​Сәресі асқа қандай тағам жеген пайдалы?

0
1 378

Дәрумендерге, көмірсулар мен ақуызға бай тағамдарды әзірлеңіз!


​Сәресі асқа қандай тағам жеген пайдалы?


Ораза айы басталып, көптеген адамдар күндізгі тамақтанудан тыйылғаны рас. Оразаның адам ағзасына пайдасы өте көп. Егер сіз осы айда дұрыс тамақтануды қолға алып, сәресі асқа және ауызашарға тек пайдалы, дәруменге бай тағамдарды жейтін болсаңыз, денсаулығыңыз әлдеқайда жақсарып, рухани да, физиологиялық жағынан да пайдалы болмақ. Әсіресе ораза кезінде асқорыту жүйесі айтарлықтай демалып, ағза артық майларды жиыратынын естен шығармау керек. Сонымен қатар, күні бойы аш жүрген адамның ағзасындағы зақымданған жасушалар өліп, сау жасушалар пайда болады екен.

Ораза айындағы ең маңызды кезең- сәресі уақыты. Алайда сәресі асын ішуге ерініп, ұйқысын қимайтындар да бар. Бұл мүлде дұрыс емес. Өйткені таңертең сәресін ішкен жанның күні бойы аштық сезімін қатты сезінбей, көңіл-күйі қалыпты жүретіні жасырын емес. Бұдан бөлек, таңғы ас асқорыту жүйесінің жұмысын белсенді етіп, қандағы қант мөлшерін реттейді.

Ендеше сәресі астың пайдасы мол екенін түсінген болсақ, диетологтар ұсынған тағамдарды айтып өтейік:

Сәресі уақытында тұзды тағамдарды жемеген дұрыс. Себебі күні бойы аш жүретіндіктен шөл қысып, кешке дейін қиналып қалуыңыз мүмкін.

Сонымен қатар, тез дайындалатын тағамдарды да сәресі асқа ішпегеніңіз абзал. Мұндай тағамдар керісінше салмақ қосуға, жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын бұзуға, бүйрек жұмысының нашарлауына алып келуі ғажап емес.


Сәресі асқа мына тағамдарды дайындаған өте пайдалы:

  • Картоп, күріш, нан – өйткені оларда көмірсулар көп. Ал көмірсу біздің ағзамызды энергияға толтырады.
  • Сүт өнімдері – сүт, сүзбе, ірімшік жеуге болады.
  • Құрма – шөлдетпейтін жемістердің бірі.
  • Қызанақ, қияр, пияз, қырыққабат, қауын, қарбыз, аскөктер де шөлдеуді болдырмайды.
  • Сәресі кезінде су ішуді де ұмытпау керек. Судың орнына шай ішуге де болады.
  • Дәруменге бай көкөністер мен ет тағамдарын да ұмытпау керек. Мысалы, кәді, баялды, болгар бұрышы да ағзаға өте пайдалы.
  • Етті қайнатып немесе пеште пісіріп жеген дұрыс. Бірақ дәмдеуіштер қосудың қажеті жоқ. Тұзды да барынша аз қосуға тырысыңыз.
  • Тәтті тағамдарды да барынша тартынып жеу керек. Себебі тәттілер қарынның тез ашуына, тез шөлдеуге алып келеді. Оның орнына жаңғақ, кептірілген өрік, мейіз жеу ұсынылады. Мұндай кептірілген жемістер ағзаны көмірсумен, дәрумендермен қанықтырады.
  • Ағзаға пайдалы басқа да көкөністер мен жемістер бар. Мысалы, соның бірі – қияр. Оның құрамы суға бай, А, С, В дәрумендерін де қиярдан алуға болады. Сондай-ақ, натрий, кальций, магний, фосфор сынды минералды тұздарды да қиярдан таба аласыз. Аталмыш көкөніс – ішектерді тазалап, шлактарды айдайтын, нерв жүйесіне жағымды әсер етіп, теріні нәрлендіретін қасиеттерге де ие.
  • Салат жапырағы да А, В, С дәрумендерінен және жүйке жүйесін тыныштандыратын пайдалы заттардан тұрады. Салат жапырағын сәресі асқа жеген өте пайдалы.
  • Глюкоза мен калийге бай жүзім жеуге де болады. Жүзім – зиянды холестеринді азайтып, қан қысымын реттейді, әлсіреуден сақтайды.

Сәресі асқа қандай тағамдарды ішіп-жеу керектігін білген болсаңыз, енді ауызашар уақытта жейтін тағамға да азырақ тоқталып кетейік. Ауызашарды жеңіл тағамдармен бастаңыз. Мысалы, алдымен құрмадан ауыз тиіп, су ішуге болады. Содан кейін ғана тамақтануға үлгересіз. Егер ашқарынға бірден көп тамақтанатынболсаңыз, қарынның созылуына немесе ісінуіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, ас қорыту жүйесінде де бұзылыстар орын алады. Сондықтан да кешкі асқа да аса мән берген дұрыс. Ауызашарға пайдалы заттарға бай әртүрлі тағамдарды дайындаған абзал. Балғын жемістер мен көкөністердің де ағзаға тигізер пайдасы көп. Ауызашар кезінде тамақтанып болған соң жемістерден дайындалған десерт немесе сүт өнімдерін ішуіңізге болады.

Осылайша сіз ораза ұстай отырып, салмақ тастауға қол жеткізесіз.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

СҰЛЫ тұнбасымен арықтауға бола ма?