«Жеңгем мені соттатпақшы болды»: ақтаулық азамат қарындасын қорғағаны үшін кінәлі болғанын айтады

0
1 444

«Тиген күйеуінен екі жылдан кейін ажырасып келді»


«Жеңгем мені соттатпақшы болды»: ақтаулық азамат қарындасын қорғағаны үшін кінәлі болғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тұзым жеңіл ме, әлде бәрін өз мінезімнен табам ба, әйтеуір бір бәлеге шатылам да жүрем. Турасын айтам деп туғаныма жақпай қаламын», - дейді Нұрлыбек есімді оқырманымыз.


Ақтаулық жігітті жеңгесі соттатпақшы болыпты. Оған себеп болған оқиғаның жай-жапсарын кейіпкер ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мінезім қызба, намысшыл жігітпін. Бұл әдет бала кезден бар. Мектепте талай мәрте балалармен төбелесіп келетінмін. Сонда да қайтпаймын, ертеңіне әлгі жігітті қайтадан төбелеске шақырып, ақымды алғанша тоқтамайтынмын. Қазір қайта аздап басылғам. Болмашыға жүйкемді жұқарта бермеймін. Бірақ мықтылар әлсіздерге күш көрсетіп жатса, онда жанынан құр қарап өте алмайды екем.


Мектеп бітірген соң ауылдас жігіттермен қосылып Астанаға аттандық. Құрылыста жалақысы жақсы жұмыс бар дегесін келгем. Үш жыл бір фирмада тапжылмай жұмыс істедік. Әлі де сонда жүрер ме едім, бірақ әлгі мінезімнен бас қаладан қуылдым.


Бірде жалақымызды алып, құрылыста істеп жүрген жігіттермен кафеге барғанбыз. Түннің бір уағы боп қалған, ас-суымызды ішіп, кафеден шығып келе жатсақ дәл алдында, жолдың бойында бір жігіт қызының қолынан жұлқылап, күшпен машинасына мінгізбекші.

«Тоқта, інім, қызды қайда апарасың? Мінгісі келмей тұр ғой, түсір бері» деп жандарына бардым. «Братан, жұмысың болмасын, араласпа» деп кеудемнен итеріп жіберді. Аздап сыра ішкенім бар, әлгінің сөзін көтере алмай қалдым. Жағынан бір ұрып құлаттым да, тепкінің астына алдым. Әлгінде ғана жігіттен құтыла алмай тұрған қыз көшені басына көтеріп бақырсын.

Ана жексұрынды тепкілеп жатқанда полицияның келіп қалғанын байқамаппын. Менімен бірге кафеден шыққан жігіттер зым-зия болған. Жалғыз өзімді полиция бөлімшесіне апарды. Жақтаған қызым жігітімен қосылып «жайдан-жай соққыға жықты» деп үстімнен арыз жазды. «Бұл менің жігітім, өзі келіп бізге тиісті» деп әлгі қыз да бет бақтырмады. Не керек, түрмеге түнеп шықтым. Ертеңіне мені қаладан кетпеу туралы қолхатпен босатты.

Бірақ әр екі-үш күнде учаскелік инспектор полиция бөлімшесіне шақырып, жұмыс істеуге мұрша бермеді. Қайта-қайта сұрана бергесін жұмыстың да мәні кетті. «Сен тірлігіңді тындырып болғанша келмей-ақ қойшы» деп бастығым жұмыстан босатты. Қайта әлгі полиция қызметкері Құдайға қараған адам екен. «Бауырым, қызбалыққа салынғаныңды түсініп тұрмын. Бұл қаладан кет. Еліңе бар. Мен әлгілерді үйтіп-бүйтіп көндірем» деп шығарып салды.


