Ташкентке БІР-ЕКІ КҮНДІК сапар: Қанша АҚША керек? Не көріп ҮЛГЕРЕСІЗ?

0
318

Біз үшін ыңғайсыздық туғызған бір нәрсе болды. Бұл – ...


Ташкентке БІР-ЕКІ КҮНДІК сапар: Қанша АҚША керек? Не көріп ҮЛГЕРЕСІЗ?

Қала құшақ жая қарсы алды. Күн жылы, көңіл-күй керемет. Көрікті қаланың көркін одан сайын ашып жіберген сияқтымыз ба, қалай?

Ташкентте туристік орындар өте көп. Бір жақсысы, аралары жақын, басым көпшілігі бір көше бойында орналасқан.

Келіншегім кәріс мәдениетінің фанаты, сондықтан бірінші кезекте Сеул саябағына тарттық. Оңтүстік кореялықтар салған кешенді тұтас бір кәріс ауданы дерсің. Ойын-сауық орталығы, дүкендер мен тамақтану орындары, басқа да көз тартар, көңіл қызығарлық дүниелер толып тұр. Ғимараттардың фасады, өзен мен көпір, қосымша безендіру нағыз корей афмосферасын сыйлайды. Бір сәтке Өзбекстанда жүргеніңді ұмыттырып, Сеулде саяхаттап жүргендей сезім туады. Қысқаша айтқанда, «бір саяхат – екі ел» әсерін бере алды.

Ары қарай сәл өтсеңіз, сиқырлы «Magic City» кешеніне кіріп келесіз. Диснейленд үлгісімен салынған бұл саябақпен көпшілік ғаламтор арқылы жақсы таныс. Сондықтан көп тоқталмасам да болар. Бір айтатыным, сәулеті, көрінісі, олардың беретін әсері – бәрі тура ғаламторда суреттелгендей, сиқырға бергісіз.

Акванариум, балауыз мүсіндер мұражайы, ботаникалық бақ, биші субұрқақ, Ташкент сити саябағы, Чорсу базары – бәрін көруге асығып бардық, әлбетте. Көрдік, көңіліміз толды. Тағы да айтайын, бұл орындар жайлы көп жазбаймын. Себебі, оқығысы келген адамға ғаламторда ақпарат көп, жеткілікті жазылған, суреттелген. Қалғаны тек өз аяғыңызбен келіп, көзбен көріп, қолмен ұстап, нағыз әсерін бойыңыздан өткізу, өзіңізге өлшеп көру және әрине, естелікке суретке түсу. Айтса – айтқандай-ақ, еш жалғаны жоқ, боямасы аз, келуге тұрарлық нысандар.

Асқазанның қамын қай уақытта ойласаңыз да, кез келген тұста таяқ тастам жерден тамақтану орнын табасыз. «Тағамдары қандай екен?» деп бас қатырмасаңыз да болады. Себебі, Ташкенттегі қоғамдық тамақтану орындарының бәрінің дерлік тағамдарының дәмі тіл үйіреді. (Немесе, мен үнемі ең дәмді жерлерге тап келемін)

Өзбек асханасының сан түрлілігі мен аспаздардың шеберлігі әлемдік әфсанаға айналған. Әсіресе, палауы мен самсасы танымал. Бірақ, жергілікті тұрғындардың айтуынша, 24 сағат бойы қайнап тұратын нарын мен шурпаның татымы одан асып түсетін көрінеді. Бірақ біз бұл төртеуін де жемедік. Аузының суы құрып айтқанын тамсана тыңдап алдық та, кәуап пен балық филесін байқап көрейік деп, тапсырыс бердік. Оған өкінген де жоқпыз, дәмділігі жағынан алдыңғы айтылғандардан еш кем түспеді. Өбек ұлтының әйел-ер деп бөлінбей, ас-тағам дайындауға жанын салатын аспаздық шеберлігіне бұрыннан тәнтімін.

Көршілес елдің орталық шаһарына сапар ойымыздан шықты. Декреттік демалыста отырғанына жылдан асқан жұбайымның көңілі серпіліп, осындай демалыс сыйлаған өзіме риза боп мен де желпініп қалдым.

Біз үшін ыңғайсыздық туғызған бір ғана нәрсе болды. Бұл – такси қызметіндегі көліктердің жүксалғышына жүк сала алмау. Ташкент тұрғындарының басым көпшілігі отандық шағын автокөлікті тізгіндеген. Оған газ орнатып, баллонды жүксалғышқа жайғастыру арқылы өзі аз ғана орынды одан сайын тарылтып жіберген. (Осы тұста газ бен жанармай құны біздегіден 2-3 есе қымбат екенін айта кету керек шығар). Баламның қоларбасын жүксалғышқа жайғастыру – шаһарда өткізген екі күнде ең көп бас қатырған мәселем болды. Сондықтан, егер Ташкентке отбасыңызбен сапарлағыңыз келсе және үлкен сөмкелер, қосымша жүк не қоларба сынды көлемді бұйымдарыңыз болса, осы тұсын ескерерсіз.

Ташкентке бір-екі күндік сапар басқа елге бір апталық саяхатпен пара-пар екен дестік. Әсіресе, қазіргідей ауа райы жайлы маусымда. Суға шомылып, құмда қыздырынбайтының болмаса, шаһардың тарихи демімен тыныстау, заманауи бет-бейнесін қызықтау – рухани, мәдени және эстетикалық азық. Өзгені қайдам, өзіміз «тойып» қайттық. Тынығып та үлгердік.

Ташкент – сауда-саттық қаласы. Десе де, көп нәрсе қолжетімді, қалтаға салмағы аса ауыр емес. Өз көңіліміздегі демалыс үшін үш адамға екі күндік шығын – жүз мың теңгеге жетеқабыл. Әрине, қаражат шығыны әркімнің талғамы мен таңдауына қарай құбылады.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ШЕТЕЛДЕ ақшаң ҚАЛТАДА болғаны жақсы ма, КАРТАДА ма?

ШЕТЕЛГЕ шығарда мұны БІЛМЕСЕҢІЗ, аэропорттан КЕРІ ҚАЙТАРАДЫ