Саяхаттың сәтті өтуіне ЖОЛДОРБАНЫҢ ДА әсері болады

0
4 454

Жолдорбаның сапалы болуы мен дұрыс жасақталғаны өзіңізге жақсы.


Саяхаттың сәтті өтуіне ЖОЛДОРБАНЫҢ ДА әсері болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көптеген саяхатшылар жолдорбасын жинайтын кезде «қалай дайындасам дұрыс болар екен?» деген сұрақпен бетпе-бет келеді. Негізінде саяхатқа қажетті жүкті қолайлы етіп жинаудың бірнеше әдістері бар. Оны білген ешкімге артықтық етпес.


Сапарды алдын ала жоспарлау қажет

Кез келген саяхатшы жолдорбасындағы бос орындарды тиімді пайдалануды білгенімен, сапарын алдын ала дұрыс жоспарлай алмаса, қажетсіз заттарды да өзімен бірге алып, өкініп қалуы мүмкін. Сондықтан жолдорбаңызды жасақтамас бұрын біз ұсынған кеңестерге құлақ асқаныңыз абзал.


Баратын жердің климатын зерттеңіз

Саяхатының сәтті өткенін қалайтын тәжірибелі туристер алдымен баратын жерін толықтай зерттеп алады. Сол зерттеулердің арасында бетке алған бағыттың климаттық ерекшеліктері мен ауа райы да болуы қажет. Әйтпесе, чемоданыңызға жинап алған кейбір киім-кешек пен заттарды саяхатқа құр босқа арқалап барып, еш пайдаланбастан қайта көтеріп қайтуыңыз ықтимал. Өйткені, саяхатқа шығудың ең маңызды ережесі – қажетті заттарды ғана алып бару.


Барған жерде де бұл заттар болуы мүмкін

Күнделікті тұрмысқа қажетті шаш кептіргіш, сусабын сынды заттар өзіңіз саяхаттап барған жердегі қонақүйде де болуы әбден мүмкін. Сондықтан, қонақүйден орын алар кезде ұсынылатын қызметтерді егжей-тегжейлі анықтап алу қажет. Өйткені, жолға шыққанда кез келген заттың салмағы екі есе «ауырлайтынын» ескерсек, бұрыс әрекетіңіз үшін бармақ тістеп қалуыңыз ғажап емес.

Тізім жасаңыз

Тоқетерін айтсақ, біз айтқан кеестер бойынша өзіңізге қандай заттар керек екенін ұсақ-түйегіне дейін анықтап, тізім жасап алыңыз. Сонда, «қап, мына затты ұмытып кетіппін» деп өкініп жатпайсыз.


Қандай жолдорба таңдау қажет?

Жолдорба сапарыңыздың қолайлы болуына және қажетті заттарңызды толықтай алып жүруге елеулі әсерін тигізеді. Сондықтан дүкеннен чемодан сатып алар кезде мыналарды есте сақтаңыз:

  • Ең алдымен беделді әрі сапалы заттар өндіретін брендтерді таңдаңыз.
  • Жеңіл чемодан алған дұрыс. Себебі, мұндай жолдорбаларды тасымалдау оңай болады және әуежайда жүктің салмағы үшін қосымша ақы төлеу қажет болмайды.
  • Берік әрі ылғал өмпейтін материалдан жасалған чемодан заттарыңызды зақымданудан сақтайды. Дегенмен, мұндай жолдорбаның салмағы басқаларына қарағанда ауырлау және оған заттарды жинау қиынырақ болады. Егер, заттарыңызға мұндай қорғаныстың қажеті болмаса, материалы жұмсақ әрі жеңіл чемодан алған абзал.


Заттарды жинау бойынша кеңестер

Жолдорба сатып алғаннан кейін, оған заттарды жинау мәселесіне келіп тірелеміз. Ал, біз ұсынып отырған кеңесер чемоданға көп затты тиімді түрде жинауға көмектесе алады:

  • Аяқ киім мен басқа да ауыр заттарды доңғалаққа жақын жерге орналастырып, орын үнемдеу үшін шұлық сынды майда-шүйдені аяқ киімнің ішіне салып қою қажет;
  • Киімді мұқият бүктеңіз, бірақ өзіңізбен алып жүретін затыңыз аз болса, мүмкіндігінше чемодандағы кеңістікті толтыратындай етіп жинаған жөн. Сонда жүк салмағы жолдорбаның әр бөлігіне теңдей түсіп, қызмет ету мерзімі де ұзара түседі;
  • Оңай сынуы немесе бүлінуі мүмкін заттарды мүмкіндігінше киімге орап салыңыз;
  • Ішкиімдер мен басқа да ықшам заттарды жолдорбаның қосымша қалталарына салыңыз.


Жалпы, жолдорбаның сапалы болуы мен дұрыс жасақталуы да саяхаттың сәтті өтуіне ықпалын тигізеді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ҚЫСҚЫ САЯХАТ: Туристер неге Үндістанда демалуға құмар?


Туристер үшін ЕҢ ҚАУІПСІЗ ЕЛДЕР анықталды