​«Ата-анасын сыйламаған заңмен жазаланса»: Алматылық тұрғын ойын ашық айтты

0
2 670

«Титтей де ренжітіп, көңіліне селкеу түсірген балалары айыппұл төлесе ғой...»


​«Ата-анасын сыйламаған заңмен жазаланса»: Алматылық тұрғын ойын ашық айтты

Алматы қаласының тұрғыны осылай деп пікір білдірді. ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында ол қартайған ата-анасын сыйламаған, күте алмаған бауырына өкпелі екенін де жеткізді.


- Қызмет бабымен ата-анама жиі барып тұру бұйыра бермейді. Бірақ күн сайын хабарын біліп отыру – парызым. Сондықтан, қай кезде күйі жақсы, қай күні көңілі пәс екенін дауыстарынан-ақ аңғарамын. Жалақы алған сайын бір қуантып қойғым кеп тұрады. Үйде қарияң болса қазынаң. Тойларда асабалар да «Әкең болса, алтын тағың, Анаң болса, алтын тәжің» деп жиі айтады емес пе?! Бірақ соны түсінбейтіндер бар екенін көргенде, ренжисің. Ол бауырың болса, не деріңді де білмейсің, - дейді өзін Ардахан деп таныстырған жігіт ағасы.


Ардаханның реніші – бауырының ата-анасын тастап көшіп кетпек болғаны сыңайлы. Айтуынша, інісінің сондай бір сәтіне түсіп қалып, күйінгеннен әке-шешесін өз қолына әкетіп қалған.

- Қазір қолымда. Алматыға әкетіп қалдым. Бірақ, оларға ағайын-туыстан, ел ішінен ажырау қиынға соғып жатыр. Бала-шағаммен жабылып көңілін көтерейік десек те, өздерінің қара шаңырағындай болмайтынын да білемін. Онысын көріп жүрегім тіпті ауырды. Елге қайтарайын десем, інім отбасымен облыс орталығына көшіп кеткен, бірге тұрғылары келмеген сияқты.


Бауырына ашулы Ардахан әке-шешесін алып кетуге аяқ астынан шешім қабылдапты. Тіпті, ойлануға да мұрсат бермеген.

- Өткен күзде іссапармен туған ауылыма бардым. Жұмысыма кіріспес бұрын алдымен сағынған әкем мен шешемді көріп, батасын алып шықпақ боп үйіме бұрылғам. Түнде түсіп, ескертпестен кіріп бардым. Әншейінде есігі құлыпталмайтын туған үйімнің терезесі де қап-қараңғы, тұтқаны жұлқылап аша алмаған соң дүрсілдетіп ұрдым. Тыныштық шошытты мені. Бір кезде барып жарық жанды да, есікті еңкіш тартқан шешем ашты. Түрі солып, жағы қушиып кетіпті. Мені көріп абдырап қалды. Ар жағынан шығып келе жатқан әкем де қалбалақтап жатыр.

Үйде келін мен балалардың дауысы естілмеді, інім де көрінбейді. Бөлме шашылып, әке-шешемнің үсті-басы кірлеген. Жуынбағанына да біраз болған ба? Дауысынан сезем дегенім бекер екен, бір күн бұрын сөйлескенімде бәрі жақсы секілді еді.

Сөйтсем, інім мен келін ұрысқан, төрт баласын алып кетіп қалған. Соларды әкелем деп кеткен інім бір апта бопты, үйге соқпағанына. «Аманбыз, барып қаламыз» деп хабарласқан екен. «Соған қарағанда сол жақта қалғысы бар ма, қайдам?!» деп шешем жылап жіберді. Қолында өскен немерелерін қимай тұрғаны, сағынғаны көрініп тұр. Шешеме «тәйт!» деген әкемнің де көзі жасаурағанын көрдім. Ашуымның келгені, әке-шешемнің мына күйіне күйінгенім қапталдасып, ішімді оттай қыздырды. «Осыншалықты екеуден-екеу қараусыз қалдырып кететіндей не жазды екен бұлар?» деп ашуландым, іштей жылап тұрдым.

