Оқу ордасындағы Қоғамдық кәсіптер даярлау орталығында 2016 жылдан бастап 9 үйірме ақысыз жұмыс істейді.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болып, білім шаңырағының ұстаздар қауымымен жүздесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесу аясында Шыңғыс Жұмабекұлы ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаевамен және оқу ордасының ұстаздарымен университеттің жетістіктері, алдағы жоспарлары, сондай-ақ білім сапасын арттырудағы мұғалімнің рөлі туралы пікірлесті. 80 жылдан астам тарихы бар оқу орны бүгінде еліміздің оңтүстік өңіріндегі жаңа формациядағы педагогтер даярлайтын жетекші оқу, ғылыми, әдістемелік және мәдени орталықтардың қатарына кіреді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары университетті аралау барысында үйірмелердің жұмыс барысымен танысты. Оқу ордасындағы Қоғамдық кәсіптер даярлау орталығында 2016 жылдан бастап 9 үйірме ақысыз жұмыс істейді. Қазіргі қашықтан оқыту бойынша 150 студент үйірмеге қатысады. Жалпы 500-ге жуық студент үйірме мүшесі атанған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ОҚМПУ-дағы 6 факультетте 23 мамандық бойынша 5 мыңнан астам студент білім алуда. Университетте 19 кафедрада жалпы саны 354 адам, оның ішінде 262 штаттық оқытушы жұмыс істейді. Олардың арасында 20 ғылым докторы, 158 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы және 65 ғылым магистрі бар.