Сүт БЕЗІ қатерлі ІСІГІНІҢ алдын алуды ӘР ӘЙЕЛ білуі керек – дәрігер

0
5 800

Ол үшін МЫНАНЫ БІЛГЕН ЖӨН.


Сүт БЕЗІ қатерлі ІСІГІНІҢ алдын алуды ӘР ӘЙЕЛ білуі керек – дәрігер

фото: poisknews.ru

Бүгінгі таңдағы ең қауіпті әрі жиі кездесетін дерт – сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл дерт неге соншалықты дендеп кетті? Оны ерте анықтап, алдын алудың амалы бар ма? Қандай белгілерге қарап байқауымыз керек? Осы және өзге де маңызды мәліметпен Түркістан қалалық емханасының маммолог дәрігері Уркитова Райхан Атымтайқызы (суретте) таныстырады.


– Райхан Атымтайқызы, сүт безі туралы толық ақпарат берсеңіз. Сүт безінің өсіп-жетілуі, атқаратын қызметі, дамуы туралы айтып өтесіз бе?

– Сүт бездері – сүт түзетін қос без. Адамда сүт бездері 15-20 безді бөліктерден тұрады. Осы бөліктерде ана сүті түзіледі. Жалпы сүт безі дәнекер тіндер мен май қабатымен қоршалған. Сүт бездерінің өсіп-жетілуі ішкі секреция бездерінің (гипофиз, қалқанша без, т.б.) бөліп шығаратын гормондарына байланысты. Бұл кезең қыздарда (жыныстық жетілу кезеңінде) 10-12 жаста байқалады. Cүт бездерінің толықтай қалыптасуы 18-20 жаста аяқталады. Cүт бездерінің негізгі қызметі – сүт шығару. Бұл процесс мишықтың алдыңғы бөлігінде шығарылатын гормондар (пролактин) арқылы басқарылады.

– Сүт бездері қандай дертке шалдығады? Неге қабынады?

– Сүт безі аурулары қатерлі және қатерсіз болып бөлінеді. Сүт безі қатерсіз ісік ауруларына мастопатия, фиброаденома, кисталар, сүт жолдарының папилломасы, липома жатады.

– Мастопатия, мастит қандай ауру? Белгілері мен емін айтып өтсеңіз...

– Мастопатия – сүт безінің дисгормональды ауруы. Бұл əйелдерде жиі кездесетін сүт бездерінің қатерсіз дерті. Мастопатияның диффузды, диффузды-кистозды, түйінді түрлері бар.

Ал мастит – сүт безінің қабынуы. Ол көбінесе, жас босанған (негізінен сәбиді емізетін) әйелдерде болады. Қыз балаларда сирек кездеседі. Ауру жедел және созылмалы түрінде өтуі мүмкін. Әдетте мастит бір жақты сүт безінде дамиды. Қабынудың ағымына байланысты жедел мастит – жедел серозды, жедел инфильтративті, флегмонозды, абсцесті, гангренозды мастит болып жіктеледі. Одан бөлек, созылмалы іріңді және іріңді емес мастит болып бөлінеді.

фото: impotencija.net

– Сүт безінің ауруын қандай аурулар қоздырады?

– Сүт безінің ауруларына әкелетін факторлар:

  • BRCA 1 және 2 гендерінде анықталған мутациялар немесе басқа гендік мутациялар;
  • етеккірдің ерте басталуы – менархе (12 жасқа дейін);
  • менопаузаның кеш басталуы (55 жастан асқанда);
  • климаксты емдеумен байланысты немесе контрацепция мақсатында тағайындалған 10 жылдан астам гормонды алмастыратын терапия;
  • жүктілік пен босанудың болмауы;
  • қант диабеті;
  • семіздік;
  • темекі шегу мен алкогольді пайдалану.

– Емшек ұшының қышуы ненің белгісі?

– Жүктілік және емізулі кезінде емізік қышуы жиі кездеседі. Жүктілік кезіндегі емшек қышуы көптеген себептерге байланысты болуы мүмкін, бірақ ең маңыздысы жүктілік кезінде гормон деңгейінің өзгеруіне байланысты. Кеудедегі қышыну сүтті шығару рефлексінен туындайды, оны сүтті босату деп те атайды.

– Сүт безінің қатерлі ісігі бүгінде өте жиі кездеседі? Оның себебін немен түсіндіресіз?

– Ісіктер туралы қазір жиі айтылады, өйткені олар өте ауыр аурулардың белгісі болып табылады және жыл өткен сайын ісік ауруына шалдыққан адамдардың саны көбеюде. Бұл ауру адам денесінің, мүшелерінің немесе тіндерінің кейбір жерлерінде жаңа клеткалардың тоқтаусыз өсіп, көбеюінен басталады. Сау ағзада ескі клеткалардың өліп, орнына жаңа клеткалардың пайда болу процесі үздіксіз жүреді. Бірақ, кейбір жағдайда ағзаның қайсыбір реттеуші механизмінің қызметі бұзылады да, жаңа клеткалар қатты қарқынмен жедел пайда бола бастайды.

