ТҮРКІСТАН: «Neke tour» байқауына қатысуға 345 жұп өтініш берген

0
2 514

Еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдіргендердің қатары көп.


ТҮРКІСТАН: «Neke tour» байқауына қатысуға 345 жұп өтініш берген

Түркістанда өтетін «Neke tour» байқауына қатысуға еліміздің әр аймағынан 345 жұп өтініш берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістанда алғаш рет «15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күніне» орай «Neke tour» республикалық байқауы ұйымдастырылып отыр. Бұл орайда, еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдіргендердің қатары көп. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов айтты.


Байқау шарттары бойынша, 3-9 сәуір аралығында ерлі-зайыпты жұптар neke-turkistan.kz порталы арқылы қатысуға онлайн-өтінім жолдаған. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, жобаға қатысу үшін 6 күн ішінде республиканың барлық аймағынан жалпы 345 жұптан өтінім түскен. Іріктеу барысында еліміздің түкпір-түкпірінен 15 жұп үздік деп танылып, Түркістанға жолдама алды.


«Бұл жоба қасиетті Түркістанда ата-баба салтымен қиылған некенің баянды, бақытты боларына үндейді. Қаладағы туристердің де артуына септігін тигізеді. Шара шеңберінде қатысушылар Қ.А. Ясауи, Арыстанбаб кесенелеріне дұға етуден бөлек, Рабия бегім, Гауһар ана, Домалақ ана сынды қазақ ұғымындағы әзиз аналардың рухына тәу етпек. Осы арқылы жас келіндерге ұлттық ұғыммен шаңырақты сақтау жолында баталар жасалады. Бұдан бөлек, байқауға қатысушы жұптар арнайы отбасылық қатынастар жөніндегі жетекші психолог Ержан Мырзабаевтың шеберлік сабағына қатысу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жас жұбайлар Түркістанның көрікті жерлерін аралап, қала бойынша тегін экскурсия жасайды», - деді басқарма өкілі.


Сондай-ақ, жеңімпаздардың Түркістан өңіріне келіп-кету билеті, романтикалық кешкі асы, қонақүйде тұру шығыны ұйымдастырушылар тарапынан қамтамасыз етіледі.


Аталған жобаның жүргізушісі Мейрамкүл Кенжебекованың айтуынша, жоба таныстырылымы Этноауыл кешенінде өтеді. Онда ұлттық стильде фотосессия, орталық мешітте неке қию және ұлттық дәртүрлердің мәнін түсіндіру секілді бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жұптар 4 номинация бойынша, яғни «Shanyraq», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталады.


«Неке қидыру - екі жастың адал жолмен қосылуы, перзентті болуы, киелі шаңырақ көтеруі, отбасылы болуы. Жастар бір кеседен неке суын ішіп, адал болуға ант беретін. Осылайша ата-бабаларымыз ізгі ниет және қос жүректің қалауымен екі жастың басын қосқан. Түркістанда осынау әдемі дәстүр жанданып жатыр. Open Turkistan туристік-ақпараттық орталығы Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасымен бірлесіп, ерлі-зайыптылар арасында өтетін «Neke tour» байқауын жариялады. Байқау туралы біліп, көптеген ерлі-зайыпты жұп қатысуға өтінім жібергеніне қуаныштымыз. Мұндай белсенділік жастардың өз халқының мәдени және рухани құндылығына деген құрметі, яғни сол салт-дәстүрмен өмір сүруге деген құлшынысы байқалады», – дейді ол.


Алдағы уақытта бұл жобаны жыл сайын тұрақты түрде өткізу жоспарда бар.