​«Өкшемді тілгілейтін»: көпбалалы ана күйеуін соттатып, «Аналар үйін» паналауға мәжбүр болған

0
1 712

«Қызымның психикасы бұзылды. Құр сүлдерін сүйретіп жүр»


​«Өкшемді тілгілейтін»: көпбалалы ана күйеуін соттатып, «Аналар үйін» паналауға мәжбүр болған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ редакциясына Гүлсім есімді келіншектен хат келді. «Аты-жөнім негізі басқа, қай қалада тұратынымды да айта алмаймын. Бірақ басымнан өткен жағдайды баяндап берейін деп отырмын. Менің өмірім біреулерге сабақ болса екен» деп бастапты әңгімесін.


Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған хат иесі қазір өзі тұратын қаладағы «Аналар үйін» мекендеп жүрген көрінеді. Не туыстан, не туғаннан қайыр көрмеген төрт балалы әйелдің жазбасын жариялауды жөн санадық.


«Күйеуім мені 20 жасымда алып қашты. Жүріп жүрген жігітім болмағасын «тағдырым осы шығар» деп көндім. Ол менен сегіз жасқа үлкен. Нағашы ағамның әскерде бірге болған досы екен. «Жап-жақсы жігіт» деп нағашым мамама мақтауын келтірген соң олар да менің бақытты болып кетеріме сенді.


Мені ұрып-соғуын бірінші баламыз дүниеге келгеннен бастады. Өзі ауылдан қалаға қатынап, құрылыста жұмыс істейді. Үйге аптасына бір келеді. Ал мен азаннан кешке дейін ата-ененің көз алдында, үй шаруасымен айналысып отырған әйелмін. Қайтсем сол кісілердің көңілінен шығамын деп тыным таппаушы едім.


Негізі үшінші баламыз дүниеге келгенше жап-жақсы өмір сүрдік. Күйеуім арасында ғана, той-томалақта ішіп алғанда ғана қол көтеретін. Бірақ қайтымы тез, ыдыс-аяқты қиратпай, шу шығармай ұйықтап қалатын.

Кейін, араға 12 жыл салып күйеуім күрт өзгерді. Құдайдың құтты күні ішіп келіп, балаларыммен қоса төбелейтінді шығарды. Өзі «жұмысқа кеттім» деп апталап жоқ болып кетеді. Есіне түскен уақытта үйге келеді де, «мен жоқта кіммен болдың» деп өлесі етіп сабайды. «Жезөкшесің» деп өкшемді шынымен кесетін. Қолымды шығарды. Тісімді сындырды. Бас та жарылды. Былайша айтқанда, мені тек өлтірмеді, бірақ басқасының барлығын көрсетті.


«Қатыныңа сенбесең қасында қарауыл болып отырсайшы» деп енем арамызға түсетін. Бұл кезде қайын атамыз өмірден өтіп кеткен. Ал күйеуім анасының сөзін құлағына да ілмейтін, тіпті адам орнына санамайтын. Содан оның күнде арақ «құшақтап» жүргенін көрген енем бір күні «сендердің күйіктеріңді көріп, өліп қалатын жайым жоқ» деп бізді үйінен қуып шықты. Атамыздан қалған үй енеміздің атына өткен еді. Ол кісі сол мезетте-ақ үйді күйеуден қайтып келген қайынсіңліміздің атына жазып бере салды.


Бұрын мені қызғанып ішетін күйеуім енді «мені өз шешем үйден қуып шықты» деп ішіп алып, зар-еңіреп отыратын болды. Мен шыдадым. 6 баламмен кімге керекпін? Қайда барамын? Осы жасымда ата-анамның, туған-туыстың бетіне қалай қараймын? Әлі де шыдап жүре берер едім, бірақ оның жауыздығы шыдамымды шегіне жеткізді.


Шілде айы еді. Әдеттегідей күйеуім ішіп келді. «Қойсайшы енді, бізді жазықсыз қыра беруден Құдайдан қорықсайшы» дегенімше болған жоқ, қақ шекеме ауыр жұдырығы келіп тиді. Үйде бірге болсақ топалаңның бітпейтінін түсініп, көрші әпкенің үйіне кетіп қалдым. «Таңертең ашуы басылған соң келемін» деп ойладым. Кетерде балаларыма далаға тапшанда төсек салып, жатқыздым. Тек үлкен қызым «Анашым, «жаңа қоныс» деген киноны көре тұрайыншы, сосын ұйықтаймын» деп рұқсат сұрады. Мен оған теледидардың алдында көп отырмауын тапсырып, кетіп қалдым.


