​«Енемді «фашист» деп атаушы едім»: түркістандық әйел жас келіндерге ақыл айтты

0
1 423

«Бөлек кетсем бақытты болам деп ойладым»


​«Енемді «фашист» деп атаушы едім»: түркістандық әйел жас келіндерге ақыл айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ сайтында күні кеше жарық көрген «Бірі енесінен, екіншісі атасынан...»: түркістандық әйел қартайғанда келін-баламен жағаласпауға шақырды» атты мақала әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ене мен келін тақырының таусылмайтын мәңгілік тақырып екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.


Осы ретте Түркістан облысына қарасты аудандардың бірінде тұратын Маржан есімді әйел өз басынан өткен оқиғасын баяндап берген екен. Қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.


«Енемді фашист деп қабылдап, жек көретін келіндердің бірі мен едім. Себебі ол кісінің әрбір сөзі құлағыма түрпідей тиетін. «Бір күліп қарайтын кезі бола ма осының» деп ішімнен жыным келіп, атарға оғым болмайтын. Себебі ол кісі тазайын, өз тірлігіне тастай пысық, біреуден артық бір зат сұрамайтын, біреуге есігінің алдындағы қарды бермейтін сараң еді. «Пейілі бар болсын, қызғаншақ, ішінде шиыршық айналмайды» деп құрдас келіншектерге, төркін жағыма жамандағанымды жасырмаймын.


Жас келінбіз, жаңа туғанымыз тағы бар. Түнімен бала емізіп, таңертең дел-сал боп төсектен тұруға ерініп жатамыз. Ондайда енем ұялмастан есігімізді қағып, оятып алатырн. «Тұр, сиырыңды сауып кел» деп жұмсайды. Содан үйдің тірлігі басталады, сауып келген сүтті пісіру, айран ұйыту, таңғы шай, үй жинау, кір жуу, арасында күбі пісу, мал жайғау... Бітпейтін күйбең тіршілік әйтеуір. «Үкімет пен біздің үйдің тірлігі бітпейді, көк қораны айнала беріп шаршадым» деп кешкісін күйеуіме шағымданам. Ол көбіне үндемей құтылады, кейде «сені қинап әкелдім бе, өзің көніп келгенсің» деп өзіме сөйлеп тастайды.


Көктем шығысымен жер тырмалап көкөніс көшеттерін отырғызуға кірісетінбіз де, күз түскенше тыным таппайтынбыз. Түсте көз шырымын алып, ұйықтау біз үшін арман еді. Енем шаршау дегенді білмейді, ол жүрген соң бізге жату қайда? Айына екі рет қой соямыз. Ондай кезде үйдегі шаруаға тағы бір жүк артылады. Бас-сирақ үйіту, ішек-қарын тазалап, етті боршалап, тұздау өз алдына бір машақат еді.


Жазда қазан-қазан банка жабамыз. Күз келгенде оның біразы тұрмысқа шыққан қайынәпкелердің үйіне кететін. «Маған солардың банкасын жабу керек пе? Неге өздері істеп алмайды?» деп ішімнен күбір-күбір етіп, ешкім жоқта көзімнің жасын бір сығып алып тірлікке кірісіп кете берем. Білмеймін, өзімді құлдықта жүрген адамдай сезінетінмін. Бар ойым еншімді алып, бөлек кету болды.


Не керек, күйеуімнің құлақ етін жеп, ақыры дегеніме көндіріп, қалаға көшіп кеттік. «Рахат өмір енді басталды» деп ойладым сол кезде. Бірақ қалада бізді құшақ жая қарсы алатын кім бар дейсіз, іздеп-шарлап жүріп арзандау пәтер таптық. Күйеуім қара жұмыс істеп, ақша табады. Онысын пәтерақыға, коммуналдық төлемге, азық-түлікке деп бөліп, айдан-айға әрең жеткіземіз. Тиындап дүние жинадық. Ең алғашқы үтік, «әсел пешке» алған кездерім әлі есімде. Бірақ соны кейін екі жағымда тұратын көршілерім сұрап, күйдіріп әкелгенде енемнің сараңдығын түсіндім. Ішім удай ашыды, «кейін орнына әперермін» деген көршілер сол күйі әперген жоқ.


Айтып-айтпай не керек, қаладан шеке майымыз шылқымады. Үй аламыз деп жылдап жинаған ақшамыз қала маңынан жер алуға ғана жетті. Үш бөлмелі шағын үйді тұрғызып, қоныс тойымызды тойлаған жылы енем өмірден өтті. Оған дейін «немерелерім ішсін» деп ауылда айран-сүтін, құрт майын арқалап келіп тұратын. Енді өз арбамызды өзіміз сүйреуге тура келді.


Үй болудың оңай шаруа еместігін өзіме үй біткенде түсіндім. Ақыры ауылға келген соң бау-бақша егу керек, мал ұстау керек. «Помидор егейікші, жүзім егейікші» деп балалар қоймаған соң бақша егіп, бір-екі жылда енемнің қамытын өзіме қалай киіп алғанымды байқамай қалдым. Бұрын енем бізге тыныштық бермесе, енді мен балаларыма маза бермеймін. Бірін малға, енді бірін бақшаға салам. Енеме туған күн менің басыма да келді. «Жарықтық енем-ай, бізге бірдеңе болсын, ішсін, жесін деп тынбаған екен ғой» деп кейде көзіме жас алам. Баяғы өкпе-реніштің ізі де қалмаған. «Қалай екен, баяғыда сөтіп едің...» деп күйеуім де әзіл-шыны аралас сөзімен түйреп алады.


Бүгінде мен де әулеттегі ең пысық, жоқтан бар жасай алатын, үйінен қылаудай шаң таппайтын таза келін атанғам. «Мұраттың үйіндегі келін бәрінің ебін табады» деп үлкендер мақтап отырады. Оның бәрі енемнің көрсеткен өнегесінің арқасында. Кейде сөйлеген сөзіме дейін енеме ұқсап кетеді. Ондайда «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөзді ата-бабамыз қалай тауып айтқан деп таң-тамаша боламын.


Осы күні енесін жамандайтын, үй тірлігіне шыдас бермей, ұрыс-керіс шығаратын келіндер жетерлік. Шыдау керек, бәрі өтпелі кезең, ол күндер де артта қалады екен. Сағынышпен еске алып отырасың. Сондықтан енең сені ширату үшін тірлікке салса, кейде қатты-қатты сөйлесе, онда кешіріммен қарау керек. Енесі бар келіндердің басында бағы бар. Үйінде берекесі бар. Баласы бағулы, қазаны асулы тұрады...»