Дитеа ұстамас бұрын оның қандай қауіпті әсерлері бар екенін біліп алыңыз. Болмаса...
Артық салмақпен күресіп жүрген көптеген қыз-келіншектер тез арада сымбатты болып шыққысы келеді. Сол армандарына жету үшін олар түрлі диетаға отырады. Тіпті, ең қатал емдәмнің өзінен де бас тартпайтындар бар. Көбінесе нәзікжандылар диетаның әсерінен семіздіктен арылғанымен, денсаулығын бұзып алып жатады. Сондықтан да диетадан соң адам қандай ауруға шалдығуы мүмкін немесе қаупі қандай екенін біліп алған жөн.
Диетаның тигізер зияны аз емес
Адам ағзасы үздіксіз жұмыс істеуі үшін, оған дәрумендер мен минералдар, нәрлі заттар қажет. Сол себепті де, әйелдер диета ұстап, тамақтан тартынған кезде олар стреске түсе бастайды. Көңіл-күйі болмай, не болса соған ашуланып, басы ауырып, мазасы кетеді. Міне, осындай белгілердің бәрі адам ағзасына қажетті дәрумендердің және басқа да заттардың жетіспеуінен пайда болады.
Егер диетаны одан әрі жалғастыратын болса, бұл ішкі проблемалар сыртқы келбетінен де көрініс таба бастайды. Яғни, мұндай әйелдердің терісі, шашы мен тырнағының қалпы нашарлай түседі. Бұдан бөлек, ұйқысыздық пен көру қабілетінің нашарлауына апарып соқтырады. Әбден стреске берілген әйелдер тек арықтауды мақсат тұтып, дұрыс тамақтану керектігін мүлде еске алмайды.
Микроэлементтер жетіспейді
Диетаның тағы бір зияны – кальцийдің ағзаға түспеуі. Майлы сүт өнімдерін тұтынбағандықтан ағзада кальций жетімсіздігі пайда болады. Жалпы кальций, сүт өнімдерімен бірге ағзаға D дәрумені түскенде ғана жақсы сіңеді екен. Ал, майсыз сүт өнімдерін ішкеннен пайда жоқ. Өйткені бұл тағамдарда кальций болғанмен, ағзаға сіңбейді. Кальций тек майлы сүт өнімдерінде болатын D дәруменімен жақсы сіңеді. Сондықтан да осыны да ескерген дұрыс.
Ағзаға ең қажетті элемент ол – темір. Диета кезінде құрамы темірге бай ет тағамдарын шектегеннен де ағза зиян шегеді. Мұндай жағдайда ағза өзіне қажетті темірді ала алмай, қордағы жиналған темірді қажетіне жаратады. Осыдан соң диетаның соңы анемияға шалдықтыруы ғажап емес. Қаназдықпен қатар, бойды әлсіздік билеп, тері, тырнақ және шаштың әрі тайып, жұмысы бұзылады.
Психика бұзылады
Диета әсерінен адамның жүйке жүйесінің жұмысы бұзылып, депрессияға шалдығады. Өйткені олар үнемі стрестік жағдайда жүреді. Өзіне ұнаған тағамды қалағанынша ішіп-жей алмағандықтан өздерін іштей жеп, қажытады. Айналасында әдемі әрі сымбатты қыздарды көргенде диета ұстаушының көңіл-күйі мүлде көтерілмейді. Ақыр соңында ашуға бой алдырып, жиі-жиі ұрыс-керіс шығарып, жағымсызжанға айналады.
Глюкоза тапшылығы пайда болады
Диетаның қай түрін алып қарасаңыз да, тәттіден бас тартуға кеңес береді. Яғни, диетаның соңы ағзада глюкоза тапшылығына апарып соқтырары сөзсіз. Ал, глюкозаның азаюы бас ауруын туындатып, мидың белсенді жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Адамның ойлау қабілеті төмендеп, еңбек етуге деген құлшынысы азаяды.
Диета ұстанатындардың бар ойы – «арықтап алған соң қалағанымды жеймін» дейді. Бұл мүлде дұрыс емес.
Созылмалы аурулар асқынады
Диета әсіресе созылмалы аурулармен ауыратындарға өте қауіпті болмақ. Себебі, күні бойы тек алма жеумен шектелетін болсаңыз, мұның соңы гастритке алып баруы, ал, сәбізді көп жейтін болсаңыз, сарыауруға шалдығуыңыз, етті көп тұтынған жағдайда тоқ ішек ауруына, сондай-ақ, тек цитрусты жемістерден құралған диетаны ұстансаңыз, аллергияға шалдықтыруы мүмкін.
Осындай жағдайларға тап болмас үшін, яғни, диетаның соңы денсаулықты түзетуге апарып соқтырмас үшін алдын ала дәрігермен ақылдасып алған жөн. Содан кейін ғана қажет болып жатса, диетаны ұстана беруге болады.
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
Тағы да оқыңыз:
«Сен НЕ ЖЕСЕҢ - СОЛСЫҢ!» - семіз болсаң, өзіңе ғана өкпеле!
7 күнде 7 келі САЛМАҚ ТАСТАУҒА 90 пайыз судан тұратын көкөніс КӨМЕКТЕСЕДІ