​Қыздарға арналған «жігіттану» шпаргалкасы

0
8 090

Бір отағасы данышпаннан «Менде қандай кемшілік бар, айтыңызшы» деп сұрапты. Сонда данышпан «Оны менен емес, әйеліңнен сұра. Әйеліңнің бір ғана кемшілігін айтып көр, ол сенің, ата-анаңның, ағайын-туысыңның, тіпті достарыңның да барлық кемшілігін айтып береді» деген екен.


​Қыздарға арналған «жігіттану» шпаргалкасы

Бір отағасы данышпаннан «Менде қандай кемшілік бар, айтыңызшы» деп сұрапты. Сонда данышпан «Оны менен емес, әйеліңнен сұра. Әйеліңнің бір ғана кемшілігін айтып көр, ол сенің, ата-анаңның, ағайын-туысыңның, тіпті достарыңның да барлық кемшілігін айтып береді» деген екен. Бұл бірнеше жыл бірге тұрған, тұрып жатқан ерлі-зайыптыларға арналған әдіс. Ал, бұл тұрғыда күйеу іздеп жүрген қыздарға көмек болар «шпаргалка» бар ма? Бірінші кездесуде-ақ жігітті тануға бола ма?

Әрине! Егер, оның әр қимылына, сөзіне, дауысына т.б. мән беріп, дұрыс бақылай алсаңыз, алғашқы кездесуде-ақ ол туралы көп мағлұматқа қанық бола аласыз. Сонымен, кездесу орны белгіленді.

1. 10-15 минут ерте барып, сырттай оның жүрісін бақылаңыз. Алыстан қарағанда ол леп белгісіне ұқсай ма, әлде сұрақ белгісіне ме? Тұлғасын тік ұстап, асықпай, еркін жүріп келе жатса, өзіне және болашағына сенімді жан. Сұрақ белгісі секілді басын салбыратып келе жатса – ол көп сұрақтың жауабын таппай жүр. Артына бұрылып қарай берсе, «өткен шағын» жиі ойлайтын, «осы шақтағы» өміріне көңілі толмайтын, ал «келер шақтан» үміті аз адам.

2. Қол беріп амандасыңыз. Ұстамай, керісінше ұстата салса, яғни, қолын селсоқ ұсынса, өмірден я болмаса жұмыстан әбден шаршаған. Мұндай жігіттің көбісі мылжың, ісінен сөзі көп. Отбасына қиындық туған жағдайда, күресетін емес, өзіне жайлы жай іздейтін адам. Олжасына жармасқан бүркіттей қолыңызды қыса амандасса, мұндай жігіттің мақсаты бар және оған жететін батылдығы да жеткілікті, қуатты.

3. Алғашқы кездесуде міндетті түрде кафеге немесе киноға барыңыз. Тым болмаса дүкенге бірге кіріңіз. Қызмет көрсетушілермен қарым-қатынасын бақылаңыз. «Таз ашуын тырнап алады» демекші, өмірге ызалы адам көбінесе қызмет көрсетуші, яғни, еден жуушы, сатушы, күзетші және даяшылармен жиі керісіп қалады.

4. Бір әншіні, әкімді немесе «Қалаулым» бағдарламасындағы Замираны жамандаңыз. Ол қосылып жамандай ма, әлде бейтарап қала ма? Есіңізде болсын, өз өміріне риза, бақытты әрі нағыз ер-азамат ешкімді жамандамайды.

5. Қай тақырыпты көп қозғайтынын тыңдап, оны не қызықтыратынын білуге болады. Жұмыстан соң не істейтінін сұраңыз. Психологтар «Кез келген адамның болашағы туралы білгің келсе, оның кешкі 18:30-дан соң немен айналысатынын сұра» дейді.

6. Қызығушылығы демекші, ол спорттың қай түрін ұнатады? Тәуелсіз, бәсекелестікке жаны қас, ешкімге жамандық ойламайтындар жүзу, садақ ату, ауыр атлетика секілді бір адамнан ғана тұратын спорт жарыстарын жақсы көреді. Ал, футбол, баскетбол, хоккей секілді көп адамнан құралатын спорт ойындарына әуес болса, жеке өмірде де, жұмыста да өзгелерден озғанды қалайды.

7. Оның көнбіс немесе дегеніне көндіретін отағасы болатынын білгіңіз келсе, қатарласып келе жатқанда бірде жылдамдығыңызды арттырсаңыз, бірде өте баяу жүріңіз. Ол сізге ілесе ме, әлде керісінше өзінің қарқынына бағындыра ма?

8. Бала кезден араласатын досы бар ма? Балабақшадан, мектеп партасынан басталған достық қарым-қатынасы әлі де үзілмеген достары бар болса, онда ол адалдықты алдыңғы орынға қояды, шыншыл, өтірік айтқанды кешіре алмайды. Досы көп болса, кез келген ортаға тез сіңісіп кете алады, ал досы жоқ болса, тұйық, кінәмшіл адам.

9. Әрине, достарымен, әріптесімен қарым-қатынасына, көшедегі бейтаныс адамға көрсеткен көмегіне қарап жігітті тану қате. Оны ата-анасымен, бауырларымен қарым-қатынасының қандай екеніне қарап бағалаңыз. Бұл үшін «ата-ана» тақырыбында әңгіме қозғаңыз, сұрақ қойыңыз және оның бойында қандай кемшілік болса да ең алдымен әке-шешесін құрметтейтін жігіттен айырылмаңыз.

Міне, психологтар адамтанудың қысқа ғана осындай шпаргалкасын ұсынады. Ал, мен адамды танудың ең қысқа тәсілін ұсынамын. Оны қатты ашуландырыңыз! Бұрыла беріп балмұздақты костюміне жағып жіберіңіз, көлігінде отырғанда сусынды төгіп алыңыз т.б. ашуландырудың амалы көп қой. Ашуланған кезде кез келген адам шынайы бейнесін көрсетіп, сөз қорында жиі қолданатын небір сөздерін де айтып салады. Ал, оқырман, жігіттану сабағы бойынша сіз қандай әдісті ұсынасыз? Әдісіңізбен бөлісіңіз!

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