыдан кейін «Күйеуге ти, күйеуге ти!» деп қалай айтасыздар? Ұл тәрбиелеп отырған аналар, қыздарымызды аяңдаршы! Дәл сіздің ұлыңыз менің қызымның ортасы, жігіті, сыныптасы, күйеуі болуы мүмкін.
Айланам үшін кімнің баласы болса да, түртіп қалса, быт-шытын шығарам, өзім-ақ! Аямаймын! Бұл ескерту! Ұлыңыз Айланаммен бірге бақшада, мектепте деп естігеннен ұлдарыңызға ескертіңіздер! Құрметті қызы бар аналар, қандай да ұл бала қыздарыңызға жағымсыз сөз айтып, шашынан тартқанын мектепте, аулада, балабақшада болсын естісеңіз, бірден дабыл қағыңыз! Шешелеріне ескеру болсын! Біреудің ұлының тәрбиелі болуын айқай шығарып болсын, мектептен, садиктен болсын талап етейік, тәрбиелейік! Басқа амалымыз жоқ!
«Сенен басқа адам қыз тумағандай жазбашы» дейтіндерге айтарым, иә, қыздың анасы болу ең үлкен бақыт. Өкінішке қарай, ең үлкен қауіп болып тұр қазіргі заманда. Түсінбей осы жазбамды даттаған аналардан қорқыңдар», - деп ескерту жасады Жарқынай Ханайым.
Өнер иесі көпшілікті қыздарға барынша қамқор болуға шақырды.
«Қыздарымыздың қасында күзет жүретіндей жағдай жасайық аналар! Менің мақсатым сол. «Сақ болсаң, сақтаймын» дейді! Сенгеннен, сенбеген абзал заман болды. Қатты батты», - деп жазды әнші-актриса.
Оның бұл Үндеуіне ұл тәрбиелеп отырған аналар қарсы шықты. "Кімнің әке-шешесі "қызды қорла, ұр, соқ!" деп өсіреді? Кім баласының қаныпезер болғанын қалайды? Неге дереу әке-шешені кіналайсыңдар?! Балаға сана берсін, санасыз бала - ата-ананың соры", "Ал менің баламды сыныптас қыздары жылатып жібереді", "Қызға да, ұлға да әкенің тәрбиесі керек, өзің қызыңның әкесімен қосылмайсың ба?", "Бір Бишімбаев үшін барлық ұлдарды оған теңеуге болмайды" деп жазды көпшілік.