– Сүт безі ауруларын қалай анықтаймыз? Үйде өз бетімізше өзгерістерді анықтау мүмкін бе?

– Әйелдер ай сайын кеудедегі өзгерістерді байқау үшін өзін-өзі тексеру керек. Сүт бездерін жүйелі түрде тексеру сүт бездерінің денсаулығын сақтауға және қатерлі ісік ауруының алдын алуға, дертті ерте емдеуге ықпал етеді. Әйелдер айына бір рет сүт безін тексеріп тұруы қажет. Әлі етеккір келе жатқан (тұрақты етеккір бар) әйелдер етеккір аяқталғаннан кейін сүт безін тексеруі керек. Етеккірі тоқтаған әйелдер мен етеккір келуі уақыты тұрақсыз әйелдер ай сайын бір күнді таңдай алады.

– Сүт безінің ісігі қаншалықты тез өседі?

– Бұл ісік түріне байланысты және әйелдің жасы да маңызды рөл атқарады. Егде жаста ісік баяу дамиды. 5-10 жыл бойы өсуі мүмкін. Ал егер 50 жасқа дейінгі әйел болса, онда ісік тез өседі. Ал 40 жасқа дейін болса, онда ісік агрессивті түрде 1 жылдың ішінде өсуі мүмкін. Менопауза алдында және менопауза кезінде орынбасушы гормоналды терапия қабылдап жүрген әйелде де ісік тез өсуі мүмкін.

– Сүт безі қатерлі ісігі кезінде қандай белгілер байқалуы мүмкін?

– Сүт безі қатерлі ісігі байқалмауы мүмкін емес. біз аса мән бермейтін дүниелер де дерттің дендеуіне себепші болапды. Мәселен:

  • Емізіктің ішке қарай тартылуы;
  • Емізіктен қан аралас сұйықтықтың бөлінуі;
  • Сүт безіндегі немесе емізік аймағындағы ауырсыну;
  • Сүт безі аймағында терінің инфильтрациясы (лимон қабығына ұқсас тері);
  • Қолтық асты аймағында тығыз түйіндердің пайда болуы;
  • Сүт безі аймағында терінің жаралануы;
  • Бүкіл сүт безінің немесе оның бір бөлігінің ісіну;
  • Салмақ жоғалту;
  • Әлсіздік;
  • Сүт безі терісінің қызаруы, қабыршақтануы немесе қалыңдауы. Осы белгілер байқалса, дереу дәрігерге тексерілу керек.

фото: temperaturka.com

– Сүт безі қатерлі ісігі қай жерде орналасады?

– Қатерлі ісік сүт безінің кез келген бөлігінде болуы мүмкін. Тіпті сүт безінен тыс жерлерде, мысалы, қолтық асты немесе сүт безінен жоғары қабырға арасында орналасуы мүмкін.

– Жалпы, аурудың алдын алудың жолдары бар ма? Сүт безін түрлі дерттен сақтау үшін қандай сақтық шараларын жасауымыз керек?

– Жалпы онкологиялық аурулардың және атап айтқанда, сүт безі қатерлі ісігінің қаупін азайту бойынша ұсыныстар:

  • салауатты өмір салтын ұстану;
  • дене салмағын бақылау;
  • физикалық белсенді болу;
  • жемістер мен көкөністерді көп пайдалану;
  • темекі мен ішімдіктен бас тарту;
  • баланы туғаннан кейін 1 жыл бойы және одан аса емшекпен емізу;
  • тұрмыста және өндірісте сүт безін жарақаттап алудан сақтану;
  • өздігінен тексерілу, сүт безінің скринингінен өту.

Сүт безінің қатерлі ісігін анықтау үшін тиімді скринингтік тексеру бар, оны аурудың белгісі болмаған кезде де жасайды. Скрининг ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында скрининг шеңберінде 40-70 жастағы әйелдерге 2 жылда 1 рет екі сүт бездерінің маммографиясы екі проекцияда жүргізіледі.

– Ер адамдарда сүт безінің қатерлі ісігі бола ма?

– Сүт безі қатерлі ісігі тек әйелдерде емес, еркектерде де кездеседі. Ерлерде омырау обыры сирек кездескенімен бұл әйелдердікіне қарағанда қауіпті әрі тез асқынуы мүмкін.

Райхан Атымтайқызы, сүт безі туралы айтқан ақпараттарыңызға үлкен рахмет!


Дайындаған - Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


БРОНХИТ жазылатын ДЕРТ пе?


Вирусты ИНФЕКЦИЯНЫ қалай ЕМДЕЙМІЗ?


Ағзаға МИКРОЭЛЕМЕНТ ЖЕТІСПЕСЕ не болады?