​Стрестік жағдайлар тамақты көп жеуге итермелей ме?

0
901

Стресс кезінде артық тамақтануға жол бересіз бе?


​Стрестік жағдайлар тамақты көп жеуге итермелей ме?


Стрестік жағдайлар қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Кәсіби саладағы қиындықтар, жақындарымен қақтығыстар, үй шаруашылығындағы қиындықтар бәрі-бәрі көңіл-күйіңізді түсіріп, артық тамақтанып қоюға әкеледі дейді диетологтар. Себебі, стресс бірқатар биологиялық реакцияларды іске қосады екен: бүйрек үсті бездері стресс тудыратын гормондар адреналин, норепнефрин және кортизолды қанға жіберіп, қандағы қант пен қан қысымын арттырады, жүрек ырғағын жеделдетеді.

Осылайша мазасыздық, депрессия және көңіл-күйдің өзгеруі пайда болады – нәтижесінде мұның бәрін жегіңіз келетіндерді жеу арқылы, яғни, тамақтанумен басасыз. Былайша айтқанда қысқа мерзімде стресс сіздің тәбетіңізді өзгертеді. Қанша жемеймін деп ойласаңыз да гормондар бұған мұрша бермейді. Алайда осындай жағдайда сізге стреске қарсы тұруға тура келеді. Ол үшін зиянды тағамдардан бас тартып, осындайда стресстің төзімділігін арттыруға көмектесетін өнімдерге сүйену керек. Мысалы, дәрумендер, минералдар мен элементтерге назар аударыңыз.


Ақуыздар мен көмірсулар

Созылмалы стрестің бір себебі – бақыт гормонының жеткіліксіздігі болып табылады. Серотонин қуаныш гормоны деп айтылады, яғни, бақыт гормоны. Ол адамның көңіл-күйіне, жалпы алған әсеріне, басқа да нейромедиатрлардың жұмысын сүзгіден өткізіп, олардың қайсысын миға өткізу-өткізбеу керектігін шешеді. Ал, серотонин гормоны азайған кезде миға сүзгіден өтпеген ақпараттар өтіп, стресс күшейе түседі.

Серотонин триптофан аминқышқылы арқылы синтезделетіндіктен алдымен осы қышқылы мол тағамдарды көп тұтыну керек. Ал триптофанды ақуыздан табасыз. Осылайша триптофан серотонин гормонына айналу үшін ағзаға көмірсулар міндетті түрде қажет. Міне, біздің ағзамыз осылай жұмыс істейді.

Триптофанға бай азық-түліктер: асқабақ дәні, ірімшік, еттің барлық түрі, балық, теңіз өнімдері, сұлы жармасы, жұмыртқа және т.б.


Магний

Магний - денеде жүздеген биохимиялық реакцияларға қатысатын ең маңызды минерал. Ол энергия өндіруге жауапты ферменттерді белсендіреді, кальций, мыс, мырыш, калий, калий, D дәрумені және басқа да микроэлементтерді реттеуге көмектеседі.

Магний жетіспеушілігі денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді, соның ішінде жүрек-қантамыр жүйесінің және екінші типтегі қант диабетінің ауруларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, магнийдің жетіспеушілігі серотонин деңгейінің төмендеуімен байланысты, сәйкесінше, депрессиямен байланысты.

Ағзада магний жеткілікті болу үшін салат жапырағы, тұтас дәнді дақылдар, тұқымдар мен жаңғақтарда бар. Магний құрамы жоғары өнімдер: шпинат, бадам жаңғағы, балқарағай және басқа жаңғақтар, жармалар (қарақұмық, сұлы, тары), қыша, теңіз балдырлары.


С дәрумені

Денедегі С дәруменінің ең көп мөлшері бүйрек үсті бездерінде шоғырланған. Бұл кортизол өндірісі үшін қажет, сондықтан стресс кезінде біздің С дәрумені қорымыз тез таусылады. Егер ағзада С дәрумені жеткіліксіз болса, одан да қатты кортизол өндіре бастайды, бұл, әрине, мазасыздықты арттырады. Сондықтан да ағза стреске төтет беру үшін аскорбин қышқылы деткілікті болу керектігін ұмытпау керек. Ол үшін С дәруменіне бай көкөністер мен жемістерді көбірек ас мәзіріне қосқан дұрыс.

Мына азық-түліктерде С дәрумені бар: чили бұрышы, қызыл және көк болгар бұрышы, брокколи, гүлді қырыққабат, ақжелкен, балғын қырыққабат, ананас, киви, манго, құлпынай және апельсин.


В тобындағы дәрумендер

Бұл дәрумендердің әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі мен пайдасы бар. Ал оның ағзада аз болуы мазасыздық, созылмалы шаршау, кірпияз болу сияқты адамның көңіл-күйінен байқалады. Егер В дәруменін күнделікті қабылдайтын болсаңыз, мұндай жағдайдың бірі де болмайды дейді мамандар.

В тобындағы дәрумендердің ішіндегі стреске қарсы тұруға көмектесетіні – В5 екен. Бұл дәруменнің- «антисресс» деген атауы да бар көрінеді.

В5 дәруменінің жетіспеушілігі бүйрек үсті бездерінің жұмысына кері әсерін тигізеді, олар өз кезегінде, жағымсыз симптомдармен бірге стресс гормондарының жеткіліксіз өндірісіне әкеледі. Керісінше, пантинді қосымша қабылдау (пантотен қышқылының белсенді формасы) стресстің гормондарының, соның ішінде кортизолдың теңдестірілген секрециясына ықпал етеді.

В5 дәрумені бар өнімдер: тауық бауыры, лосось, авокадо, саңырауқұлақтар, йогурт, күнбағыс тұқымдары.

Жоғарыда аталған дәрумендер мен минералды заттар ағзада жеткілікті болса, адам стреске де шалдықпайды. Яғни, семіздіккке бой алдырмайды деуге болады. Сол себепті де ең алдымен ағзаңцызда осы пайдалы дәрумендер жеткілікті ме соны анықтап, орнын толтырып, содан кейін ғана диета ұстап көріңіз. Нәтижесі ойдағыдай болары сөзссіз!

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Қаймақ пен сүзбеден тәтті пирог