«Кәрі атасын арбаға отырғызып ақша тапқан»: жамбылдық азамат сұмдық оқиғаны айтып берді

0
3 339

Қарт ата-аналардың да құқығын қорғайтын заң керек. Олардың зейнетақысын ұл-қыздары, келіндері пайдаланбау керек. Келісесіз бе?


«Кәрі атасын арбаға отырғызып ақша тапқан»: жамбылдық азамат сұмдық оқиғаны айтып берді

фото: s14.stc.all.kpcdn.net

«Қазір отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау туралы заң қызу талқыланып жатыр. Балаларды қорғайтын заң бар ғой, заң шығарғыштар одан да неге қарттардың құқығы туралы заң ойлап таппайды», - дейді жамбылдық азамат.


Ол қарттардың да бала секілді өз құқығын қорғай алмайтындығын алға тартып, өзі куә болған бір оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне мысал етіп айтып берді.



Жамбылдық Ерік есімді азамат былай дейді:

«Жұмыс барысымен ауылдан қалаға көшіп келдік. Бастапқыда бірнеше жыл жалдамалы пәтерде тұрдық. Пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде талай адаммен көрші болдық, біріне қарап сүйсінсек, бірінің тағдыры күрсіндірді.

Біз ұзақтау уақыт тұрған көпқабатты үйдің екінші подъезінде жасы 80-нен асқан атай мен оның кемпірі тұратын. Естуімше, пәтерді мемлекет тыл ардагері деген құрметі үшін берген.

Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанымда атайдың аулада жүргенін көретінмін. Жүзі жылы атай сәлемімді алып, «Өркенің өссін» деп жауап қайтаратын. Құлағы жақсы естиді, жүрісі де ширақ.

Көршілер қарт атаның 70 жасқа дейін күнде таңертең жүгіруді әдет еткенін айтқанда таң қалғанмын. Кейін жасы ұлғайған соң тек баяу жүріспен ауладағы алаңшаны айналып, жеңіл-желпі дене жаттығуларын жасауға көшіпті.

Атайдың жұбайын да сырттай жақсы танып қалдым. Азық-түлік дүкенінде жиі кездестіріп қалатынмын. Ол да кәрі болса да еңкіш тартпаған, сөйлеген сөзінен денсаулығы жақсы екені сырт көзге көрініп тұратын.

Әдемі қартайған қос жұпқа бәріміз қызығып қарайтынбыз. Кейін ауылдағы үлкен үйімді сатып, қала шетінен үш бөлмелі времянка алып, ол жерден көшіп кеттік. Арада тағы да біраз жыл аунап, бала-шаға өсіп, атайды ұмытып та кеттім. Шынымды айтсам, оны кейін мүмшкіл халде көремін деп ойламағанмын.

Бір күні әйелім қылқылдап мені базарға жұмсады. Оған дейін базардан азық-түлік тасыған емеспін. Мен ақша табамын, ал әйелім бәрін өзі түгендеп, ақшаны өзі жұмсайтын. Сол күні базардан қаптап картоп, пияз, басқа да қажетті заттарды сатып алдым. Ескі көлігіме қайта-қайта тасыдым. Базарға кіріп-шығып жүргенде үлкен қақпа шетінде мүгедектер арбасында отырған атай көзіме ыстық көрінді.

фото: www.irishdentistry.ie

Қасынан өткен сайын «Кім бұл? Қай жерден көргенмін?» деп, есіме түсіре алмадым. Үйге келген соң да әлгі кәрі ата ойымнан кетпей қойды. Көп ойланып, бұрын көрші подъезде тұрған Тұрғанбек ата екенін есіме түсірдім.

Баспанасы бар, зейнетақысы бір басына жететін атай қалайша мұндай күйге түсті екен деп, күрсіне бердім. Шыдай алмай, ертеңіне жұмыстан қайтарда базарға тағы бардым. Амандасып, аты-жөнін сұрадым. Мені таныды. Бірақ сұрақтарыма жауап бермеді, тек кемсеңдеп жылай берді. Сосын көлігімді жақын жерге қойып сырттай бақыладым. Базардағы адамдар тарқаған соң шамамен 30 жастағы бір жігіт келіп, арбаны сүйрей жөнелді. Әріректе тұрған көлігіне жақындағанда атайды жұлқи мүгедктер арбасынан түсірді. Тәлтіректеп жүріп атай көлікке отырды. Көліктің соңынан жүріп отырдым. Шатаспаппын.