Көрші әпкенің есігін қағып, оған бар жағдайды айтып бердім. «Жүр, екеуміз қарбыз жейік» деп үйіне шақырды. Бас-аяғы жарты сағаттай отырдық. Бірақ балаларымды тастап кеткеніме жаным тыншымады. Жатардан алдын ақырын барып, бір тексеріп келейін деп үйге бардым. Тапшанда кішкентай үшеуі ұйықтап жатыр екен. Бірақ үлкен қызым жоқ. «Мүмкін әлі теледидар көріп отырған шығар» деп үйге кірдім. Ол да сөндірулі. Бірақ біздің жатын бөлменің жарығы жанып тұр. Ойымда дым жоқ, қызымды іздеп кіріп қалсам...


Күйеуім тыр жалаңаш шешініп алыпты, қызым бір бұрышта, әкесіне қарай алмай, бүрісіп, дірілдеп отыр екен. Шошып кеттім. Әкесі өзінің кіп-кішкентай қызын зорламақ болыпты. Мені көрді де күйеуім сыртқа қашып кетті. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Қатты уайымдағаннан біраз уақыт есімді білмей отырып қалыппын. Кейін енемді, күйеуімнің бауырларын шақырып, жағдайды түсіндірдім. Жолдасым қашып кетті. Қаладағы құрылысына да іздеп бардық. Бір күн бұрын айлығын алған екен. Содан қайтып ат ізін салмапты. Ақырында полиция іздеу жариялады, 1 айдан басқа қаладан тапты.


Туған қызын зорлаған күйеуім сотталды. Енем үндемеді, бірақ бауырлары «Інімізді осы жағдайға өзің жеткіздің. Саған дейін тәп-тәуір адам еді» деп мені жазғырды. Бірақ кейін білгендей, ол бұрын, маған үйленбей тұрып қыз зорламақ болғаны үшін айыпталып, ақырында арызданушылардың кешірімімен жазадан құтылып кеткен екен. Яғни арада 15-16 жыл өтсе де әдетін қоймаған.


Күйеуімнің тірлігі ел-жұртқа әшкере болған соң қалаға көшіп кеттім. Пәтер жалдадым. Базар аралап жүріп асханаға ыдыс-жуушы болып жұмысқа тұрдым. Арасында сол базар ішіндегі дәретхананың еденін сүртіп, тазалап кетем. Кешке қарай тойханада ыдыс жудым. Әйтеуір балаларды аштан өлтірмеудің амалын жасап бақтым. Тапқанымнан күнде тиындап жинап пәтерақыны төлеп қоятынмын.


Күндіз-түні көше кезіп, жұмыс істеп жүргенде балаларымның тоз-тозы шығып кетті. Өзімнің де денсаулығым сыр беріп, қатты ауырдым. Емделейін деп жергілікті емханаға барсам «медициналық сақтандыруыңыз жоқ, сізге тек ақылы қызмет көрсете аламыз» деп қайтарды. Қайсыбірін айтайын, пәтерден шығарып жіберді, далада қондық. Тағы жұмыс, тағы сырқат солай қайталана берді. 2 жылдың ішінде не көрмедім? Ауыл, аудан, қала, облыс әкімдігіне дейін бардым. «Көпбалалы анамын, жалғызбасты анамын, менің баспанаға кезегімді жылжытуды өтінемін» деп қағаз толтырдым. Жалындым. Еш нәтиже шықпады.


Ақырында бір жақсы адамдар «Аналар үйіне барсайшы» деп ақыл айтты. Қазірше алты ай уақытымыз бар. Алты айдан соң бұл жер де жатқызбайды, сол үшін емделіп, күш жинап, қайтадан пәтер іздеуіме тура келеді.


Ешқандай жұмыстан қорықпаймын. Қазір күнде жұмысқа шығып, ақша жинап жатырмын. Баратын туыстар жоқ емес, көп. Әпке-сіңлілерім жан-жақта тұрмысқа шығып кеткен. Күні кеше бір ағама барғанымда «Отбасыңда осындай жағдай болғанына өзің кінәлісің, өзіңе сол керек» деп қуып шықты. Бәлкім, мамам тірі болғанда құшағын ашып, қамқор болар ма еді. Ол кісі де қайтыс болған.


Менің тағдырым осындай. Ендігі тек балаларымның бақыты үшін еңбек етем. Ал басқа қыз-келіншектерге айтарым, бір жастыққа бас қоятын адамды жіті таңдап, тексеріп алыңыздаршы. «Тағдырым осы екен» дей салмау керек. Ішетін, шегетін адамның көзіне ештеңе көрінбейді. Сақ болыңыздар!»