«Отыздан асқан баламды әлі өзім асырап отырмын» - астаналық әйел бала тәрбиесіне көңіл бөлмегеніне өкінеді

0
829

«Үйленіп еді, ажырасып тынды. Мұндай еркек қандай әйелге керек?»


«Отыздан асқан баламды әлі өзім асырап отырмын» - астаналық әйел бала тәрбиесіне көңіл бөлмегеніне өкінеді

Сурет: drimtim.ru

«Адамның жасы ұлғайған сайын өмірден көргендері мен түйгендері сараланып, ой елегінен өткізуге уақыт та, ниет те жеткілікті болады екен. Өткенге ой жүгіртіп, «Осы кезге дейін не бітірдім? Жеткен жетістігім қайсы? Қай жерде шалыс басып, қателіктер жібердім?» деп ойланатын жасқа да жетіп қалыппыз» деп күрсінді ERNUR.KZ тішлісімен сыр шертіскен астаналық кейуана.


«Бар саналы ғұмырым тынбай еңбек етумен өтті. Атақтан да, абыройдан да кенде болмадым. Өз қажетімді өтей алатындай ақшам да жеткілікті болды. Бірақ өмірдің қызығы ақша, атақ, абыройда емес. Отбасы – ошақ қасын да ұмытуға болмайды екен.

Қазір жасым жетпіске таяп қалды. Денсаулығым күннен күнге төмендеп барады. Бұрынғыдай жас емеспіз. Бір күн сау болсақ, ертесіне ана жер, мына жеріміз мазалап, денсаулықтың да қадірін шын түсіне бастайды екенсің. Аяушылық тудырып не болмаса өзімді мүсәпір етіп көрсету ойымда жоқ. Тек өзегімді өртеген өкінішім бар.

«Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деп қазақ текке айтпаған. Мен болсам, кеш тұрмыс құрдым. Отбасын құруға ниетті азаматтар болғанымен, тұрмыс құруға асықпадым. Бойымда тәкаппарлық болғанын да жасырмаймын. «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді» деген сөзді желеу етіп, сезімін білдірген жігіттердің көңілін қалдырғаным рас. Тұрмыс құрып, бала сүюді қаперіме де алмадым. Жасым қырыққа таяп қалғанда «бұлай жүре беруге болмас» деген ой келді. Сөйтіп өзімнен бірер жас кіші жігітке тұрмысқа шықтым.

Бастапқыда туыстарым да, құрбыларым да қарсы болды. Оларды тыңдамадым. Отасқан алғашқы жылдары алақанында ұстады. Баршылықта өмір сүрдік. Қаланың қақ ортасында үш бөлмелі, жайлы пәтерде тұрдық. Ол – өзімнің адал еңбекпен алған үйім болатын. Бірер жылдан кейін перзент сүйдік.

Менің мақсатым бақытты отбасы болса, күйеуімнің көздегені мүлдем басқа дүние боп шықты. Ол менің маңдай теріммен тапқан дайын дүниеме оп-оңай ие болып қалғысы келген екен. Бірнеше жыл ішінде маған ештеңені сездірмей, білдіртпей жүріп, үйді өз атына аударып алыпты. Сөйтіп, балам екеумізді қуып шықты.

Мұны білгенде төбемнен суық суды құйып жібергендей сезімде болдым. Бірақ, ары қарай қудаламадым. «Бар байлығым – балам. Денім сау болса, үй табылар» деп өмірімді сүре бердім. Тағы да тыраштанып жұмыс істедім. Баламды қатарынан қалдырмауға барымды салдым. Жалғызым деп еркелеттім. Аузынан шыққан әрбір сөз заң болатын мен үшін.

Бірақ, бұл қате тәрбие екенін кеш түсіндім. Өйткені, балаға «тәйт» деп, жақсы мен жаманның, болады мен болмайдының ара жігін ажыратып, түсіндіріп өсіру керек екен. Балам үшін мұғалімдерімен де ұрыстым. Оныкі дұрыс болсын, бұрыс болсын, бәрібір баламды аппақ қылып шығаратынмын. Барлық ана солай деп ойладым. Дегенмен, балаға қателігін жай сөзбен ұғындырып, үйретіп отыру керек екен.

Ал қазір қартайған шақта не онда, не мұнда жоқ баламмен әлекпін. Оқуын жарытпады, ақшасын төлеп оқытсам да, алып кете алмады. Қара жұмысқа да ебі жоқ. Соқталдай болса да, отыздан асқан баламды әлі күнге өзім бағып отырмын. Үйленіп еді, ажырасып тынды. Мұндай еркек қандай әйелге қажет?

Әкесінің қаны бар ғой бойында. Ол да кезінде дайын асқа тік қасық болып өмір сүруді қалаған еді. Оның үстіне тәрбие беруден ақсап қалдым. Ал қазір ұрыссаң да, жанына бататын ауыр сөз айтып жатсаң да, былқ етпейді. Қазіргі бар уайымым осы балам болды. Мен өмір бақи жанында жүрмеймін ғой, ары қарай бұл бала не болады?

Мысалы ұл-қызымыздың оқу үлгерімі, еңбекқорлығы әлде спортқа бейімдігі, т.б. қарай болашағын жорамалдап жатамыз. Үміт күттіретін әлде уайымға салатын бала болатынын әр ата-ана іштей сезеді, алдын алуға әрекетін жасайды. Ал мен ол туралы мүлдем ойланбаппын.

Өзімнің уайымымды айта отыра, сабақ алыңдар дегім келеді. Баланы жастайынан тәрбиелеп, жас шыбық секілді иіп, дұрыс бағытқа бұрып жіберіңіздер. Кейін кеш болып қалмасын».