«Балам өсіп келеді, мамасын асырайтын ұл» деп жылы күлімсіреп, құшақтап қойды...
Сурет: i.pinimg.com
"Жастарға ақылымды айтпақ боп, арнайы келдім. ERNUR.KZ сайтына шығарсаңыздар екен.
Пифагор "Баланы дұрыс тәрбиелеңдер, сонда кейін ересектерді жазалаудың қажеті болмайды" деген екен. Өкінішке орай көптеген ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауының салдарынан түрмелер босамай тұр. Қаншама жас тағдыр қирап, қаншама өмір қараңғылыққа батуда...
Атым – Асқар. Қазір 75 жасқа келдім. Шүкір, отбасым, балаларым, немерелерім бар. Бірақ 30 жыл бұрын түрмеге отырып шыққанда жағылған күйе әлі кетпегені өкіндіреді. Құрдастарым кейде әзіл-күлкі арасында мені «қылмыскер, тюремщик» дегендей сөздерге меңзеп түйреп қалады. Ауыр тисе де елемеген сыңай танытып, бірге күлгендей боламын.
Иә, мен – қылмыскермін. Сол бір кішкентай кезімде жасалған бір-екі қате әрекет қараңғы өмірге жетелегенін тым кеш түсіндім.
Есімде, жеті жаста болатынмын. Көршінің жылтыраған велосипеді қатты ұнайтын. Бір күні ол үйінің алдына сүйеп қойған кезде, айналамда ешкім жоғына көз жеткізіп, лезде мініп кете бардым. Қуанышымда шек жоқ. Болған жайды анама айттым. Ол біраз үнсіз қалды. Сосын «Әкеңе айтпа, ол ұрлықты жек көреді. Түнде көрші ауылдағы көкеңнің баласының велосипедімен ауыстырып келу керек» деп велосипедті шатырдың түбіне жасырып қойды. Сол кезде анам маған ұрсу керек еді. "Көршінің үйіне қайта апарып қой!" дегенде, қазір өмірім басқаша болар ма еді?! Кейін ойласам, сол ұрлық менің қылмыстарымның бастауы болған екен.
Бір күні мектепте бір баланың сөмкесінен көзіме түскен ақшаны ұрладым. Қалтама тыққан ақшаны үйге келіп анама беріп: «Тауып алдым» деп өтірік айттым. Ол сенді. Әлде сенбесе де, сенген сыңай танытты. Екеуміз дүкенге барып, сол ұрланған ақшаға тәттілер сатып алдық. Ертеңіне тағы бір баланың тиынын ұрлап алдым. Оны да үйге әкеліп шешеме бердім. Анам бұл жолы қайдан алғанымды сұрамады. Тек басымнан сипап: «Балам өсіп келеді, мамасын асырайтын ұл» деп жылы күлімсіреп, құшақтап қойды. Мен ұрлық жасаған сайын, анам үндемейтін. Кейде тіпті мақтап қоятын. Оның бұл қылығы кішкентай жүрегімде ұрлықтың жаман еместігі туралы қате түсінік қалыптастырды.
Ал әкем басқаша еді. Ол қатал әрі әділ болды. Мені әрдайым тәртіпке салмақшы болатын. Бірақ анам оған үнемі қарсы шығып, араша түсетін. Кейін басқа мәселеге байланысты анаммен ажырасып, әкем үйден кетіп қалды. Анығырақ айтқанда, екінші рет отбасы құрды.
Ол кеткеннен кейін тіпті еркінсіп кеттім. Ұрлық мен үшін бір ойын сияқты көрінді. Ал анам болса бұл «ойынымды» байқамағандай немесе байқағысы келмегендей бей-жай күйде жүре берді.
Өсе келе, сол «ойын» үлкен қылмысқа айналды. Ақша, дүние, атақ үшін не істемедім десеңізші?! Адамдарды алдадым, тонадым, қажет болғанда күш те қолдандым. Кейін сол әрекеттерімнің ащы жазасын тартып, тар қапаста отырдым.
Жалғыздық мен өкініштен жүрегім қақ айырылғанда анама хат жазбақ болдым. Бастапқыда қоштасу хатын жазам деп ойлағанмын. Өз-өзіме қол салам деп жоспар құрдым. Бірақ хатты жаза бастағанда, еріксізден анамды кінәлай бастадым. Өйткені егер анам сол кездерде мені тоқтатса, егер «балам, бұл дұрыс емес» деп құлағыма құйса, менің бүгінгі тағдырым мүлде басқаша болар ма еді? Ол менің әрбір қателігіме көз жұмып, тіпті кейде мақтап отырмағанда, мен осы қараңғылыққа түспес пе едім?..
Анамa жазған хатымды қайта-қайта оқып, ақыр соңында жыртып тастадым. Өйткені мен бәрібір анамды тәрбиелей алмаймын.
Арада бірнеше жыл өтіп, мен бостандыққа шықтым. Жұмыс істедім. Үйлендім. Содан бері де талай жыл өтіпті. Үлкен ұлым биыл мектеп бітірді. Мұғалімдікке түсті. Досына телефонда “Прокурор болу арманым еді. Погон тағуды, форма киюді қатты қалайтынмын. Бірақ әкем сотталған адам. Мен үшін бұл мамандық арман күйінде қалады” дегенін естіп кәрі жүрегім қақ айырылды. Өзімді қанша кінәлағанмен, марқұм анамды жазғырғанмен ешнәрсе өзгермейтінін білсем де, еңкілдеп жыладым. Бірақ аналар арқылы кішкентай балалардың дұрыс тәрбиесіне септігімді тигізе алам ғой деген ой келді. Осы үшін ғой, ерінбей өз аяғыммен келіп алдарыңда отырғаным.
Менің осы қайғылы хикаямды оқып отырған ата-аналар, балаларыңыздың әрбір кішкентай ұрлығына, титтей де болса қылмысқа бастайтын ісіне немқұрайлы қарамаңыздар. Олардың бүгінгі елеусіз қателігі ертең үлкен қасіретке айналуы мүмкін. Мен – соның мысалымын.
Ертеңгі күннің қандай болатыны – бүгінгі тәрбиеге байланысты. Балаларыңызға дұрыс жол сілтеңіздер."
Жазып алған:
А. КЕРІМБЕК


