Кәсіпорын 2022 жыл ішінде міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде "Восход Хром" ЖШС-ға табиғатты ластағаны үшін 2,9 млрд теңгеге айыппұл салынды, деп жазады zakon.kz.
Ақтөбе қаласы прокуратурасының 6 қыркүйектегі ақпаратына сүйенсек, кәсіпорын 2022 жыл ішінде міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген.
"Тиісінше, осы кезеңдегі барлық эмиссиялар, бұл атмосфераға 52 тоннадан астам ластаушы заттардың шығарындылары (бейорганикалық шаң, 3 валентті хром, магний оксиді және т.б.), сондай-ақ жалпы 395 мың тонна көлемінде орналастырылған ірі кесек және шламды байыту қалдықтары нормативтен жоғары, яғни заңсыз деп танылды", - деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы прокуратурасы.
Нәтижесінде 2,9 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулыға сот тәртібімен шағым жасалды.
"Облыстық соттың бірінші және апелляциялық сатылары айыппұлды заңды деп таныды",- деп қорытындылады баспасөз қызметі.