Иә, бұрынғы көрші атай. Көлік сол бұрын мен тұрған көпқабатты үйдің ауласына тоқтады. Атай таяғына сүйеніп подъезден кіріп бара жатты.

Жүрегім езілді. Аядым. Ашуым келді. Көліктен түсіп тентек адам ұқсап ары-бері теңселіп жүре бердім, жүре бердім. Бұрынғы көршілерімнің бірі қасыма кеп «Ерік сен бе?» демегенде қанша уақыт теңселіп жүрерімді кім білсін?!

Бұрынғы көршімнен Тұрғанбек атайдың қазіргі жағдайын сұрадым. Айтуынша, қызының баласы атайдың үйіне кіріп, иеленіп алыпты. Жиен немересі бұзақылық жасап түрмеде отырып шыққан екен. Өз ата-анасы қуып жіберген соң нағашы ата-апасын паналапты.


«Үйінен пана берген адамдардың жақсылығын білмеді ғой. Ата-әжесінің зейнетақысын топтап көлік сатып алды. Өзі жұмыс істмейді. Атасы мен әжесін мүгедектер арбасына қинап отырғызып қояды да, жұрттың тастаған тиын-тебенін пайда көреді. Әжесін вокзал маңына отырғызып қоятын еді. Ол қайтыс боп кетті. Нашақор-ау деймін, бірнәрсе деуге қорқамыз» деді.


Атайға көмектеспек боп әреттендім. Жас жігітке ақылымды айттым, тыңдамады. «Аулақ жүр. Саған проблема керек пе? Менің атам, өзім білем. Шаруаң болмасын!» деп төнді.

Құзырлы орындарға арыз жазбақ боп, атайдың құқығын қорғамақ болып заңды білетін адамдардан кеңес сұрадым. «Ешнәрсе істей алмайсың!» деп шығарып салды. Әйелім де «Түрме көрген адамнан барлық нәрсені күтуге болады. Тыныш жүрші. Балаларымызға зияны тиіп кетсе қайтесің. Басыңа пәле тілеп алмасай» деп шырылдап, жылап, мені тоқтатты.

Содан бері 18-20 жылдай уақыт өтті. Мен де біртіндеп қарттықтың қақпасына қарай бара жатырмын. Кәріліктің белгілері байқалғанда базарда мүгедектер арбасында көзі мұңға толып ой үстінде отырған атай есіме түседі. Соның күйін кешпеймін де қорқамын.

Қорықпай қайтейін, айналамда өз зейнетақысын дәрі-дәрмегіне пайдалана алмай жүрген қарттар бар. Бір қарт әкеге ұлы кредит алдыртып, зейнетақысы ай сайын сол кредитті төлеуге жұмсалады. Тағы бір қарт апаны білем, «Мемлекет беріп отырған зейнетақымның рақатын көрген емеспін. Келінім қолыма ұстатпайды» деп отырады. Ата-аналар балалардың жәрдемақысын сол бала-шағасының қажеттіліктеріне жұмсап өсірді ғой. Балалар да қартайған ата-анасының зейнетақысын сол кәрі адамдардың өзіне жұмсаса екен деймін...»


Рас. Бізде басында кредиті бар, өмірінде бір рет те шипажайға бармаған зейнеткер көп. Қарт ата-аналар зейнетақысын топтап жоспарласа, жылына екі рет шипажайға барып ем алуына, әр қалада тұратын бауырларының үйіне қыдырып, киелі орындарды аралап демалуына да жетеді.


Зейнеткерге кредит керек пе? Егер зейнеткерлерге кредит беруге заңмен тыйым салынса, ұл-қыздардың қарт ата-анасын кредит алуға мәжбүрлеуі тыйылар ма еді... Сіз не дейсіз, оқырман?


Ұқсас оқиғалар:


«QR-код арқылы менің атымнан КРЕДИТ алыпты»: алматылық әйел не істерін білмей отыр


«Ұтымды жолмен баспаналы болды»: заңгер клиентінің әрекетін үлгі еттіі