​«Екеуі бұйрықтан қашып кете алмады»: алматылық әйел қайынсіңлісінің ерекше тағдырын баяндап берді

0
1 001

«Төрт баласы өгей әкесіне арнап ән шырқағанда жыламаған адам қалмады»


​«Екеуі бұйрықтан қашып кете алмады»: алматылық әйел қайынсіңлісінің ерекше тағдырын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірде түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп, әрқилы оқиғалардың куәсі боп жүрміз ғой. Дегенмен балалы-шағалы болғаннан кейін алғашқы махаббатын қайта жолықтырып, соған тұрмысқа шығыпты дегеді естімеппіз. Әйтсе де өмірде мұндай жағдайдар болып тұрады екен», - дейді Айнұр есімді оқырман.


Алматылық әйел қайынсіңлісінің басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Қайынсіңлім төрт балалы болғанда күйеуінен ажырасып кетті. Шаңырағының шайқалуына күйеуінің діннің түісінксіз бір ағымына еріп кетуі себеп болған еді. Намаз оқиды, мешітке барады, ішпейді, шекпейді деп қуанып жүрген. Сөйтсе күйеу баламыз «оранып жүр» деп титтей қыздарына дейін тиісіп, тілін алмаса ұрып-соғатын мінез шығарыпты. Қайынсіңлім мемлекеттік мекемеде істейтін, «оранып жүре алмаймын»деп қарсы шыққан шығар, ай-шайға қаратпай көк ала қойдай сабап, түрін адам танымастай өзгертіп тастаған. Онысын тек маған ғана айтып, жылаған. «Апамдар білмей-ақ қойсын» дегесін ешкімге айтпай, сырын ішімде сақтағам. Кейін осы жағдай тағы қайталанды. Бұл кезде мен шыдап тұра алмадым, «қызымыздан айырылып қалмай тұрғанда бір амалын жасайық» деп күйеуіме жеткіздім.


Күйеу балаға бір-екі мәрте ескертіп, қаталдау сөйлеген екен, «Әйел – менікі, айтқаныма жай сөзбен көнбесе, осылай болады ақыры» деп әкіреңдепті. Мұндайға кім шыдап, үндемей қарап қалады дейсіз, барып, ажыратып алдық. Балалары да әкелерінің езгісінен құтылғанына қуанып, нағашыларының қолына көшіп алды. «Есі кіріп, арттарынан іздеп келер» деп күйеу баланы әбден күттік. Сөйтсек ол шырақ басқа біреуді үйіне кіргізіп ала қойыпты. Сосын күдерді үзіп, бәріміз жабылып қала шетінен жер әперіп, кішігірім үй тұрғызып бердік.


Ажырасқанына екінші жыл болғанда қайынсіңлім тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. «Аузы күйген үрлеп ішер» дегендей, қалай болар екен деп ішімізден күмәнданып әрі қайын сіңліміздің тосын тірлігіне тосырқай қарағанымыз рас. «Балалардың алды ержетіп қалды, ол жағын ойладың ба?» деп өзінен сұрап ем, төмен қарап, қызарақтап, «бұл жолы олай болмайды» деді. Сөйтсем, ол «фейсбук» арқылы студент кезде ұнатып, бірге жүрген жігітін тауып алыпты. Ол Таразда тұрады екен, үйленіп, балалы бола алмаған соң он жылдан кейін ажырасқан екен. Қайын сіңліміз де басынан өткен жағдайды жасырмаған. Содан екеуі кездесіп, үйленуге бел буыпты.


«Жас кездеріңде неге қосылмадыңдар, кім кедергі болды?» деп сұрап едім, «Үйленеміз деп уәделесіп қойғанымызда бұның әкесі қайтыс боп қалды да, бір жылға дейін тойымызды тоқтатып тастады. Сол аралықта анау мені алып қашып кетті емес пе? «Қалмаймын, өзімнің сүйген жігітім бар» деп тулап, жылап едім. Апамдар ғой, «босаға аттап қойды, енді сол жерге тастай батып, судай сіңсін» деп сәлемдеме айтып жіберіпті. Амал жоқ, көнуге тура келді» деп өткенді еске алып жылап қалды. Осылайша ғашықтардың жолы екіге айырылған екен.


Қайынсіңлімнің бұл шешіміне күйеуім де, қайныларым да, әсіресе ата-енем қарсы болды. «Бір кездері бір-біріңді сүйген шығарсыңдар, ол кезде жас едіңдер, салт болдыңдар. Ал қазір арада төрт бірдей бала бар. Руы бөлек, елі бөлек. Оларды қайтесіңдер?! Кім қарайды сенің бала-шағаңа, тиетін адамың қандай боп шығады, ертеңгі күні шекесінен шертіп отырса қайтесің» деп апам қосылуларына ыңғай білдірмеді.


Бірақ арада бір апта өткенде әлгі «алғашқы махаббат» ауылға келіп, ата-енемнің алдынан өтті. «Балаларды ойлап қам жемеңіздер. Сүйген адамымның балалары да маған өз баламдай болады. Көңілдеріне қаяу түсірмей, асырап, өз баламдай жетілдіруге уәде берем» деді. Атамыз марқұм бір сөзді кісі еді, «асығыс шешім қабылдап отырсыңдар, әлі де ойланыңдар, үй боп кету оңай емес мына заманда» деп қайтарып жіберген.

Бірақ жігіт мықты екен, сүйіспеншілігінің шынайлығынан шығар, күнара үйге келіп, жалынып отырып алды. Сосын біздікілер ақ батасын беріп, екі ғашықты қосты. Құда-құдағилар да Құдайға қараған кісілер екен, төрт баласы бар әйел деместен барлық кәде-шүделерін жасап, қайынсіңлімді алып кетті.


Жақында сол қайынсілімнің үлкен қызы тұрмысқа шықты. Бірінші күйеуіне «қызыңды ұзатқалы жатырмын, кел, ішінде бол» деген екен. «Харам жерге бармаймын, харамдармен араласпаймын» депті. Екінші күйеу баламыз тойын өзі өткеріп, құдаларды тік тұрып күтіп, шығарып салды. Екеуінің бақытты екені жүздерінен көрініп тұр. Төрт бала «Менің әкем ең жақсы адам» деп әндеткенде бәріміздің көзімізге жас келді. «Тапқан әке емес, баққан – әке» деген рас-ау. Сыртынан сүйсініп, бақыттарының баянды болғанын тілеп, ауылымызға қайттық.


Қайынсіңлімнің басындағы бұл жағдайды махаббаттың құдіреті демегенде не дерсің? О баста Құдай екеуінің тағдырына бір болуды жазған екен, бұйрықтан қашып кете алмады».