Көлік жүргізушісі полиция қызметкерінің талабына бағынғысы келмеген.
фото: видеодан скриншот
Әлеуметтік желіде Шымкент қаласының полиция қызметкері заң талабына бағынбаған жүргізушінің көлігіне жатып алып тоқтатқан сәтін бейнелейтін бейнежазба тарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталған жәйт туралы Шымкент қаласы Полиция департаменті түсініктеме берді.
Оқиға 2019 жылдың 5 сәуірінде Асқаров көшесінде орын алған. Volkswagen Passat маркалы № 527 CFA 13 автокөлігін басқарып келе жатқан Шымкент қаласының тұрғыны Сәрсенбеков Бейбіт Саябекович күндізгі уақытта жарық шамын қоспағаны үшін тоқтатылды.
Алайда, Сәрсенбеков полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай кетіп қалмақшы болған. Асқаров станциялық полиция бекетінің аға сержанты Қ.Байдаулетов ҚР ІІМ 2016 жылғы 11 қыркүйектегі № 127 бұйрығына сәйкес, автокөлікті мәжбүрлі түрде тоқтату шараларын қолданған. Оған қарамастан, автокөлік иесі полиция қызметкері қойған заңды талапты тағы бұзып, орнынан қозғалған.
ҚР «Құқық қорғау қызметі» туралы Заңының 61-бабы 1- тармағының 5-тармақшасына сәйкес атыс қаруын және өзге де қаруды көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтатуға тиіс.
Солайша полиция қызметкері автокөлік жүргізушісіне ескерту жасады. Сәрсенбековке қатысты ҚР ӘҚК –нің 602 бабы 1-тармағы бойынша көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң тәулiктiң жарық мезгiлiнде сыртқы жарық түсiру аспаптарын және (немесе) дыбыс сигналдарын пайдалану қағидаларын бұзуы және ҚР ӘҚК –нің 613 бабына сәйкес Ішкі істер органдары (полиция) қызметкерінің көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін хаттама толтырылды.