Бүгінге дейін жалпы 20 мың шаршы метр ойық-шұңқырлар ретке келтірілді.
Шымкент қаласында ішкі орам көшелері қалыпқа келтірілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Айта кетейік, Шымкент қаласында ұзындығы үш шақырымнан асатын үш көшеге асфальт төселді. Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары бойынша қаланың орталық магистралды көшелері ғана емес, аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Еңбекші ауданы Базарқақпа тұрғын алабының Кендала, Жастар, Тельман көшелері орташа жөндеу негізінде асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Тұрғын алаптағы жалпы көше ұзындығы 3,80 шақырымды құрайды. Жобалық сметалық құжатына сәйкес, барлық көшелерге қалыңдығы 10 см асфальт төселді. Айта кетейік, бүгінде 115 көшеде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қаладағы 150 шақырымнан астам көшенің жол сызықтары жаңартылған. Сонымен қатар, қаладағы ең маңызды көшелердің бірі саналатын Темірлан тас жолы бойындағы жол сызықтары мен жаяу жүргіншілер өткелі толығымен қайта сызылып, жаңартылды. Үшінші мегаполисте биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады. Жол таңба сызықтарын сызу түнгі уақытта жүргізілуде. Мұның өзі күндізгі уақытта көлік кептелісін тудырмау мен қозғалысқа кедергі келтірмеу мақсатын көздейді.