ШЫМКЕНТ: Ұлағат шағын ауданын кәрізбен қамту жыл соңына дейін аяқталады

0
502

Қазіргі таңда 18,3 шақырымға кәріз жүйесі жүргізіліп, жұмыстың 40 пайызы орындалған.


ШЫМКЕНТ: Ұлағат шағын ауданын кәрізбен қамту жыл соңына дейін аяқталады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов елді мекендерді кәріз жүйесімен қамту барысын тексеру мақсатында Ұлағат шағынауданына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазір шағынаудан тұрғындарына кәріз жүйесін тарту мақсатында құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Ұзындығы 40,9 шақырым болған жүйе 2 248 абонентке лайықталған.
Қазіргі таңда 18,3 шақырымға кәріз жүйесі жүргізіліп, жұмыстың 40 пайызы орындалған.
Өткен жылы құрылысы басталған нысанды пайдалануға беру мерзімі 2022 жылдың қарашасына жоспарланып отыр.
Құрылысты «Алемстрой-1» мердігер мекемесі жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, шағынаудан ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. Аумақтағы жалпы 53 көшенің 31-і асфалбтталған. 2022-2025 жылдар аралығанда 11 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.
Биыл шағынаудандарға кәріз жүйесін жеткізу үшін 14 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Оның 2-і магистралды кәріз коллекторы, біреуі кәріз сорғы станция (КНС) және 11 нысан елді мекендердің ішкі орамдық жүйесі. Жыл соңына дейін 6 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.