​«Туған ағам "Кәрі қыз!" деп кекетеді»: аға-жеңгесінен қорлық көрген бойжеткен отбасындағы шындықты жайып салды

0
2 158

«Жеңгем анамды ұрып тастаған...»


​«Туған ағам
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әкемнің төрт інісі бар. Бір жеңгем «Сырғалым» деп атады. Екіншісі «Биші қыз», кейінгі екеуі «Бойжеткен» деп ат қойды. Обалы не керек, төрт жеңгем бетіме келген емес. Осы уақытқа дейін алдымды кеспей, үйіне бара қалсам төрінен орын ұсынып, бәйек болып жатады. Соларға қарап жеңге дегеннің бәрі бірдей болатын шығар деп ойлаппын. Сөйтсем, жеңгенің де жеңгесі болады екен. Өз жеңгем өксітіп жіберді», - дейді Гүлайым есімді тараздық қыз.


Оқиғаның жай-жапсарын Гүлайым ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Алдымдағы екі ағама арқа сүйеп, еркелеп өстім. Олар да мен дегенде ішер астарын жерге қоятын. Қорғанышым, сүйенішім болушы еді. Қазір отбасымыздың мейірімге бөленген сол шақтары аңыз секілді арманмен ғана айтылады.


Осыдан бірнеше жыл бұрын жоғарғы оқу орнының екінші курсында оқып жүрген кіші ағам анам екеумізге үйге келін алып келетінін айтты. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкеміз ерте қайтыс болды да, анам үшеумізді жеткізу үшін басын тауға да, тасқа да соқты. Істемеген жұмысы қалмаған. «Енді бейнеттің зейнетін көретін кез жетті. Анашым ыстық суға қолын малып отырады» деп қуанғам.


Анам да аянып қалмады. «Келін келеді» деп барын шашты. Көптен күткен той күні де келіп жетті. Жүктілігіне байланысты асығыс тұрмыс құрған жеңгем шаңырағымызға маңдайы торсықтай ұл алып келіп, бізді шаттыққа бөледі. Кішкентай сәбиге деген ықыласымыздың ерекшелігі сондай, інім жылай қалса барлығымыз ұйқымыздан атып тұрамыз. Есесіне жеңгем жылаған баласы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, әбіржіген емес. Мүсінінің сымбатын құртпау мақсатында баланы емізуден бірден бас тартты. Сондықтан анам екеуміз шақалаққа қатты бауыр басып кеттік. Анам ешкінің сүтін беріп, немересіне жел тигізбей өсіріп жатты.


Алайда шат-шадыман күндердің шырқы бұзыла бастады. Түнде ұйқымыз шала болған бізге жеңгеміз таңда тұрып шай қойып, үй шаруасына көмек беруге жарамады. Ыдыс жуылса, ас үйден сынған ыдыстың дауысы шығатын болды. Екі ұлымның қуанышына жинап жүрмін деген анамның қымбат ыдыс-аяқтары сынып бітті. Сол сәттерде анам келінге қарсы шықпауымды, қабақ шытып, артық сөйлемеуімді өтінді. Анамның өтінішін жерге тастамай, ештеңені сезбегендей, білмегендей жүре бердім.


Оның бәрін қоя беріңізші, жеңгем тіпті мен жаңа киім алсам, ағаларыма дәмді тамақ даярласам, соны да қызғанатынды шығарды. Менің алған сәнді киімдерімді көріп, өзіне де дәл сондай үлгідегі киім алдыртып жүрді. Бірақ, бір бала босанып, екіншісіне жүкті болған жеңгеме менің киіну стилім сәйкес келмейтін. Оны түсінетін жан қайда?


Мен де студент атандым. Сондықтан көбіне үйде бола бермеймін. Демалыс күндері үйдің тірліктерімен айналысып, балаға қарап, күндер өте берді. Сондай жексенбі күннің бірінде ас үйден шыққан айқайдан, әйел адамдардың ащы дауысынан шошып ояндым. Ақырын ас бөлмеге барсам, жеңгем анамды ұрып жатыр екен. Анам жеңгемнің тоқпағынан қорғанып жерде жатыр. Жеңгемді жұлып алдым да, шапалақпен жағына тартып жібердім. «Көргенсіз неме! Алай дәтің барды бұндайға?!» деп екеуміз алғаш рет қатты ұрыстық.

