«Мүмкін оларға қиындық көрсетпей өсірген өзіміз кінәлі шығармыз деп ойланам кейде...» дейді ол.
Фото: img.freepik.com
«Адамның жер бетіндегі негізгі міндеттерінің бірі – ұрпақ көбейту десек те, «қартайғанда қарайтын адам керек» деп баланы туады. Ең жаманы, кәрі ата-ананың 30-40 жастан асқан ұлдарын бағуы екен», - дейді түркістандық Шарапат есімді ана.
Оның екі ұл, үш қызы бар. Қыздары қыдырып келген сайын анасының қолына ақша ұстатып кетеді екен. «Күйеуің білсе ұят болады» десе, қыздары «Жоғары білімді сіздер әпердіңіздер ғой. Диплом болмағанда қазір күйеудің табысына қарап отырар едім. Жұмыс істеп жалақы алып жатсам, сіздердің де үлестеріңіз бар» деп, қоярда қоймай ақша беріп кетеді.
Ол қыздары туралы айтқанда көздерінен ризашылық байқалады, ал ұлдары мен келіндеріне келгенде қынжылысын жасырмады.
Ол кішкентайында қыздарын көп жұмсап, ұлдарын тым еркелеткеніне қазір өкінеді. Өкінішін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Ұлды да, қызды да төрт жыл ақылы оқытқанбыз. Студент оқыту оңай емес. Ата-ананың бұл еңбегін бағаламайтын да перзенттер бар ғой. Шүкір, қыздарым әке-шеше еңбегінің де, жұмыстың да қадірін біледі.
Қыздарым ата-енемен тұрады. Бала да тауып, жұмыс істеп жалақы да алып, үй шаруасына да үлгеріп жүр. Ал менің екі келінім не ақша таппайды, не тірлікті қатырып істемейді. Бала тапқандарын міндет етіп, бүкіл жауапкершілікті ұлдарымның мойнына асып қойған. Үйін таза ұстап отырса да мейлі ғой, жоқ шашылып, ыдыстары жайрап жатады. Қашан барсам, сериал көріп отырады. Қолдағы келін ата-енемен тұрған соң амал жоқ қимылдап жүреді. Бірақ ісі шала, көңілсіз істейді. Қыздарыммен салыстырам да қынжылам.
Келіндеріме ғана емес, екі ұлыма да қарап қарным ашады. Тым жалқау. Жұмыс істегісі келмейді. Қашан өз өмірлеріне жауапкершілікті қолға алар екен?
Мүмкін оларға қиындық көрсетпей өсірген өзіміз кінәлі шығармыз деп ойланам кейде. Өйткені үлкен ұлға әкесі екеуміз тойдан түскен ақшаға қосымша жинап жүргенімізді қосып ауылдан екі бөлмелі шағын үй сатып әпергенбіз. Ары қарай өзі үлкейтіп, жөндеп алады дегенбіз.
Қолдағы ұлдыкі – қара шаңырақ, ол да баспана алуым керек деп бас қатырмайды. Әйтсе де, жұрттың ұлдары үйі болса да қаладан жер алып, баспана салып әйтеуір алға ұмтылып жүр ғой. Біздің ұлдар жақсы өмірге қызықпайды. Тым болмаса тұрақты жұмыстары да жоқ. Әйтпесе екеуіне де диплом әпергенбіз.
Үлкені жалқау, жанаяр, қиналғысы келмейді. Кішісінің мінезі шатақтау, ортаға сіңіп кетуі қиын. Жұмысынан шығып қала береді. Не керек, екеуі де бірнеше жылдан бері жұмыссыз. Балаларының жәрдемақысымен күн көруде. Одан бөлек, күйеуім екеуміз зейнетақымызбен асырап жатырмыз десек те болады. Өйткені үлкен ұл картоп-пиязды, етті бізден ұрлап әкетіп жүр. Түнделетіп келіп, асханадан алып кетеді.
Екі-үш рет сыртынан көріп қалдым, үндемедім. Ит те оны таныған соң үрмейді. Асханадан азық-түліктің ұрланып жатқанын ешкімге айтпаймын. Өйткені кіші ұл ашуланып, екеуі жаға жыртысып қала ма деп қорқам. Келін естісе де ұят, ұл намыстанады. Сондықтан үндемеймін. Бірақ ол бұл әдетін қоймады.
Бірде ол менен ақша сұрады. «Мама, бала-шағамды асырай алмай жатырмын» деді. «Жұмыс істе» дедім, «Әйтеуір жолым болмай қойды. Бір күні ішіп кетпесем болғаны» дегенде ішім алай-дүлей болды. Мені қорқытқаны шығар, бірақ шынымен араққа салынып кетсе қайтем. Құрсын, одан кейін оған жұмыс ізде деп те айтпайтын болғанмын. Ал жақында ол түнде келіп қаппен көмір алып кетті. Осылай енді отынына дейін бізден алатын болған.
Мамандығы экономист, бірақ бұл салада ешнәрсе білмейді. Ілініп-салынып жүріп диплом алған. Онымен жұмыс істей алмайтыны бәрімізге аян. Баланы оқуға түсірерде оның қарым-қабілетіне де қарау керек екен.
Қазір ауылдың жасы да, кәрісі де Алматыда құрылыста істеп жатыр. Бірақ естуімше, қыстыгүні далада жұмыс істегендіктен «жылынайық» деп 100 грамм арақ ішіп алады екен. Соған тәуелді боп қалғандары бар. Басқа жұмыс қарастырдық.
Былтыр ауыл шетінен бір кәсіпкер мал фермасын ашты. Жұмыссыздың бәрі сол қорада малдың астын тазалап, шөбін салып бала-шағаларын асырап жатыр. Әкесі араға таныс салып, үлкен ұлды сол жерге жұмысқа тұрғызған еді. Жем ұрлап ұсталды. Кәсіпкер жігіт бала-шағасының қызығын көрсін, қатаң жазаламады. Жұмыстан шығарып жіберумен шектелді.
Ауылда басқа жұмыс жоқ. Еңгезердей азаматтың қол қусырып, үйде бос жатқаны болмайды. «Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп бекерге айтпаған ғой, жұмыссыз жүріп те бірдеңеге ұрынып қала ма деп уайымдаймын.
Міне, қарттық өмір осылай өтіп жатыр. Қазір біз тіріміз, ертең біз кетсек бұлардың күні не болады? Тым болмаса келіндер пысық болғанда, ұлдарым да жата бермес пе еді?!
Қыздарды жұмсай бергенше, ұлдарды кішкентайынан еңбекке араластырып үйрету керек екен. Өйткені отбасының асыраушысы – ұл бала. Осыны басқа ата-аналар ескерсе екен деймін»
Ұқсас оқиғалар:
«Әйеліме қарауға қорқамын»: ақтаулық азамат әйелінің түрінен шошынып жүргенін айтты