Сапар екі жылға созылады деп жоспарланған.
Суреттер әлеуметтік желіден алынды
Қазақстандық саяхатшы Сарсенбай Қотырашов жер шарын аралап өтетін әлемдік турын бастады. 73 жастағы зейнеткер осы сапары арқылы әлемдік рекорд орнатуды көздейді.
2022 жылы ақсақал Қазақстанның ұлан-ғайыр жерін жалпағынан басып, алғашқы жаяу сапарын жүріп өткен болатын. Турне сәуір айында басталды. Оңтүстіктен солтүстікке қарай тартылған магистральды жолдарды жағалай отырып, еліміздің қалалары мен ауылдарын аралай жүріп, Ұлытау мен Алматы арасында 1700 шақырымдық маршрутін сызды. Саяхатшының бар көлігі – екі доңғалақты арба, керек-жарақ дүниелері – үрлемелі төсеніш, шатыр, нан мен қымыз, арбаның қосалқы бөлшектері ғана. Бастапқыда бір күнде 100 шақырым жерді артқа қалдырса, күн ысыған сайын бұл көрсеткішті азайтуға тура келіпті.
Саяхатшы ақсақалдың айтуынша, бұл сапарға алты жыл дайындалған. Отбасы уайымдап, ойынан айнытуға тырысады. Бірақ ақыры соңында негізгі үш мақсатын айқындап алып, жолға шықты.
- Бірінші мақсаты – кезіккен адамға туған жері Ұлытаудың табиғаты мен тарихын айтып беру.
- Екінші көздегені – дүниежүзілік қолөнер туындылары көрмесін ұйымдастыру үшін қазақстандық қолөнер шеберлері туралы деректер жинау.
- Сондай-ақ көне мейрам – Қымызмұрындықты насихаттап, ел арасында таныту, күнтізбеге ресми мереке ретінде енгізуді мақсат тұтқан.
Алғашқы сапарын қорытындылаған саяхатшы әлеуметтік желідегі парақшасына «2022 жылдың 31 наурызында мен өз өмірімнің жаңа беттерін аштым деп еш күмәнсіз айта аламын. Саяхаттау арқылы мен бұрын бастан кешірмеген ерекше сезімге бөленіп, қуанып, таң қалудамын... Жүре-жүре жаңаша жағдайларға тап болудамын... Жолда отбасымнан, үйімнен бөлініп, алыстаған сайын, мен оларды одан сайын бағалай бастадым. Тура бір айдың ішінде саяхаттау, шынымен де ой-өрісімді кеңейтіп, санамды күн сайын жағымды әсерлермен байытып және мұның бәр денсаулығыма оң әсер ететініне көзім жетті. Мен қазіргі өміріме қанағаттанып, қуаныш сезіміне бөлене бастадым және мұның бәрі менің 72 жасымда өтуде (замандастарыма ұсынамын). Саяхаттағы ең ерекше нәрсе – сіз өзіңізге ғана тиесілі екеніңізді білесіз – мен еркінмін. Бұл әдеттен тыс нәрсе, өйткені мен өмір бойы көптеген достарым сияқты өзіме белгіленген кесте бойынша өндірісте жұмыс істедім» деген жазба жариялады.
Жыл басында жиһанкез «Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы өз өмірімде жаңа қадам бастап, жаяу жүріп өттім. Жүрген жерімде мені таң қалдырған, қуантқан және көптен бастан кешірмеген ерекше эмоцияларға көз жеткіздім. Бірінші экспедициям сәтті аяқталды. Бұл сапарымда жоспарлаған мерзімнен бұрын көздеген межеге жеткен сәтті жетістік болды.
Мен 72 жыл ішінде алғаш рет туған еліміздің көптеген көрікті жерлерін аралаппын. Ендігі кезекте, мен оның шеңберінен шығып, жер шарын айналып шығуды жөн көрдім. Өйткені бір жолдың соңы - қашан да жаңа жолдың басы» дей отырып, 2023 жылы марафонын жалғастыруға дайын және жаңа маршрут та дайын екенін хабарлады.
2 тамызда, сәрсенбінің сәттінде зейнеткер-саяхатшы Сарсенбай Қотырашов Атырау қаласынан әлемдік саяхатын бастады. Бұл жолғы саяхатының басты мақсаты – әлемдік рекорд орнату. Ол Гиннестің рекордтар кітабында әлі күнге дейін 70 жастан асқан адамның әлем бойынша жорық жасағаны туралы рекорд жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ұлытау өңірі, оның тарихи құндылығы мен көркем табиғаты жайлы бүкіл әлемге паш ету, ЮНЕСКО ұйымымен жасаған келісімшартына сәйкес, арнайы сайт ашып, деректер енгізу үшін қолөнер шеберлері жайлы мәлімет жинау жоспары бар. Ежелгі ұлттық қызым мейрамы – «Қымызмұрындықты» насихаттап, қайта жаңғырту мақсаты да басты назарда.
Әлемдік саяхаттың маршруты: Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия – Болгария – Сербия – Венгрия – Аустрия – Германия – Франция – АҚШ – Қытай – Моңғолия – Ресей – Қазақстан. Сапар екі жылға созылады, 2025 жылдың тамызында аяқталады деп жоспарланған.
Қызықты оқиғалар, сан алуан мәдениет, түрлі тіл, ұлттар, жер шарының ең әсем пейзаждары, тағы да басқа күтілетін және мүлде күтпеген жайттар шоғырланатын саяхатты жиһанкездің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тамашалап отыруға болады.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
ЕҢ КӨП ЖАЛАҚЫ қай елде төленетінін БІЛЕСІЗ БЕ? Қазақстан рейтингтің соңында