ТҮРКІСТАН: Күдік тудырған автокөліктен 2 қап есірткі тәркіленді

0
827

40 келіге жуық «кептірілген марихуана» екені анықталды.


ТҮРКІСТАН: Күдік тудырған автокөліктен 2 қап есірткі тәркіленді

Түркістан облысындағы трассаны патрульдеу барысында күмән тудырған автокөліктен 2 қап есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы ПД Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күнделікті жол апатының алдын алу мақсатында трасса бойын патрульдейді. Осындай кезекті жұмыс нәтижесінде полицейлер «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолының 601 шақырымында күмән тудырған «Honda Odyssey» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан ішінде хош иісті есірткіге ұқсас заты бар 2 қапты табылып, тәркіленген.


Көлік жолаушысы қаптағы заттардың өзіне тиесілі екенін бірден жеткізіпті. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберіліп, қорытындыға сәйкес 40 келіге жуық «кептірілген марихуана» екені анықталды. Күдікті Жамбыл облысының тұрғыны.


"Қазіргі уақытта есірткі заттарын заңсыз тасымалдау дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігімен "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" тіркелді. Ер адам қамауға алынды. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын және есірткіні жеткізу арналарын анықтайтын болады", - делінген Түркістан облысы ПД-ның хабарламасында.