Лекциялар – онлайн, зертханалық және практикалық сабақтар дәстүрлі форматта өтеді.
Шымкентте 1-курс студенттері аралас форматта білім алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетов мәлімдеді.
– Елімізде енгізілген карантин жағдайына байланысты жоғарғы оқу орындарындағы 2020-2021 оқу жылының көктемгі семестрінде санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтау бойынша тиісті нұсқамалар бекітілді. Аталған нұсқамаға сәйкес 1-курс студенттері аралас оқу форматында білім алады. Яғни, лекциялар – онлайн, зертханалық және практикалық сабақтар дәстүрлі форматта аудиторияларда 40 пайыздан аспайтын қатыстырылым бойынша жүргізіледі. Ал 2-3 курс студенттері үшін көктемгі семестр онлайн жүйесінде ұйымдастырылады, – деді Қайрат Еңбекшіұлы.