Ауылға «Астанадан қашып кеттім» деп баруға бет жоқ. Не де болса Алматыға барайын деп шештім. Алматыда әкемнің немере ағасының ұлы тұратын. Аталаспыз ғой, тегіміз де бір. Бірақ ағам мектепті Алматыда бітіріп, ауылға сирек баратын. Жұмыс қарастырып, пәтер тапқанша соның үйіне тұрайын деп бардым. Ағамның екі қызы бар. Екеуі де еркетотай екен. Тәрбиесі де, тілдері де орысша. Әрине менің үйінде тұрғанымды қарындастарым да, жеңгем ұната қоймады. «Қыздар, бұл сендердің ағаларың» деп ағам жалпақтап таныстырып жатыр. «Туған емес, алыс ағайын» деп жеңгем жағаласып кетті. Содан-ақ бұл үйге сыймайтынымды түсініп, көп кідірмей, ауылдас жігіттердің қасына пәтерге шықтым.


Істейтін жұмысымыз құрылыс болғасын, анда-санда, айлық тигенде жігіттермен сыралататын әдетіміз бар. Ылғи сондай кезде ұрынып қалам ғой. Алматыда да даудың астында қалдым. Бір күні жігіттермен кафеде отырғанбыз. Кафеге бір қыз бен жігіт кірді, қол ұстасып алған. Анықтап қарсам әлгі қыздың жүзі таныс. Туыс ағамның үлкен қызы екен. Алғашында ұялтпай-ақ қояйын деп отыра бердім.

Бір кезде жігіт қарындасымның телефонын жұлып алып, ақтара бастады. «Берші, не шаруаң бар» деп қарындасым шыр-пыр болды. Әлден уақытта жігіт қарындастың қолынан сүйреп, далаға алып шығып кетті. Не болды екен деп сыртқа шықсам, әлгі жігітсымақ әкіреңдеп, қарындасымды ұрмақшы. Қызда намыс жоқ, жалынып тұр. Күйіп кеттім.

«Аида, не істеп тұрсың жалынып, жүр, үйге апарып тастаймын» деп жандарына жақындап ем, әлгі жігіт ай-шайға қарамай жұдырық жұмсады. Қарап тұратын мен бе, сол жерде «ответка» бердім. Айғай-шу басталып кетті. Кафенің күзетшілері келіп ажыратты. Кім хабарлап үлгергенін білмейм, бес минут болмай полиция жетіп келді. Мені де, әлгі жігітті де патрульдік көлікке отырғызып, полиция бөліміне апарды.


Көп ұзамай жеңгем де жетті. Ағам іссапармен Таразға кеткен екен. «Қайным, рахмет, қарындасыңды қорғапсың» деп айтарын күткем. Сөйтсем... Қызының кім көрінгеннен таяқ жеп, намысы тапталып тұрғанын ойламады да. «Слушай, менің қызымның жеке өміріне араласатынсен кімсің. Қызым кіммен жүреді, кіммен қыдырады өзі біледі, сенің шаруаң болмасын» деп өзіме айқайлай бастады. Полициядағылар «туыс болсаңыздар арыз жазбай-ақ қоярсыздар» деген. Жігіт үндемей тұрса да, жеңгем «соттатам» деп, алған бетінен қайтпай, әлгі жігіт пен қызына арыз жаздырды. Олар кеткен соң полиция «туыс екенсіңдер ғой, сөйлес, арызын қайтып алсын» деп босатты.


Ертеңінде телефон арқылы жеңгеммен сөйлесіп, арызын қайтып алуын өтіндім. Қызының жігітпен көпшілік алдында сүйісіп отырғанын айттым. «Ол қызымның жігіті, жақында екеуі үйленеді» деп бет бақтырмады. Ақырында ағама айтып, арызды әрең алғыздым.


Бір жылдан соң қарындасым әлгі жігітке тұрмысқа шықты. Тойына бармадым. Бірақ екі жылдан кейін ажырасып, төркініне келіп қалыпты. Табалағаным емес, бірақ кезінде жеңгемнің менің намысыма тиіп сөйлегенін, туыстығымызға қарамай соттатпақшы болғанын әлі ұмыта алмай жүрмін...»