​Шымкентте 1 наурыздан бастап самокат-шеринг жобасы іске қосылады

0
2 666

Электросамокатты жалдау бағасы - минутына 30 теңге.


​Шымкентте 1 наурыздан бастап самокат-шеринг жобасы іске қосылады

Шымкент қаласында самокатты жалға алу жобасы іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласында 1 наурыздан бастап «Ozim Scooters» компаниясы әкімдік пен бірлесе самокат-шеринг жобасын іске қосуды жоспарлауда.

Бұл жоба әлемдік деңгейде кеңінен таралып келеді. Бүгінде Орта Азиядағы елдер ішінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылған. Атап айтатын болсақ бірінші рет Алматы қаласында орнатылған, екінші кезекте Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін қалаға 127 млн теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Сондай-ақ тұрақты 20 жұмыс орны ашылмақ.

Бүгінгі күні самокаттарға жылдам қызмет көрсету үшін қала орталығынан техникалық база дайындалуда.

Электросамокатты жалдау бағасы 1 минутына 30 теңгені құрайды, сондай – ақ абономенттер-апталық және айлық болып бөлінеді. Сонымен қоса, тұрақты пайдаланушыларға жеңілдіктер қарастырылған. Осы ретте Шымкент қаласының қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысының орынбасары Қоқанбаев Мұхтар электросамокатты жалдау бағасын 22 теңгеге дейін түсіруді ұсынды.

Аталған жобаның Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Миркемелов Мұраттың айтуынша, бірінші кезеңде 350 самокатты іске қосу жоспарланған. Алдағы уақытта 500-1000 самокатқа дейін көбейту жоспарда бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда қала аумағындағы ашылатын 30 бекеттің жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әр станцияға 10 самокаттан қойылады. Бұл жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашу қолға алынатынын баса айтып өтті.

Қызметті пайдалану үшін «OZIM» мобильді қосымшасына тіркелу қажет. Ол үшін ең алдымен App Store немесе Play Market -тен қосымшаны жүктеп алу қажет. Әр самокатқа бейнебақылау камералары мен GPS құрылғылары орнатылған. Самокаттар үнемі кеңсе операторларының бақылауында болады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында самокаттардың жылдамдығы сағатына 25 км дейін шектелген. Барлық самокаттар батареямен жұмыс жасайтын электр қозғалтқыштарымен жабдықталған.

Самокатты 18 жасқа толмаған адамдарға пайдалануға тыйым салынады. Егер тексеру кезінде қолданушының кәмелет жасқа толмағаны анықталса, онда бұл қолданушы бұғатталады. Тіркелу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың алдыңғы жағын суретке түсіру керек, сонымен бірге құжатпен бірге суретке түсу (селфи) қажет.