​Бір орында ҰЗАҚ отырсаңыз, ТРОМБ пайда болу қаупі жоғары

0
350

Арнайы үш жаттығу көмегімен алдын алыңыз


​Бір орында ҰЗАҚ отырсаңыз, ТРОМБ пайда болу қаупі жоғары

Тромбоз – қан тамыры жолында ұйыған қан жасушаларынан тұратын түйіршіктердің пайда болуы. Ұйыған қан (тромб) тамыр бойымен қанның қалыпты ағуын баяулатады немесе тамырды бітеп, толық тоқтауына әкеледі. Бұл денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді.

Тромбоз пайда болуына көбіне ұзақ уақыт бойы қозғалысыз отыру себеп болады. 4-6 сағат не одан да көп уақыт бір орыннан қозғалмау қан айналымының нашарлауына әкеледі және аяқ, жамбастың терең тамырларында терең тамыр тромбозын тудыруы мүмкін.

Егер балтырда аздап ауырсыну сезінсеңіз, аяқтың ісінуін немесе температурасы көтерілгенін байқасаңыз, аяқ терісі қызара не басқа түске өзгере бастаса, мүмкіндігінше тезірек дәрігерге қаралу керек. Өйткені бұл – қан ұюының белгісі болуы мүмкін.

Тромбоздың алдын алу үшін қан айналымының жақсы болуын назарда ұстаңыз. Қанайналымды жақсартуға көбірек қозғалу, созылу жаттығуларын мезгіл-мезгіл орындау көмектеседі.

Бұл үшін спорт залына, ашық алаң не саябаққа бару міндетті емес. Отырған орныңыздан тұрмай-ақ жасауға болады.


1-жаттығу

Орындықта отырып, аяғыңызды жерден аздап көтеріңіз. Башпайларыңызды бүгіп, сол күйде 10 секунд бойы аяқтарыңызды сағат тілімен баяу айналдырыңыз. Бастапқы қалыпқа келіп, 5 секундтай демалдырыңыз. Сосын тағы 10 секунд айналдырыңыз. Осылайша 10 рет қайталау керек.

Енді тура осылай 10 рет сағат тіліне қарама-қарсы бағытта айналдырасыз.

2-жаттығу

Орындықта отырған қалыпта табаныңызды еденге біртегіс тіреңіз. Енді табанның башпай жағын барынша көтеріңіз. Өкше еденнен ажырамауға тиіс. Осы қалыпта 5-10 секунд ұстаңыз. Осыдан кейін башпайларыңызды баяу бүгіп, тағы да 5-10 секунд ұстаңыз. Соңында табанды бастапқы күйге қайтарыңыз. Осыны 10 рет қайталайсыз.

Келесі кезекте жаттығуды керісінше жасаймыз. Яғни, башпайларды тіреуіш етіп, өкшені еденнен көтеру керек. 5-10 секундтан соң қайта түсіріңіз. Осылайша 10 рет қайталау жеткілікті.


3-жаттығу

Орындықта арқаны тік ұстап отырыңыз. Екі аяқты жоғары көтеріңіз. Жамбастан бастап, табанға дейін түзу қалыпта, еденге параллель ұстау керек. Башпайды барынша алға қарай созыңыз. Осы қалыпта 5-10 секунд ұстаған соң созылған табанды босаңсытып, аяқты бүгіп, бастапқы қалыпқа келтіресіз. Аяқты қайта көтеріп, жаттығуды қайталаңыз. Кемі 10 рет.

Өте қарапайым болғанымен, осы үш жаттығудың пайдасы орасан. Олар терең тамырларда қан ұюының алдын алып, сол арқылы басқа да бірқатар зиянды салдарлардан аулақ болуға ықпал етеді.

Егер 4 сағаттан артық уақыт бір орында қозғалыссыз отыратын болсаңыз, мамандар әр 3-4 сағат сайын орындауды ұсынады. Жаттығудан соң бірнеше минут әрлі-берлі жүрсе, әсері тіпті арта түседі екен.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Күнде кешке ТАБАНЫҢЫЗҒА осылай АЛҒЫС білдіріңіз