ТҮРКІСТАН: Сарыағаштық мұғалім 9-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді

0
920

«Мұғалім оқушы қызға үйленуге ниетті көрінеді. Бірақ қалай? Оның отбасы бар».


ТҮРКІСТАН: Сарыағаштық мұғалім 9-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаштық мұғалім 9-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының қызметкерлері ресми мәлімдеме жасады.


«Бұл мәселемен құзырлы органдар айналысып жатыр. Ішкі тексеріс жұмыстары да жүргізілуде. Әзірге ешқандай өзге ақпарат жария етілмейді. Егер ақпарат расталса, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы тиісті шара қолданады», - дейді басқарма қызметкерлері.


Адами әлеуетті дамыту басқармасы баспасөз хатшысының айтуынша, 2022 жылдың 2 маусым күні Сарыағаш аудандық білім бөлімінің мобилді тобы зерделеу жұмысын жүргізіп, қорытындысымен осы мектепте көшпелі алқа мәжілісін өткізген. Алқа мәжілісінің хаттамалық шешіміне сәйкес, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Н.Тугашев пен А.Хайтметов және педагог-психологтары З. Исаметова мен М.Хикматов атқарып отырған лауазымдарынан, сынып жетекшісі У.Хикматов атқарып отырған қызметінен босатылды.


Сондай-ақ, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары У.Сарыбаевқа және келеңсіз оқиға орын алған уақыттағы мектептегі кезекші мұғалімдер М.Акрамова, Г.Хасанова, М.Камалдинов және М. Худайназароваға «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолданылды. Информатика пәнінің мұғалімі А.Хасанов атқарып жүрген қызметінен шеттетілді. Мектеп директоры Г.Хасанованың жауапкершілігі еңбекке жарамсыз парағынан жұмысқа шыққан соң қаралатын болады. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің әдіскері Г.Тагаеваға аталған мектеп директорының уақытша міндетін қосып атқару жүктелді және мектеп ұжымының псхологиялық ахуалын қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Сонымен қатар, облыстық Полиция департаменті де аталған жәйт бойынша қылмыстық іс тіркелгенін растады. Олардың мәліметіне сүйенсек, жергілікті тұрғын 30 мамыр күні Сарыағаш аудандық полиция басқармасына кәмелет жасына толмаған қызына қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекет болды деп арызданған.


"Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөлігі (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша тіркелді. Күдікті жас жігіт анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", - дейді полицейлер.


Айта кетейік, бұл туралы алғаш болып шымкенттік журналист Саида Турсуметова өзінің Facebook-тегі парақшасына жариялаған. Оның айтуынша, бұл жағдайдан кейін мектеп директоры ұжымды шұғыл жинап, оқиғаны жауып тастау үшін мұғалімдерден ақша жинамақ болған екен. Сонымен қоса, жазбада: «мұғалім оқушы қызға үйленуге ниетті көрінеді. Бірақ қалай? Оның отбасы бар» - делінген.