«Жәрдемақы үшін»: Түркістандық келіншек күйеуінен тығылып дәрі ішіп жүргенін айтты

0
1 340

Оның ел қатарлы жұмыс істеп ақша тапқысы келеді...


«Жәрдемақы үшін»: Түркістандық келіншек күйеуінен тығылып дәрі ішіп жүргенін айтты

Жасы енді ғана 27-ге толған келіншектің қазір бес баласы бар. Бірақ күйеуі оны місе тұтпай, тағы да туғанын қалайды. Мұны Замира (есімі өзгертіліп алынды) ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


- Шынымды айтсам, осы күнге дейін бес баламды бір жоспармен, шын қалауыммен туған жоқпын. Алладан да қорқасың ғой, көпсінбеймін. Бірақ не жаңа үйіміз, не күйіміз жоқ, бала тууды бірер жылға тоқтата тұру керектігін айтсам үйде кикілжің болады. Баяғы атам соққан ескі үйде тұрып жатырмыз, Ескінің аты ескі. Менің бала-шағамның да жаңа үйде жарқырап отыруға құқықтары бар шығар?! Ал жүктілікке қарсы тәсілдерді қолданайын десем рұқсат етпейді, - дейді Замира жыларман күйге түсіп.

Оның айтуынша, күйеуі тек есік алдындағы аз ғана малымен күнелтеді, басқа жұмыс істемейді, істегісі де келмейді. Ал биылдан бастап көпбалалаларға арналған жәрдемақы төлене бастаған соң тағы да бала тууын талап етіп отырған көрінеді.

- Осы жәрдемақы шыққаннан менің жүкті болуым керек екенін күнде айтады. Онсыз да 5 баламызға алып жатырмыз, қосымша атаулы әлеуметтік көмек те аламыз. Бірақ күйеуіме ол да аз сияқты. «Пәленше пәлен алады екен, бізде алайық» дейді. Тек ақша үшін балалы болғысы келетін сияқты, - деп мұңаяды ол.

Замираның айтуынша, осы күнге дейін мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Балаларын бірінен соң бірін босанып, солардың күтімі мен үй шаруасынан босамаған.


- Үй шаруасынан да, бала қараудан да бас тартпаймын ғой. Тек баланы да жоспарлап, оның да ертең жағдайын жасауға дайындық жасап барып өмірге әкелу керек емес пе?! Қазір ше? Ескі үйде бірінен соң бірі туған балаларым жұрттың жаңа үйіне қызығады. Елдің балалары сияқты жүргісі келеді. Бірақ тек жәрдемақыға қараған күн оңа ма? Қорамыздағы малдың бетіне қарап отырмыз. Әйтеуір, айран-сүтіміз бар, тамағымыз бар, - деген Замира жұмысқа тұрғысы келетінін айтты.

Бірақ жұмысқа шығып кетсе бала-шағасының күйі келіспей қалатынын ойлап тағы уайымдайды. Ал күйеуінің есік алдындағы малына қараудан басқа шаруамен айналысқысы, табыс тапқысы келмейтініне күйінеді.


- Ауылдағы өзі қатарлас еркектердің көбі кезінде Алматы, астанаға кетіп, ең жақыны Шымкентке барып жұмыс істеп ақша тапты. Айына-жылына келіп-кетіп жүріп-ақ ескі үйдің орнына жаңасын соғып алды. Қазір солардың бәрінің жағдайы жақсы. Сол көппен бірге баруын өтінгем мен де. Тыңдамады. Ол кезде екі баламыз, бір сиырымыз ғана бар еді. Әрдеңені желеулетіп істегісі келмеді. Енді қазір жәрдемақы деген тіпті жақсы болды. Соған сеніп мүлде шыққысы келмейді.


Замира енді балаларының болашағын ойлап уайымдайды. Әне-міне дегенше балалары мектеп бітіріп оқуға түссе қайтпек? Оны айтса, күйеуі «өздері жұмыс істеп табады ақшасын» деп бет қаратпайтын көрінеді.


- Ұрланып жүктілікке қарсы дәрі ішіп жүрмін. Ерегескенде тумаймын. Тек жәрдемақымен өмір сүргім келмейді. Кішкентайым өссе өзім жұмысқа шығып арманымдағы үйді салып, балаларымды оқытамын. Егер қоймай жатса, білмеймін..., - деп дүдамал күйде жүр көпбалалы келіншек.


Тағы оқыңыз:


«Берген баласын қайтадан тартып алды»: шымкенттік әйел жан жарасын айтты


Елордалық бойжеткенді таксист болғаны үшін жігіті тастап кеткен