Сыбайлас жемқорлық: Шымкентте 200-ден астам комплаенс-офицер қызмет атқарады

0
425

Жыл басынан бері Департаментпен 2 мекеменің қызметінде сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді.


Сыбайлас жемқорлық: Шымкентте 200-ден астам комплаенс-офицер қызмет атқарады

Шымкент қаласы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 206 комплаенс-офицерлер қызмет атқаруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев брифинг барысында мәлімдеді.

«Бұл институт мемлекеттік органдардың ұйымдық-басқарушылық қызметіндегі және олар шығаратын құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жоюдың нақты тетігіне айналды. Жыл басынан бері Департаментпен 2 мекеменің қызметінде сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 56 ұсыным енгізілді», - деді Ж.Жұмабаев.

Ж.Жұмабаев брифинг барысында Департаменттің ағымдағы жылдың 5 айындағы қызметіне тоқталып өтті.

«Аталған кезеңде Департаментпен 65 қылмыс тіркелген. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігін парақорлық және жымқыру фактілері құрайды», - деді спикер.

Оның айтуынша, салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны денсаулық сақтау саласында – 24 және құқық қорғау блогында – 24 тіркелген.

«Бүгінде әрбір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың себептері мен алғышарттарын жою туралы ұсынулар енгізіліп, ұжымдарда қаралуда. Қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға 9 ұсыну енгізіліп, бүгінгі күнге оның 7-іқаралды. Тәртіптік жауапкершілікке 8 лауазымды тұлға тартылды», - деді Ж.Жұмабаев.

Сонымен қоса, жыл басынан бері өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 5 тұлға көтермеленген. Олардың сыйақы мөлшері 900 мың теңгеге жуық соманы құрады.

Департамент 5 айдың қорытындысымен 3,6 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды.