Іс-шара барысында Шымкенттік өнерпаздар мен Жамбыл облысының «Тараз» триосы жырдан шашу шашып, әсем әнді әуелетті.
Шымкент қаласында А.Асқаровтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған жиын 1979 жылы А.Асқаров іргетасын қалап, бүгінгі мегаполистің өкпесіне айналдырған дендрологиялық саябақта жалғасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іс-шара барысында Шымкенттік өнерпаздар мен Жамбыл облысының «Тараз» триосы жырдан шашу шашып, әсем әнді әуелетті.
Түркістан облысының құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлов пен Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев дендрологиялық саябақтың тарихын баяндады.
— 1978 жылы қаланың қоқыс полигоны орналасқан аймақты толығымен тазартып, оны қаланың жасыл желегіне айналдыруды қолға алды. Асанбай Асқаровтың өзі күндіз-түні жұмыстың басында жүріп, саябақ аумағын 7 секторға бөлді. Сөйтіп, әр секторға түрлі ағаштарды отырғызды. Қай бөлікте қандай ағаш отырғызылатынын, оларға қандай күтім қажет екенін мамандармен келісіп, өзі қадағалап жүретін, - деді И.Тұрсынқұлұлы.
Біртуар азаматтың 100 жылдығына орай дендрологиялық бақта 20-дан аса ағаш көшеті отырғызылды. 1979 жылы А.Асқаровтың өз қолымен отырғызған шынар ағашының қарсы бетіне қызы Жаннет Асанбайқызы мен Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Э.Қонаев шынар ағашын отырғызды. Ал, өзге көшеттерді Жамбыл, Түркістан облысынан келген делегаттар мен Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері отырғызды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев отырғызылған көшеттерді баптауды әрбір азамат өз жауапкершілігіне алып, кем дегенде жылына бір мәрте келіп тұруды ұсынды.
Айта кетейік, Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аталып өтуде. Айтулы жиын оның ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Сондай-ақ А.Асқаровтың 100 жылдыған орай Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» қойылымын сахналады.