«Айнұр Тұрсынбаева мен Дикий Арманның арқасында үйлі болдым»
Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева «Хит тв» арнасының «Менің өмірім» бағдарламасына жеке өмірі, шығармашылығы жайлы сұхбат берді.
- Наркенже, әңгімемізді сіздің өмірбаяныңыздан бастасақ...
- Мен 1983-жылы Өзбекстан Республикасы, Бұқара қаласының арғы жағындағы Газни деген қазақтар шоғырланған ауылда дүниеге келгем. 1994-жылы Түркістан облысының Түлкібас ауданына қоныс аударып келгенбіз. Ол кезде мен алтыншы сыныпта оқитын едім. Отбасында 11 ағайындымыз. Әкем елге көшіп келгесін қайтыс болған, анам бар, биыл сексенге толды. Ал өзімнің екі қызым бар. Шымкентте тұрамыз.
- Бір кездері сіз өнерді тастап, саудамен айналысып кеткен екенсіз...
- Иә, ол кезде үлкен қызым жасына енді толған еді. Астанада «Артем» деген жабайы базар болатын. Сол жерде қайынағаммен бірігіп дубленка сатқам. Кейін сол кездегі облыс әкімі Әли Бектаев ағамыз «Наркенже деген әнші қыз бар еді. Соны табыңдар, Президенттің алдында ән шырқасын» деп тапсырма беріпті. Содан, Аллаға шүкір, өнерге қайта келіп, облыстық филармонияға жұмысқа кірдім.
- Бірінші жолдасыңызбен не себепті ажырастыңыз?
- Тағдыр ғой. Ол кезде небәрі 17 жастағы ақыл тоқтатпаған қызбыз ғой. Мен ойлаймын, екі жақ бірдей демеп отырса, жастар ажыраспас еді. Мен өте ерке болдым, әкем менің бетіме жел тигізбей өсірген. Таза еркелік қой, сол еркелігімді түсініп, «Ей, ол саған қатын болмайды» дегеннен гөрі, демеп жіберсе, екеуміз үй боп кетер ме едік. Менің бір жақсы қасиетім бар, артқа қарамаймын. Сол күйі кеттік.
- Қызыңыз әкесімен араласа ма?
- Бұрын араласатын, қазір араласпайды. Не себепті екенін сұрамаймын, қызымның жүрегін ауыртқым келмейді.
- Бірінші күйеуіңіз де мінезді болды ғой деймін...
- Мінез барлық адамда бар ғой, бірақ соны орнымен қолдану керек. Әйтпесе ол мінез өміріңе де, өмірлік жолыңа да кедергісін келтіреді. Қазір менен біреу ақыл сұраса «мінезіңді жөнде» деп айтам. Өйткені өзім мінезден көп таяқ жеген қызбын.
Қазіргі жолдасымды да Алладан сұрап алғам. «Аманатыңа қиянат жасап жүрген шығармын, жақсы ер-азамат сыйлашы, алақаныма салып көрейін» деп тілегем. Мүлдем ұрыспаймыз деп айта алмайм, кейде боп тұрады. Ондай кезде жолдасым үндемей қалады, содан мен де басыла қалам.
- Еркемін деп отырсыз. Өнер тағы қандай мінезді кешірмейді?
- Мен тіке сөйлейтін, бетіме кісі қаратпайтын қыз едім. Ол менде қазір де бар. Бірақ сабыр сақтауға тырысам. Уақыт өте келе басылады екенсің. Өзің түзелген дұрыс, Алла түзесе, аяғың аспаннан келеді. Тәкаппар едім, біреумен әңгімелесіп тұрып, ұнамай қалса, қолымды бір сілтеп кете салатын едім. Бірақ Алла бәрін айналдырып әкеп, мені басқаша Наркенже етіп шығарды. Сол кезден бастап бауырларыма, анама деген қарым-қатынасым өзгерді. Ал бауырыма, анама деген көзқарасым, қарым-қатынасым түзеліп еді, өнердегі жолым ашылды. Наркенже боп таныла бастадым.