Артынан келген ыдыстың бірін анам байқаусызда қолынан түсіріп алған екен. Жеңгем соған шамданыпты. «Сен де менің талай ыдысымды сындырып жүрсің ғой. Көрсек те көрмегендей болып шыдап жүрміз. Келін болып дұрыстап шай беруді білмейсің» деп анам ішіне жинап келген өкпесін ақтарып салған ғой. Ақыры төбелеске ұласыпты.


Кешкісін мән-жайды ағама айтып едім, ол кісі бет бақтырмаған жеңгемнің сөзіне ғана сенді. Анам да ағама «ол мені ұрды» деп шағымданбады. «Мама, неге айтпайсыз?!» деп жылап ем, «Ит те болса баламның әйелі, немеремнің шешесі ғой. Жамандағаннан ол жақсарып кете салады деймісің? Балам екеуінің арасы суымасын дедім» деп түсіндірді.


Осылайша бір шаңырақтың астында берекесіз күн кештік. Мен жоғарғы оқу орнын бітірген соң, ағам маған «қашан тұрмысқа шығасың» деген сауалды жиі қоятын болды. Бұрынғыдай емес, сөздері тым суық. Екі сөзінің бірінде «кәрі қыз болмай тұрғанда үйден кеткен дұрыс» деп айта берді. Менің жақсы қызметке тұрып, анама әжептеуір қолқанат болғаным жеңгемнің қытығына әбден тиді.


Уақыт өте келе мен өзім өскен үйдің асханасына еркін кіріп, тамақ іше алмайтын халге жеттім. Мен ас ішкен ыдысты жеңгем жумай, бір жерге жинап қоятын. Кей күндері сындырып, тастай салатынды шығарды. Отбасындағы мұндай берекесіздікті көре беруден жалықтым. Тиынға тиын құрап жүріп, Алматыда тұратын үлкен ағамның көмегімен екі бөлмелі пәтер алып, анам екеуміз бөлек кеттік.


Ағам мен жеңгем демалыс күндері балаларды біздің үйге алып келеді. Оларды апта бойы сағынып күтеміз. Бірақ анама қол көтерген күннен бастап жеңгеме деген жүрегім тас болып қатқан. Содан бері оған бір ауыз сөз айтқан емеспін. Анам келінінен көңілі қалса да, баласы мен немерелері үшін барлығын ұмытқан.


Ағам әлі күнге дейін көрген сайын «Кәрі қыз, қалайсың?» деп кекетеді. Өз басым ағамның сол сөзді айтуына, маған деген пікірі мен пейілінің өзгеруіне жеңгемнің тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Әйтпесе біз бір шаңырақтың астындағы ағасы қарындасын қызғыштай қорғап, айрандай ұйыған отбасы болғанбыз. «Қашан тұрмысқа шығасың» деген сұрақ менің жанымды айтарлықтай жаралайды.

Кім өзінің бақытынан кешіккісі келеді? Мен де бала сүйіп, жар атануды қалаймын. Бірақ ойымдағы адам кезікпей жатқан жоқ па? Әлде ағамның сөзінен қашып, алғаш кезіккен адамның етегінен ұстап кеткенім дұрыс па? Тұрмысқа шығып кетсем, анамның күні не болмақ? Басым қатып кетті...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Сүйіктімнің наласы мен қарғысы тиді»: жас қызды жүкті етіп тастап кеткен азамат өкінішін айтты


«Күйеуімнің қарызын көңілдесім төлеп жүр»: алматылық келіншек құмар ойынын «кіріп» кеткен күйеуі жайлы айтып берді


«Сегіз жылдан бері өлі-тірі екенін білмейміз»: анасынан көз жазып қалған жігіт отбасында болған жағдайды айтып берді