​Абайлаңыз, МЕЛАНОМА: Қазақта «Қалдыбай» мен «Қалдыгүл» есімдері бекер қойылмаған

0
4 876

Меланоманың алғашқы белгісі білінісімен-ақ, қалдың орны ұлғайып, тығыздалып, жан-жағы қызарып кетеді.


​Абайлаңыз, МЕЛАНОМА: Қазақта «Қалдыбай» мен «Қалдыгүл» есімдері бекер қойылмаған

Түркітілдес халықтар арасында тек қазаққа ғана тән есімдер бар. Қалдыгүл, Қалдыбай, Қалдыбек, Қалдықыз сияқты есімдерді әдетте бір жерінде қалы бар нәрестелерге қояды. Көбіне ырым деген түсінікпен қалыптасқан «қал» сөзі көп айтылса, қалы кетіп қалады немесе кішірейіп кетеді деген сенімде жатыр мұның түпкі себебі.

Әйгілі қазақ вальсінің королі атанған Шәмшінің әкесі, орденді ұста Қалдаяқтың есімі де осы негізге сүйеніп қойылса керек-ті.


Қалға көпшілігіміз үшін келбетімізге әдемілік беріп тұратын белгінің бірі деп те қараймыз. Десек те, қалдың барлығы бірдей олай бола бермейтінін білген жөн.


Меланома - қалыпты жағдайда теріде орналасатын және күннің ультракүлгін сәулесі әсерінен бояғыш пигмент меланин бөлетін мелноциттердің шектен тыс бөлінуінен туындайтын қатерлі ісік.

«Меланома» терминің гректің “melanos” қара, қоңыр деген мағына білдіреді. Көп жағдайда ісік теріде болады, ауыздың кілегей қабатында, әйелдің жыныс мүшелерінде, асқазан-ішек жолында, көз алмасында болуы мүмкін.

Адам денесіндегі қал денсаулыққа зиянын тигізбейді, бірақ кейде сол қалдың назар аударуды қажет ететін түрлері кездесіп жатады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы медициналық қызметтер сапасын бақылау бөлімінің басшысы Сандуғаш Болысбекованың айтуынша, осы жылдың 1 тоқсанында «терідегі қатерлі ісік» диагнозы бойынша диспансерлік есепте - 961 науқас тіркелген, оның ішінде - 117 науқас меланома диагнозымен тіркелгендер екен.

«Меланоманың алғашқы белгісі адамдағы қал өлшемінің, пішінінің, түсінің және сезімталдығының өзгеруі, денедегі бар қалдың аумағында жаңадан қара түсті аймақтың пайда болуы, қалдың үстінде қайтадан түзілген қабыршақ және қышу сезімі де аздаған өзгерістері ретінде көріне алады. Сонымен қатар меланома жаңа қал ретінде де түзіле алады. Ол қара түсті, өзгеше болуы мүмкін. Егер денеңіздегі жаңа түзіліс жайлы сұрақтар туындаса немесе алаңдаушылығыңыз болса, дерматовенеролог дәрігеріне қаралғаныңыз жөн» - дейді С. Болысбекова.

Ақпарат үшін:

Меланома (грек. melas, melanos — қара және оmа — пайда болған ісікке жалғанатын жалғау), мелано-бластома — денедегі қатерлі ісік. Меланома меланин (қоңыр, қара немесе сары түсті жоғары молекула суда ерімейді) пигменттерін түзетін клеткалардан тұрады. Меланоманың пайда болуына алған жарақат, жыныстық жетілу кезінде гормондардың шектен тыс көп бөлінуі әсер етеді. Меланома негізінен теріде, кейде көз алмасында, мидың жұмсақ қабығы мен жұлында, мұрын-жұтқыншақ қуысында, көмекейде, асқазанда және ішектің шырышты қабатында кездеседі.

Көп жағдайда меланома адамның туа біткен пигментті қалдарында пайда болады. Бастапқыда теріде диаметрі 2 — 5 миллиметрдей ісік білінеді, бірақ адам оны ауырсынбайды. Кей жағдайда теріге “сүйел” сияқты бөртпе шығып, бірте-бірте қара-қоңыр немесе қара түсті даққа айналады. Сирек қанайды.

Егер адам жарақат алса, ісіктің мөлшері тез ұлғайып, тығыздалып, жақын жатқан лимфа түйіндері ісіне бастайды. Қолмен ұстап көргенде бұдыр байқалады.

Меланоманың алғашқы белгісі білінісімен-ақ, қалдың орны ұлғайып, тығыздалып, жан-жағы қызарып кетеді. Беті жылтыр қара табақшаға айналады, ортасындағы пигмент жоғалып, теріге жайыла бастайды.

Егер денедегі қалдан қандай да бір өзгеріс байқалса, тез арада дәрігерге көріну – қауіптің алдың алу болып табылады.