Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, еңбек ұжымдарының өкілдері, табиғат жанашылары, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.
Вице-министр тұрғындар алдында республикада және өңір бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы басқа өңірлермен салыстырғанда Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы.
Түркістан облысы бойынша экопроблемаларды шешу межеленген Жол картасында 27 іс-шара көзделген. Оның ішінде 7-еуі орындалған. Ал қалған тармақтар орындалуда.
Түркістан қаласындағы үш автоматты станцияда ауа мониторингі жүргізілуде. Облыстағы барлық 128 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Өңірде 367 рұқсат етілмеген полигон бар, олардың барлығы жойылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын және тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын бекітті. Орман шаруашылығы саласында Түркістан облысының мемлекеттік орман қорының ауданы 3474,7 мың гектарды құрайды. Оның 1595,6 мың гектары орманмен қамтылған. 2025 жылға 16 500 га алқапта ормандарды толықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар жоспарланған, – деді Н. Құрмалаев.
Кездесу аясында министр азаматтарды жеке қабылдап, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.