Шымкент қаласында 11 мамыр күні үйлердің бірінде егде жастағы әйелдің 7 жерінен пышақтап кеткен. Өкінішке орай, көршілері жедел жәрдем шақырғанымен оның өмірін сақтап қала алмаған.
иллюстрациялық фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден
Шымкентте 11 мамыр күні кешкісін көп қабатты үйлердің бірінде подъезде белгісіз біреу әйел адамды пышақтап кеткен - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Көршілерінің айтуынша, қаскөй әйелдің 7 жерінен пышақтап тастаған екен. Бір жарақат тура жүрегіне сұғылған көрінеді. Жанталаса подъезде көршілерінің есігін қаққан әйелге көршісі дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда ақ халаттылар 55 жастағы әйелдің өмірін сақтап қала алмаған. Марқұм ауруханада көз жұмған. Марқұм әйелдің жалғыз қыз перзенті болған. Қызы, күйеу баласы мен үш немересі күн сайын хабарласып, келіп жағдайын біліп тұратын дейді көршілері. "Кім және не үшін мұндай айуандыққа барғанын түсінбеймін. Үйге, яғни подъезге кіргенде марқұм көршімнің қолында сөмкесі болған. Кейін сөмкесі жоқ. Ақша үшін сөмкесін тартып ап пышақтады ма деп те ойлаймын. Не десе де ақылға сыймайтын жауыздық. Күдіктіні бейнебақылау камераларынан тек арқа тұсын ғана көрдік. Полицейлер құрықтап, жазасын алады деп үміттенемін "-дейді көршісі.
Кешқұрым әйел үйіне қайтып келе жатқан. Сөмкесінде қомақты ақша мен алтын бұйымдары болуы мүмкін деген болжам бар.
Күдіктіні тәртіп сақшылары құрықтады. Қазір қамауға алынған.