Ұры-қарыдан осылай сақтану керек! Туристерге ӨТЕ ПАЙДАЛЫ лайфхактар

0
6 783

Ғаламтор беттерінен көптеген мемлекетті шарлаған туристердің әртүрлі қалалар мен елдердегі ұрлық туралы жазған әңгімелері жиі кездеседі. Бұл кез келген туристті алаңдататыны анық. Дегенмен, қай жерде жүрсеңіз де өзіңізді ондай келеңсіз жағдайлардан қорғауға болады. Ол үшін біз ұсынған тәсілдерді мұқият қарап шығыңыз.


Ұры-қарыдан осылай сақтану керек! Туристерге ӨТЕ ПАЙДАЛЫ лайфхактар

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Әр танымал туристік аймақты міндетті түрде алаяқтар мен қарақшылар торуылдап жүреді. Олар туристердің сөмкелерін жыртып, қалталарына қол салып ақшасын ұрлайды немесе басқа да тәсілдермен қорқытады. Иа, қазір көптеген туристік аймақтарда арнайы тәртіп сақшылары бар. Ол туристер үшін жасалған қамқорлық. Бірақ, сонда да ілуде біреуі қақпанға түсіп қап жатады. Ал, сақтық үшін мына кеңестерге құлақ асқан жөн.


1. Сөмкенің орнына – рюкзак

Рюкзак –бұрын барып көрмеген жеріне саяхат жасайтындар үшін өте керекті зат. Ыңғайлы ішкі қалталары бар, біраз жүк сиятын, кең спорттық модель ең қолайлысы. Өйткені, танымал қалалардағы қарақшылар көбіне туристердің қолындағы бауы қысқа сөмкелерді оңай жұлып алып, қашып кетеді. Ал қос иыққа тағылатын рюкзакты жұлып алу оларға қиындық тудырады. Сондай-ақ рюкзакпен жүру ыңғайлы. Өйткені, оған барлық заттарды салып, қолды бос қойып, еркін жүруге болады. Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын жерлерде рюкзакты кеудеге асынған дұрыс және белбауын байлап алу қажет.


2. Жұмсақ тоқыма әмиян

Қолтырауынның терісінен тігілген әмиян болса да, оны саяхатқа алып шықпаған абзал. Өйткені ондай құнды заттар туристер көп баратын сауда, демалыс орындарында жемтігін күтіп жүретін қасқыр қарақшылардың көзіне бірден түседі. Сонымен қатар, материалы қатты әмиян сөмкені жыртқанда қолға оңай ілінеді. Сондықтан сәнді де қымбат әмиянның орнына арзан тоқыма әмиянды қолданған дұрыс. Сонымен қатар, саяхатқа шыққанда қатаңыздағы немесе сөмкеңіздегі әмиянды дембіл-дембіл тексеріп тұрыңыз. Ол аз десеңіз, қолма-қол ақшаның басым бөлігін сенім жерге жасырып немесе банк карталарына салып қоюға болады.


3. Чемоданға құлып салыңыз

Кейде қонақүй меймандары «қызметкерлер сөмкені тонап кетті» деп шағымданып жатады. Бірақ нақты дәлелі болмайды. Соның әсерінен дау-дамай туындап, іс тіпті сотқа дейін барып жатады. Ал ол өзге елде жүрген туристке қаншалықты тиімді? Әлбетте, көптеген уақыты мен қаржысын құртады. Сол себепті чемоданыңызда қарапайым сыдырғы болса, құлпы барын алатындай немесе құлып салатындай амал жасап көріңіз.


4. Бейтарап киім

Тәжірибелі қарақшылар қымбат брендті киімді оңай ажыратады және олардың түсінігінде қымбат киінген адамның ақшасы көп болады. Сондықтан, саяхатқа шыққанда қаржылық жағдайыңызды көрсетпегеніңіз жөн. Сіздің мақтаншақтығыңыз түбінде алаяқтардың сізге деген қызығушылығын арттыратынын естен шығармаңыз. Ең дұрысы – арзан дүкендерден қарапайым киімдерді сатып алу және бағалы бұйымдарды көп көрсете бермеу.


5. Төлем жасау кезіндегі ұқыптылық

Ұрлықтың көбі сатып алушы қандай-да бір төлем жасағаннан кейін орын алады. Қалтақағарлар құрбандарын кассалардың жанында күтіп, әмиянды қайда салып жатқанын бақылайды. Осы сәтте сіз басқа нәрселерге алаңдамай, әмиянды сенімді жерге жасыруыңыз керек, әсіресе жақын жерде күмәнді адамдар болса. Ал, біреу жаныңызға жақындап тұрып алса және ол күдік тудырса, төлемді картадан жасаған дұрыс.


6. Есепшотты тексеру

Кейбір мейрамханалар мен қонақүйлердегі есеп сіз күткеннен басқаша, яғни көп болуы мүмкін. Мәселен, кафедегі даяшылар әр тағамның құнына 1-2 доллар қосады, ал қонақүй қызметшілері көрсетілмеген қызметтерді енгізіп қояды. Бұл әдіс әр турист табыс объектісі ретінде қарастырылатын дисфункционалды елдерде кең таралған. Ал, алдаудың алдын алу үшін кафедегі тамақтың бағасын есте сақтаңыз немесе мәзірді суретке түсіріп алыңыз, сонымен қатар қонақүйдегі қызметтер мен бағасын біліп, есепшотты мұқият тексеріңіз.


7. Жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас

Көптеген елдерде алаяқтар туристерді алдау үшін арнайы әдістерді қолданады. Мсыалы, көшеде немесе барларда тартымды адамдар жалғыз отырған ерлер мен әйелдерге жақындап, таныса бастайды. Содан кейін кафеге немесе клубқа шақырып, қонақ қылмақ ниетте тамақ пен ішімдікке тапсырыс береді. Ал, төлейтін кез келгенде ізін жасырып, қашып кетеді. Сосын, аңғал турист бәрін өзі төлеуге мәжбүр болады. Кейде өзге елде жүрген адамдарға жергілікті тұрғындардың көмегі керек болады. Мұндай кезде орта жастағы ерлі-зайыптыларға хабарласқаныңыз жөн. Сондай-ақ, өзге елдің адамдарымен көңіл қосу өте қауіпті.

Сондай-ақ, көшедегі бейресми таксилерді тоқтатпаған абзал. Оның соңы қиын жағдайға ұласуы мүмкін. Кей сәттерде бір-екі доллар үшін аянып қалмай, ақыл-ойды іске қосқан дұрыс.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


VIII ғасырдан бері САУДАСЫ ҮЗІЛМЕГЕН базарды білесіз бе?


Туристер НЕ ҮШІН Дубайға саяхаттағысы келеді?