Шымкент саябақтарындағы аттракциондар қауіпсіз бе?

0
4 365

Шымкет қаласында атракциондар мен батут орналасқан бірнеше саябақтар бар.


Шымкент саябақтарындағы аттракциондар қауіпсіз бе?

Шымкент қаласында орналасқан аттракциондар мен батуттардың техникалық қауіпсіздік жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі танысып қайтты.

Оған себеп те жоқ емес. Күні кеше Қарағандыда қатты желдің салдарынан аударылып кеткен үрмелі батут бір баланың өмірін жалмап, тағы екі бала ауруxанаға түскен болатын. Бұл жағдай бала өсіріп отырған әрбір ата-ананың көкейінде үрей ұялатқаны анық. Алда 1 маусым - Халықаралық балалар күні келе жатқанын ескеріп, Шымкенттегі арнайы балалар ойын алаңшасы орналасқан бірнеше саябақтағы аттракциондардың жағдайымен танысқан болатынбыз.



Қала орталығында орналасқан «Қиял әлемі» техносаябағы бүгінде өз есігін ашып, жұмысына кіріскен. Ондағы аттракциондардың жағдайын білу мақсатында жауапты қызметкерімен жолықтық.



«Аттракциондардың қауіпсіздігі күніне 3 рет тексеріледі. Күнде таңертең аттракциондардың қауіпсіздігінің маманы және механиктер бірлесе отыра әрбір аттракционды тексереміз. Егер де ол аттракцион қауіпті болып танылса, оның жұмысын тоқтатамыз. Жөндеуден өткенге дейін оны жауып тастаймыз. Бізде үрмелі батуттың бір данасы бар. Оның қауіпсіздік жағынан ешқандай қорқыныш жоқ, күнделікті тексеріледі, байланады, іске қосарда барлық жағынан тексерулерден өтеді. Егерде желдің күші секундына 5-10 метр жылдамдықта болса батутты жауып тастаймыз», - дейді «Қиял әлемі» техносаябағының әкімшісі, аттракцион қауіпсіздігін қадағалау маманы Бақытжан Данияров.



Бұл - Шымкенттегі Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасқан «Жайлаукөл» саябағы. Мұнда балалар аттракциондарынан бөлек, экстремалды аттракцион және де көл бетіне жүзу катамарандары бар. Экстремалды аттракцион қызметіне тәжірбиелі мамандар сол салада кемі 3-4 жыл тәжірибесі бар 8 қызметкер жұмыс жасайды. Оларға қауіпсіздік ережелері бойынша оқыту жұмыстары жүргізіліп отырады екен. Ал, көлде арнайы моторлы қайықта құтшарушы топ жұмыс жасайды. Сондай-ақ олар құтқару жакетімен қамтамасыз етілген. Катамаранмен жүрген демалушыларға қауіпсіздік ережелерін сақталуын қадағалап жүреді. Сондай-ақ, келушілерге арнайы құтқару жакеті беріледі екен.



«Біздің саябақ ашылмас бұрын 2 сағат бойы бас механик пен электрик және де атракционға жауапты қызметкер күнделікті қарап шығады. Азанғы уақытта тексеріп шығады, ал кешке адам көп болады, сол кезде мамандар аттракциондардың жұмысын жіті қадағалап жүреді. Олар аттракциондардың дұрыс қосылып, балалардың сақтандыру баулары дұрыс байланып жатыр ма, аттракцион дауысы жоқ па, ол дұрыс істеп жатыр ма, бәрін қадағалайды. Егер олардың көңілдерінен шықпай қалған жағдайда ол аттракцион сол уақытта тоқтатылады. Бізде бір үрмелі батут бар.Оған 10-12 бала мінгізіледі. Желдің жылдамдығы секундына 10 метрге жететін жағдайда батут жұмысы тоқтатылады», - дейді «Жайлаукөл» саябағының әкімшісі, жұмыс басқару қызметкері Асылбек Абдуллаев.

Алда 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні келеді. Бұл күнде Шымқаланың кішкентай тұрғындары саябақтарда серуендеп, асыр сала ойнағысы келетіні анық. Мереке күні әрбір ата-ана да баласын аттракционға отырғызудан бұрын қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, назарынан тыс қалдырмағандары абзал.

Суреттер: ERNUR.KZ