Көпшілікті тұрғын үй, әлеуметтік қолдау алу мәселелері алаңдатты.
Түркістан облысында өңір тұрғындарын жеке қабылдау бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жолы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзі жетекшілік ететін салалар бойынша азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға тұрғындар Түркістан қаласы, Бәйдібек, Қазығұрт және Отырар аудандарынан келді. Азаматтар бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Көпшілікті тұрғын үй, әлеуметтік қолдау алу мәселелері алаңдатты. Оларға баспана алу заңдылығы түсіндіріліп, пәтер жалдау ақысына мемлекет тарапынан субсидия қарастырылғаны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар заң бұзушылық, кәсіпкерлік жүргізуге қолдау, сапалы инфрақұрылыммен қамту мәселелері қозғалып, өңірде қазба жұмыстарын жүргізу, туризм саласын дамыту бойынша ұсыныстар айтылды.
Азаматтардың талап-арыздары мен ұсыныстарын мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары әрбір мәселе жіті зерделеніп, заң шеңберінде шешімін табатынын жеткізді. Кейбір мәселе сол мезетте шешімін тапты.
Айта кетейік, жеке қабылдауға «eOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.