"Қырыққа келсе де әлі үйленбей жүр": досына алаңдаған жігіт ата-аналарға кеңесін айтты

0
263

"Балаңыздың болашағына немқұрайлы қарамасаңыздар екен"


Сурет: stihi.ru

"Өмірде неше түрлі жағдайлар бар екені жасырын емес қой. Кейде біреуді көріп, қызықсаң, біреуді көріп шүкір етесің. Әрине, басынан мұндай жағдай өтпеген жандар мұндайды түсіне алмауы мүмкін. Әлбетте, мен де солардың бірімін. Өзім толыққанды отбасында әкенің де, шешенің де тәрбиесін көріп өскендіктен, әкесіз немесе анасыз өсіп жатқан балалардың жағдайын онша түсіне алмайтын едім. Әрине, оларға өте қиын екенін түсінетінмін, бірақ қатты жаным ауырмайтын. Тағдырдың жазғаны солай ғой деп ойлайтынмын" деп ойын ортаға салды ERNRU.KZ порталының оқырманы.


"Жоғары оқу орнында Нариман деген жігітпен бір топта оқыдым. Ол басқалардай емес, үнемі көзінен бір мұң сезіліп тұратын. Ортаға да онша қосыла бермейтін. Сөйтіп, ақырын-ақырын ол жігітпен сырласып, дос болып кеттік.

Нариман бала күнінен ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Ерте есейген, ойлы жігіттің осы бір қасиеті сол үлкен кісілердің тәрбиесінде болғандықтан болар деп топшылайтынмын.

Ата-анасы тастап кеткен екен. Оның жан жарасы қаншалықты терең екенін аз уақыттың ішінде ұға алған жоқпын. Мен онымен дос болып, маған сырын жасырмай айта алатындай жағдайға жеткенде оның мықтылығына тәнті болғанмын. Осындай өмірді терең түсінетін, жан-жақты зерттей алатын ситуацияға қарай дұрыс бағамдай білетін Нариман досымнан үйренгенім де көп болды менің.

Ол нағашы атасы мен апасының қолында өскен. Анасы баласын туа сала ата-анасына бере салған. Алайда, балалық шағында ата-әжесінің сүйікті немересі болып өскен ол бәрібір де психологиялық жарақат алған. Өзін анасына керексізбін деп сезінген.

«Білуімше, менің анам мен әкем заңды түрде некеде тұрған. Алайда, мен дүниеге келмес бұрын олар ажырасып кетіпті» деген Нариманның отбасын құру туралы шешімге келгенде жүрексініп тұратынын байқадым. Көңіліне ұнаған қызға барып, өз сезімін айтуға да көп ойланатын. Ол ештеңеге жеңіл қарамайтын.

Сол досым әлі шаңырақ құрған жоқ. "Үйімде еш қызық жоқ, өйткені онда мені күтетін ешкім жоқ"деп қамығады. Міне, ендігі жасымыз қырыққа таяп қалды ғой. Осы жаста жалғыз болу, жанына жалау болатын жарының жоқтығы, артында ізін жалғайтын ұрпағының жоқтығы тіпті біздің жанымызға батады. Өзі қандай күйде екенін түсіне беріңіздер осыдан-ақ.

Бұл жайтты айтып отырған себебім, ата-аналар, болашақ отбасын құруға дайындалып жүрген жастар, балаларыңыздың болашағы үшін отбасын барынша сақтап қалуға тырысыңыздар. Мүмкін болмаған жағдайда да балаңыздың болашағына немқұрайлы қарамасаңыздар екен."