​СЕПАРАЦИЯ деген не?

0
4 329

Сепарация - жеке тұлға ретінде өмір сүру


​СЕПАРАЦИЯ деген не?

фото: signaler.ru

Сепарация – психологияда ата-анадан баланың өз алдына бөлінуі. Ата-анаға өмір бойы тәуелді болып, одан кіндігін ажырата алмай өмір сүріп жүрген ересек адамдар бар. Мұндай адамдардың өмірінде кездескен мәселелерді өз бетінше шешіп, өз өмірі үшін жауапкершілікті ала алмауы өмірді қиындата түседі.

Сондықтан, баланы тәрбиелеуде де өз шегінен шықпаған дұрыс.


Балаға кішкентай кезінен еркіндік керек

Дамыған елдерде баланы өз алдына бөлу процесі 5 жасқа дейін басталады. Бұған ата-ана ғана емес, мұғалімдер, ұлттық идеология да көмектеседі. Кішкентай күнінен баланың қызығушылықтарын, қай бағытқа икемді екенін және әр баланың өзіне тән ерекшеліктерін есепке ала отырып, өзіне тән жеке меншіктерін бөліп беру керек. Мысалы, баланың өз бөлмесі, өзіне тән бұйымдары болады. Бұл баланың өзін өзі тануына ықпал етеді. Біздің елде ата-ана мен баланың арасындағы сепарация үлкен жұмыс. Батыс елдеріндегідей қалыпты жағдай емес. Біздің қоғамда ата-аналар балаларын ештеңеге мұқтаж етпей, тойдырсам, киіндірсем, жақсы білім берсем кейін бала соны өзімізге қайтарады деген түсінік бар. Көптеген ересек адамдарда «мен ата-анама міндеттімін, себебі олар менің осы күнге жетуіме мұрындық болды» деп өзін міндетті санайды. Ал бұлай өмір сүру өз кезегінде өмір сүруде біраз кедергілер келтіретіні сөзсіз.


фото: micolock.ru


Ата-анадан бөліну керектігін қалай түсінеміз?

Кейбіреулер моральдық, интеллектуалдық жағынан бөлінген, бірақ материалдық жағынан тәуелді болады. Керісінше келесі біреулері материалдық жағынан бөлек болғанымен, рухани жағынан бөліне алмайды. Яғни, біздегі түсінік бойынша, ата-анама жағдай жасап беруім керек, олардың алдындағы перзенттік парызым дегенді басқалай түсіне алмайды.

Мысалы, маңызды шешім қабылдар кезде «қателік жасап қоймайын» деген қорқыныш ата-ананың пікіріне тәуелді етеді. Егер ата-анасы балаларының шешіміне рұқсат етсе ғана соны жасайды. Яғни бала қанша есейіп кетсе де, қателік жасаудан қорыққандықтан, ата-анасы рұқсат еткендіктен, қателігін ақтап алу үшін қажет. Бұл да жеке тұлға ретінде жауапкершілікті өз мойнына ала алмаудан. Яғни, адам әлі де жеке тұлға болып қалыптаса алмағандығын білдіреді.

Кейбір адамдар өзін 30 жаста да, 40 жаста да 10-15 жасар баладай ұстайды. Сондықтан, ата-анаға тәуелділіктен арыла алмайды. Бұл да бір жағынан менталитетке байланысты шығар. Өйткені, «ата-анамның ақ сүтін, адал еңбегін ақтаймын» деп өз өмірін сүруден қалады. Ал ата-ананың еңбегін ақтау деген оларды бала секілді көру немесе бала ролінен шыға алмау емес, адам өзін өзі толық танып, өмірден өз орнын тауып, жетістіктерге жетсе, ата-ана үшін ең үлкен сыйлық осы. Кез келген ата-ана үшін баласының жетістігі, өмірге бейімділігі ең үлкен қуаныш, зор бақыт. Ата-анаңызды бақытты еткіңіз келсе, алдымен өзіңізбен жұмыс жасаңыз.

Алайда кей ата-аналар балаларынан материалдық дүниелерді талап етеді. Мысалы, бір әйел баласының өзіне қымбат жағалы тон немесе алтын алқа сыйлады делік, оны көрген келесі әйел де балаларынан осындай материалдық сыйлық күте бастайды. Қызықты дерекке көз жүгіртсек, адам алпыстан асқан соң туындайтын аурулардың көпшілігі баласынан бірдеңе дәметуден туындайды екен. Кімге керек осындай өмір?

Сондықтан, қазіргі кезде ата-ана мен бала арасындағы сепарация қаншалықты ертерек басталса, соғұрлым жақсырақ.


Сепарация ата-ана мен баланың арасында ғана емес, ерлі-зайыптының да ортасында болуы тиіс

Адам бала позициясынан шыға алмайтын болса онда ата-анадан ғана емес, айналасындағы басқа адамдардың да пікіріне тәуелді болады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл адам өзін ақтауы үшін қажет. «Менің емес, оның ойы осылай еді, мен бар болғаны соны жасадым» деген. Осыдан келіп, шаңырақтар шайқалып, жас отбасылардың арасында түсініспеушіліктер, ұрыс-керістер туындап, соңы ажырасуға дейін апаруы мүмкін. шешім қабылдауды да басқаға сілтеп қоя салады.

Ата-ана мен бала арасындағы ғана емес, күйеу мен әйелдің де ортасында сепарация болуы тиіс. Өйткені әр адам өзінше жеке тұлға.


Сепарацияны қалай жүзеге асыруға болады?

Ата-ана басқа адам, өзіңіз олардан басқа жеке адам екендігіңізді білуіңіз керек.

Адам стандарт мөлшерінде емес, идеал болу керек деген түсінік те жоқ.

Жеке шегараңызды белгілеңіз. Бұл да үлкен еңбек.

Өзіңізді алдамаңыз. Сонда ғана өз өміріңізге жауапкершілікті ала аласыз. «Мен өз өмірімді сүріп жатырмын ба?» деген сұраққа шынайы жауап беріп көріңізші. Біреуге бірдеңені дәлелдеуден ештеңе ұтпайсыз. Ата-анаға немесе айналаңыздағы жақындарыңызға бірдеңені дәлелдеумен емес, олардың разылығын алуға ұмтылыңыз. Оларға да ризашылығыңызды білдіріңіз.

Сіз де ата-анаңыз секілді өз ережелеріңізбен өмір сүруге құқылысыз. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін адам өзінің құқықтарын толық білуі маңызды.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Баланы ҚОРҚЫТПАЙ, АЙҒАЙЛАМАЙ тәрбиелеуге болады


«ЖАҚСЫ ӘЙЕЛ» артық салмаққа, сырқаттануға және кедейлікке бейім