Ініме қоңырау соғып, мен жұмысымды аяқтағанша келуін тапсырдым да ісіме кеттім. Кешкісін келгенімде үйдің ішіне жылу кіріп қапты. Бауырымның балалары мойныма асылып, әке-шешемнің жүзіне де қан жүгірген. Бірақ, келіннің қабағы қату, інімнің бойында бір салқындық бар. Мәселені түсіндім, бірақ ата-ананың да алдындағы жауапкершілікті осы жасқа дейін түсінбеген ініме ренжідім. «Біз қалаға көшсек деп едік, пәтер тауып қойдық. Мына балалар ауылда емес, қалада өссе...» деп мұрын астынан міңгірледі.


Ардахан інісінің жағдайы түк таппай қалаға көшіп кететіндей емес екенін айтады. Екі сиыры мен бір қора қойы, даңғарадай үйі барын айтып, тіршілігі қайнаған қалаға сіңісу мен жұмыс табу да оңай ға соқпайтынын алға тартқан.

- Келіннің үйде отырғаны болмаса, інімнің жұмысы, табысы бар. Әке-шешемнің алатын зейнетақысы да бір адамның орта жалақысындай. Қала өміріне қызыққандарын құптамасам да, шешім шығарып қойғаны мен әке-шешемді ауылға қалдырып бара жатқанына ашуланып, әңгімені созбадым. Ертеңіне жинап, өзіммен бірге алып кеттім. Қарсылықтарына қарамадым, жазда немерелерімен бірге әкеп аунап-қунап, ағайынмен қауыштырып тұратынымды айтып көндірдім.

Енді міне, үйде. Бәріміз қуаныштымыз қалаға келгендеріне. Асты-үстіне түсіп, өз зейнетақыларын өздеріне жұмсап, демалыс сайын қыдыртып, көрікті жерлер мен мұражайларды аралатамыз. Бірақ ауылдағы немерелерімен видео арқылы сөйлескенде екеуі де кемсеңдеп қалады. Осыны біліп тұрып, қара шаңырақтың жауапкершілігін сезінбеген ініме ренжимін.

«Әке-шешесінің зейнетақысын тартып алыпты, үйсіз қалдырыпты, қараусыз тастап кеткен, қарттар үйіне өткізді» дегенді көп естиміз. Соған жеткізбегеніне шүкір деймін қазір. Егер елімізде ата-анасын қараусыз қалдырып, сыйламағандар жауапқа тартылатын заң болғанда мұндайлар болмас па еді деп ойлаймын. Титтей де ренжітіп, көңіліне селкеу түсірген балалары айыппұл төлесе ғой...

Інім қазір облыс орталығында, несиеге пәтер алып, бір қора жанмен екі бөлмеде тұрып жатыр. Қабағынан өкініш көремін, бірақ үндемеймін. Таңдау солардыкі, ақылымды тыңдамаса қайтемін?! Балалар да ауылға кеткісі келіп қыңқылдайтын тәрізді. Бірақ ата-анасының қалауы сол болды.

Ендігі жерде туған шаңырағымыз жаз сайын ғана барып тұратын саяжайымызға айналатын секілді. Әке-шешем де ол жерде екеуі ғана өмір сүре алмайтынын мойындаған. Әттең, іштерінде бір өкініш жатыр, - дейді Ардахан.

"Ауылда енді бізді күтіп алатын бауыр да жоқ, туған жерге қонақпыз. Қара шаңырақ та қашанғы тұрар? Ол да тозып, бұзылады. Әзірге бәрін тастап көшіп кете салатындай да емеспіз. Солардың бәрін ойласам, өзім де іштей жылағандай боламын. Не де болса, өзім зейнетке шыққан соң көреміз енді...", - деген жігіт ағасы қамығып қалғандай болды.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Үйіңді тартып аламын»: Қайынәпкесінен сөзінен қорқып жүрген келіншек күдігін жасырмады


«Анасын көріп қызын ал» деген өтірік!»: Шымкенттік келіншек өз анасына ұқсағысы келмейді