​«Күйеуіммен құда болдым»: жезқазғандық әйел өгей қызын келін етіп түсіргенін айтты

0
5 146

«Баққан балам бағым болды»


​«Күйеуіммен құда болдым»: жезқазғандық әйел өгей қызын келін етіп түсіргенін айтты

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірдің біз білмейтін тосынсыйы көп. Жүре берсең, көре бересің демекші, жасым елуге келген шақта бұрынғы күйеуіммен құда болам деп ойлаппын ба? Тағдырдың пешенемізге жазғанына көндік», - дейді Жарқынай есімді жезқазғандық оқырманымыз.


Бүгінде немере бағып, аяулы әже атанып отырған Жарқынай ханым өз басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Менің мінезім әкеме ұқсаған, көпшілікпен тез тіл табыса алмаймын, адаммен жұғысуым қиын. Той-томалақ, жұрт жиылатын жерлерге де көп бара бермеймін. Осы мінезімнің арқасында жігіттермен де жұрмедім. Менен кейінгі ұлдар ержетіп, бірінен кейін бірі үйленді, сіңлілерім де өз теңдерін тауып, кетіп жатты. Ал мен мектепте мұғалім боп жүре бердім.

Анам менің тұйықтығымнан тұрмысқа шыға алмайтынымды білді ме, бір күні отырғызып қойып әңгіме айтты. «Жасың қырыққа таяп қалды, сенің жүрісің мынау. Сенімен жасты қыздардың ұл-қызы бойжетіп, ержетіп қалды. Бұлай жүргенің болмайды. Қартайғанда жалғыз қаласың. Сондықтан інің Мақсаттың баласын сенің бауырыңа салуды жөн көрдім. Бұған келін де, бала да қарсы емес» деп шешімін кесіп айтты.

Алты айдан кейін келінім шекесі торсықтай ұлды туып, маған өз қолымен табыстады. Шынымды айтсам, сол сәтте менен бақытты адам болмаған шығар. Әйел адам үшін ең үлкен бақыт ана болу екенін баламды құшағыма алып, иіскегенде білдім. Осылайша мен отыз алты жасымда Аңсар деген ұлдың анасы атандым.


Үлкен інім жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауылға келіп біраз жұмыс істеді, отбасын құрғаннан кейін ауыл шетінен үлкен фазенда ашып, мал шаруашылығымен айналысатын. Біз оның қожалығына демалыс күндері барып, онша-мұнша шаруасына көмектесіп, қаланың қым-қуыт тірлігінен бір сәт демалып қайтатынбыз. Бір күні інім фазендасына бір кісіні ертіп келді. Жасы қырықтан енді асқан Мықтыбек оңтүстік жақтың тумасы екен. Отбасынан ажырасып, екі қызын әйеліне тастап, осындағы туыстарын паналап келген беті екен. Көп сөзі жоқ, тірлікке пысық адам болғасын інім жұмысқа алыпты. Бір жылдай әлгі жерде қызмет етті. Осы уақыт ішінде біздің әңгімеміз жарасып, анамның, бауырларымның рұқсатымен бас қостық.


Екеуміз екі жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Жазда бір ай оңтүстікке барып, екі қызымен кездесіп қайтатын. Келесі жылы екі қызын ертіп, біздің фазендаға да алып келді. Үлкені менің Аңсарыммен қатарлас екен. Бала боп бірге ойнап, уақытты қызықты өткізді. Айтпақшы, Аңсар өз туған ата-анасын біліп өсті. Есі кіре бастаған шақта бәрін айтып бергем. Сонда да ол мені ерекше жақсы көрді.


Мықтыбек екеуміз үш баланы тәрбиелеп, жап-жақсы боп отырған едік. Бірақ ол бірте-бірте араққа салына бастады. Жастайынан ішкілікке құмар болған екен. Әйелімен ажырасуына да араққа салынғандығы себеп болған көрінеді. Ал біздің үйге келгенде емделген түрі екен. Аузына ащы су тисе жұмысты да тастап, біздің ренжігенімізге де көңіл аудармай жатып ішетін. Інім оны емдетпек боп, әрекеттеніп көрген. Көнбеді, ақырында ажырасып тындық. Баламның мұндайды көріп өскенін қаламадым.


Одан кейін хабарласқан да емеспіз. Мен бейбақтың жардан бағым ашылмады, бала да сүйе алмадым. Бар үмітім – Аңсарым. Өмірімді соған арнап, жақсы тәрбие, дұрыс білім беруге уақытымды сарп еттім. Мектеп бітірген балам Алматыдағы университетке грантқа оқуға түсіп, сол жақта жүрді. Университет бітірген соң Алматыға жұмысқа тұрып, бауырларым жабылып балама екі бөлмелі пәтер әперді. «Мама, сізді көшіріп аламын» деп балам мені өзімен бірге әкеткен. Сонда жүріп үйленді.


Үйленгендегі қызықты айтайын. Балам бірдеңені айтқысы келгендей біртүрлі көңіл-күйде жүрді. Батылы жетпейтінін ішім сезіп, бір күні әңгімеге тарттым.

«Маматай, сіз менің ойымды оқисыз ғой. Менің сүйген қызым бар. Сіз оны танисыз» деді. Менің ойымда түк жоқ, ауылдың қыздарының бірі екен деп «ертең-ақ әкел келінімді» деп қоямын.

Бірақ Аңсар біраз жымиып отырды да «Мама, сіз мені дұрыс түсініңізші, мен үшін сізден қымбат жан жоқ, бірақ сіз менің таңдауыма қалай қарар екен деп уайымдап жүрмін. Бірден ашығын айтсам, мен Мықтыбек ағаның үлкен қызы Әлияға ғашықпын. Екеуміз күтпеген жерден осында кездесіп қалдық. Бала кезімізде ауылда бірге ойнап, біздің үйде қонақта болып еді ғой. Екі жылдан бері жүреміз. Үйленсек пе деген ниетіміз бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?» деп ашығын айтты.


Ұлымнан мына сөздерді естігенде не дерімді білмедім. Өзімді қойшы, баламның бақыты үшін бәріне көнемін ғой, бірақ ел-жұрт не дейді, ағайын-туыс қалай қабылдайды? Осыны ойлап әбден дегбірім қашты. Бірақ баламның әлгі қызды шын сүйетіні көзінде тұрған еді. Сондықтан інілеріме мән-жайды түсіндіріп, ешқандай у-шусыз Аңсарды Мықтыбектің қызына үйлендірдік. Қанша жылдан кейін бұрынғы күйеуімді қайта көрдім. Ол соңғы жылдары арағын мүлде қойып, Шымкентте кіші қызымен бірге тұрады екен, әйелі қайтыс болыпты.


Сонымен бұрынғы күйеуіммен тағдыр бізді қайта қосты. Бірақ Мықтыбек екеуміз құда болып табыстық. Мен қазір Аңсарымның екі құлыншағын бағып-қағып отырмын. Ұлым, келінім, немерем, бәріміз Алматы қаласында тұрамыз. Құдам Шымкентте, анда-санда, той-жиында кездесіп тұрамыз. Міне, тағдырдың маған сыйлаған сыйы осындай болды...»