- Бауырларыңызбен, анаңызбен арада проблема болған ба сонда?
- Ерке болдым дедім ғой, әкем «мені көрінде тыныш жатсын десеңдер, Наркенжеге қолдарыңның ұшы тимесін» деп айтып кеткен. Сол сөзді басқаша түсініп, «менің айтқанымның бәрі заң» деп бәріне бой бермей жүргем ғой. Кейін тәубеме келіп, тәкаппарлығым басылып, бауырларыммен санасатын болдым. Қарым-қатынастарымыз осылайша реттелді.
- Қызыңыз да өнер мектебінде оқыған екен, әнші болам демей ме?
- Үлкен қызымды әнші қылмаймын. Қыз баласына өнер адамы болу өте қиын. Мінезің болмаса, көрінгеннің қолжаулығы боп кетесің. Әдемі адамнан бәрі дәмелі, көрінгеннің ермегіне айналмаса екен деп тілеймін. Өзім өнерде жүріп, талай соққы алған адаммын. Қызымды өнерге қимаймын.
Қызым да менің тағдырымды қайталап, 17 жасында тұрмысқа шығып, кейін ажырасып кетті. Жалғыз менің шырылдағаным аздық етті, құдалар тарапынан әрекет болмады. Қызым әлі бала еді ғой, соны ене боп тәрбиелей алмағасын не айтасың, кімге ренжисің? Тағдыры солай болды...
- Сіз Түркияға да жиі барасыз. Ол жақта не істейсіз?
- Ол жаққа алғаш рет Айнұр Тұрсынбаева әпкемнің шақыртуыммен бардым ғой. Ол кісімен тығыз араласып кеткеніме қуанам.
- Ал Арман Жұмагелдиев туралы не айтасыз?
- Ол кісіні де жаман дей алмаймын. Менің өзіме жаманшылығы тимеген. Филармонияда қанша жыл жұмыс істеп, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолынан Түркістаннан 1 бөлмелі пәтер кілтін алдым. Бәріміз сол үйде тұрдық. Қызымыз дүниеге келді, үй тар, қысылып жүргенде Айекең шақырып, Түркияға бардық. Енді ол «Ютубта» да көрініп тұрған нәрсе ғой, әнімізді айтып болған соң ол жақтағы кісілер доллар қыстырды. Кейін санасақ үш мың доллардай түсіпті. Оны сол жерге барған әншілер өзара бөлісіп алдық. Сол ақша берекелі болды, ақшадан ақша құралып, жер үй сатып алуымызға септігі тиді. Айнұр әпкенің сол кездегі шақыртуына әлі ризамын.
«Арманнан үй алып, енді үндемей отырсың» деп тиісетіндер бар. Мен кішкентай адаммын ғой, қолымнан не келеді. Жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Олар менің өмірімнің жақсаруына себеп болған адамдар. Әрдайым сыртынан тілеулеспін. «Арманның алдында өлең айтқан әнші ғой» деп күлетіндер бар. Айта берсін, өздері бара алмады ғой. Өздерін шақырмағасын айтып отыр.
- Қазіргі жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?
- Ол кісі менің ең алғашқы махаббатым. Өнерге мүлдем қатысы жоқ. Екеуміз Түлкібас станциясында алма сатқанбыз, ол да алма сатқан. Бір жарым жыл қыз бен жігіт боп кездесіп, ел бізді үйленеді-ау деп жүргенде, тағдыр бізді екіге айырды. Мен тұрмысқа шығып кеттім. Ол да кейін отбасын құрған. Жиырма жылдан кейін мені іздеп, звондап, тауып алды. Бес жыл бұрын әйелімен ажырасып кеткен екен. Қызымның рұқсатымен кездесуге бірге барып, көріп, баяғы сезім қайта оянып, үйленуге бел будық. Қазір Хадия деген қызымыз бар. Алланың жиырма жылда берген сыйы ғой деп шүкір етіп отырмын.
Сұхбатты арнадан ықшамдап дайындаған - С. КЕНЖАЛИЕВА.