​«Абысыным мені сатып кетті»: қызылордалық жас отбасы ата-анасымен көрісе алмай жүр

0
2 328

«Екеуміз 11 жыл бірге оқып, бір үйге келін болып түсіп едік»


​«Абысыным мені сатып кетті»: қызылордалық жас отбасы ата-анасымен көрісе алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Абысын – ағарып алдыңда жүрмес, қарайып артыңнан қалмас» деген рас екен. Тіпті ол сенің бала кезден бірге өскен жан құрбың болса да. Көреалмаушылық, бақталастық деген достықтан да, сыйластықтан да күштірек екеніне көзім жетті», - дейді Асылайым есімді жас келін.


Үш жыл бұрын құрбысының тойында сүйіктісімен танысып, көп ұзамай келін атанған оқырманымыз абысынымен арасындағы қарым-қатынасты ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Шұғыла екеуміз он бір жыл бір партада отырған айырылмастай дос едік. Асқақ армандарымыз да, өмірлік бағыттарымыз да бір болатын. «Күйеуге тиіп, жан-жаққа кетсек те араласып тұрайықшы» дейтін. Ал мен оған «Бір үйге немесе бір әулетке келін болсақ тіпті күшті болар еді, иә» деуші едім. Құдай менің сол кездегі ниетімді қабыл етті ме, екі жылдан кейін екеуміз бір үйге келін боп түстік.


Шұғыланың тойында жолдас қыз болып, беташарына қатысқам. Қайтарда мені Шұғыланың туған қайнысы қалаға дейін жеткізіп салған. Жолда екеуміздің әңгімеміз жарасып, ол менің телефон нөмірімді алды. Кейін артымнан іздеп келіп, таныстығымыздың соңы үлкен махаббатқа ұласты.


Группалас қыздарға жан құрбыммен абысын болатынымды мақтанышпен айтатынмын. Достарымыз Шұғыла екеуміздің бойжеткен шағымыздағы арман ақиқатқа айналды деп қызыға қарайтын. Десе де, өмір біз ойлағандай болмайды екен. Жаңадан келін боп түскен маған Шұғыла жылы қабақ танытпады. Құдды танымайтын жат адамдай, ләм-мим деп тіл қатпай қоятын күндері көп-тұғын.


Келін боп түскен үйіміздің отбасылық жағдайы жақсы, атамыз бір мекемені басқарады, енеміз мектеп директоры. Екі қабатты үлкен үй тұрғызып, ішін жасап қойған. Сол дүниені менен қызғанды ма, әлде ата-енемнің ықыласы маған ауып кетеді деп қорықты ма, әйтеуір менің әр тірлігімнен мін тауып, кекетіп-мұқатып сөйлейтін болған. «Шұғыла, саған не болған? Қандай дос болғанымызды ұмытқаның ба» деп сұрағанымда, «Асылай, мен мына үйдің үлкен келінімін, бүкіл жауапкершілік менің мойнымда. Сенімен бос әңгіме айтып отыратын уақытым жоқ» деп тарс еткізді.


Он бір жыл бірге оқыған құрбымның арам пиғылын көргенде аң-таң боп, жағамды ұстадым. Енеміздің туған күндерінде маған айтпай сыйлық беретінін, аптасына бір мәрте оны ертіп кафеге, базарға кетіп қалатынын, ет асқанда қамыр илеп қойсам «сенікі дұрыс шықпады, өзім басынан істеймін» деп қайтадан қамыр илейтінін, жуған киімдерді қайтадан кір машинаға салып айналдыратынын, тағы сондай қылықтарының қайсыбірін айтайын...


«Күлшелі қыз сүймелі» демекші, енем де Шұғылаға ерекше ықылас танытатын. «Есігімді алғаш ашқан ақ келінім ғой» деп емірене еркелеткенде өзімді басы артық адамдай сезініп қаламын. Айналдырған қос ұлының әйелдерін бөліп-жарғаны мен үшін ерсі көрінді. Мен ерке, іске шорқақтау немесе оғаш қылық танытсам, ренжімес те едім. Ешқайсысына ауыр сөз айтпай, алдын кеспей шеттетілгеніме ішім ашыды.


Отасқанымызға екінші жыл өткенде абысыным шай үстінде «Асылай, сен неге тумай жүрсің? Әлде денсаулығыңда бір кінәрат бар ма? Ата-енеміз немере күтіп жүр ғой» деп көпшіліктің көзінше мені кекете сөйледі. Басқа біреу айтса ренжімес едім, жан құрбымның мына сөзі ашық тұрған жарама тұз сепкендей әсер етті. Күйеуіме жылап, бөлек шығайықшы деп өтіндім. Осы уаққа дейін ішіме жиналған шерді айтпап едім, жаңағы сөз күйеуіме ақтарылуға себеп болды.


Кешкі шайда күйеуім «біз бөлек кетеміз» деп мәселені төтесінен қойып қалды. Атамыз «қойыңдар, қайдағы бөлек шыққан, мына үйді екі балама арнап салдым ғой» деп шоршып түсті. Ал енеміз «кете берсін, ұстама, өз күндерін көре алатын болғасын айтып отырған шығар, барыңдар, кетіңдер» деп жұлқынды.

«Көзіңіздің ағы мен қарасындай болған екі келініңіздің бірін шойын, бірін алтын көріп, арасына өзіңіз түстіңіз, соның нәтижесі міне, осындай болды» деп күйеуім қатты ашуланды. «Ей, сен мамаға дауыс көтерме! Әйелің оқу деп бала тумай жүр, үйдің тірлігіне де салақ» деп Шұғыла килікті. Мен жылап тұрмын, ашуға беріліп кеткен күйеуімді тоқтата алмадым.

«Бәріне сен кінәлісің! Ең жақын құрбыңды жаныңа тартып, осы үйге сіңістіре алмадың, сенің достығың осы ма?!» деп Шұғылаға сөйлеп келе жатыр еді, қайынағамыз күйеуімді жұдырықпен бір ұрды.


Сол күннен бастап қара шаңырақтың есігі біз үшін жабылған. Қайынағам мен абысынымдікі мақұл, ата-енемнің кенже ұлдарын бір рет іздемегеніне таңмын. Үш жылдан бері пәтер жалдап тұрамыз. Егіз қыздарымыз бар, күйеуім жұмысын істеп жүр. Әні-міне дегенше мемлекеттік бағдарламамен үй алмақшымыз.


Үйлі болғанда ата-енемді шақырып, қонақ етсем деген арманым бар. Бірақ құрбыма деген өкпем әлі тарқаған жоқ. Ұрыс-керістің бәрі абысынымнан шықты. Ол бүкіл дүние-мүлік кенже ұлға қала ма деп қорықты, қызғанды. Сол себепті адал достығымызды сатып кете салды. Бәрінен де күйеуімді аяймын. Ішінен тынып жүр, сыртқа білдірмейді бірақ...»