​40 келіге арықтаған педагог-диетолог өз шындығын айтты

0
12 853

Ол 103 келіден 63 кг салмаққа дейін қалай арықтады? Артық салмақтан қалай арылды?


​40 келіге арықтаған педагог-диетолог өз шындығын айтты

Бүгінгі таңда өзін «диетологпын» деп жарнамалайтындар көбейген. Көптігі сонша, қыз-келіншектер олардың қайсысына сенерін де білмей қалғандай. Дегенмен, инстаграм желісі арқылы өзін оқырмандарына дәлелдеп үлгерген диетологтар да жоқ емес.

«Диета» айдарының бүгінгі қонағы - педагог-диетолог Әсел Мұратқызы.

Дәужанова Әсел тәжірибелі ұстаз әрі ҚР Диетологтар қауымдастығының мүшесі, 2,5 жылда 5 мыңдай арудың арықтауына себепкер болған, өзі де семіздікті жеңе білген ерекше жан.


- Әсел ханым, ең алдымен жақынырақ танысып алсақ. Өзіңіз жайлы ақпарат бере кетсеңіз.

- Қызылорда облысының тумасымын, 5 ағайындымыз. Әкем-мықты инженер-механик болған. Анам жоғары санатты дәрігер болып қызмет істеген жан. Қазіргі таңда тұрмыстамын, 2 баланың аяулы анасымын. Қызылорда қаласында орналасқан С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінде биология пәнінен сабақ беремін. 13 жылдық еңбек өтілі бар маманмын деуге болады. Сонымен қатар биология ғылымдарының магистрімін.

Өмірде ән айтқанды, би билегенді жақсы көремін. Жалпы көңілді жүргенді қалаймын. Адамдармен тез тіл табысамын. Психологияға жақынмын. Ол қасиет анамнан дарыған деп ойлаймын. Себебі үйге бір адам ауырып келсе, дәрісіз-ақ анамның керемет шайы мен әңгімесінен кейін ауруын ұмытып, жазылып кетеді. Сонда анам «дәрігер болған соң үйге шипа іздеп келгендерге, бірінші дәрі-уколымды емес, жақсы сөзімді айтамын» деп отыратын. Дәрі таппай жатса, суға сүре оқып бетіне шашатын. Сонда адамның жанын жақсы сөз емдейтінін біліп отыратынбыз.

Қазір көпшілігі мені «диетолог-мотиватор» ретінде таниды. Бұл менің 2-ші мамандығым. 2018 жылы 8 айда 40 кг-ға арықтап, осы салаға келдім.


- 103 келіге дейін толысып кеткен көрінесіз. Қалай? Өзіңізді қай уақытта семіздердің қатарына жатқыздыңыз?

- Мен негізі тез толатын адамдардың қатарына жатамын. Көп салмақты студенттік шақта қоса бастадым. Айтпаса да белгілі ғой, ол уақытта дұрыс тамақ, дұрыс ұйқы, қозғалыс жоқ. Табылған асымыз макарон мен нан өнімдері. Жейтініміз сол кездің фаст-фуды - пирожки мен гамбургер. Одан қалса стипендия түссе күнде балмұздақ жейміз. Бұдан қала берді мен тәттіге қатты құмар болдым. Күніне 2 сникерске дейін жейтін күндерім болды. Үйдің үлкені болған соң да ата-анам бар тапқанын маған беретін. Солай жүріп қалай салмақ қосып алғанымды білмей қалдым. Сол уақытта арықтау туралы ой, салмақ өлшеу мүлдем ойыма келмепті. Тіпті денемдегі артық майлардан, бөлшектенген фигурамнан қысылу, ұялу мүлдем болмапты. Өзімді ең сұлу қыздай сезінетінімді қайтерсіз?! Қазір ойласам күлкім келеді.


- Ал енді салмақты қалай тастағаныңызға келсек...

- Университет бітіріп, тұрмысқа шықтым. Жолдасым студент, өзімде жұмыс жоқ. Студенттік кездегідей тәттілерді күнде жемейсің. Ауылда үйдің тірлігі бар дегендей, үнемі қозғалыс болған соң ба, жинала бастадым. Артық салмақтың бей-берекет тамақ жеу мен қозғалыстың жоқтығынан болатынын мен сол уақытта түсіндім. Бірінші балама аяғым ауыр болды. Жеріктіктің әсері болу керек, токсикоздан қатты қиналдым. Содан жайлап жинала бастадым. Содан уақыт өте келе ұйқым дұрысталып, жүрісім жеңілдеп, бет терім тазарып, киімдерім кеңейіп өзіме ұнай бастадым. Содан бастап семіріп кетуден қорқатын болдым.

Қызымды өсіріп алғаннан кейін мектепке жұмысқа тұрдым. Бойымды түзеп, ойымды түзеп ел қатарына қосылайын деп шештім. Сол мақсатпен күн сайын билеймін. Қонаққа барып тәтті тағамдарды тойып жегеннен кейін ертеңіне тек су мен қатық ішіп алуды әдетке айналдырдым. Көп жаяу жүретінмін. Жұмыстағы қыздар маған еріп олар да жинала бастады. Ешқандай марафон, курстарға қатысқан емеспін. Ақпараттарды газет-журналдардан оқып алатынмын. Ол кезде дұрыс телефон мен интернет те жоқ еді. Солай жүріп 2-ші балама аяғым ауырлады. Жүктілігім өте жеңіл өтті. Барлық тамақтың түрін жедім. Аман-есен босанып алып, қайта жиналуды қолға алдым. Ол кезде шамамен 87 кг-нан 65-ке түстім.

Бір айтатыным жолдасым жағынан менде ешқандай проблема болған емес. Біз ешқашан ұрысып көрмедік. Қай кезде де сабырлылыққа шақырып жүретін. Асықпа, уайымдама бізде бәрі жақсы болады деп үнемі мені қолдап жүреді. Осы сұхбатты пайдаланып жолдасыма рахмет айтқым келеді.

Алда нағыз семіздік пен депрессияның күтіп тұрғанын кім білген?!


- Әсел ханым, сонда менің бір түсінбей отырғаным, сіз 87-ден 65 келіге арықтадым дедіңіз. Кейіннен қайтадан салмақ қосып алдыңыз ба?

- Иә, дәл солай болды. Олай болуының өз себебі бар еді. Мен бұл құпияны бүгін бірінші рет сізге ашқалы отырмын. Оқырмандарыма да сырымды әлі күнге айтпаған едім. Айтатын өз уақыты келер деп жүргенмін. Бүгін сәті түсіп тұрғандай.

2016 жылдың 6 қыркүйек күні ұлым далада ойнап жүрген болатын. Мен ұлымды сабақ оқу үшін үйге шақырдым. Сол уақытта көрші үйдің 1 жасар ұлы біздің ұлдың добын бермей ойнап жүр екен. Ұлым бер деп допты қызғанғандай болды. «Сабағыңды оқып болған соң аласың. Ойнай берсін, балам» дедім. Содан үйге кіріп сабақ оқып отырғанбыз. Бірақ баламның бар ойы ауладағы балалардың дауысы мен добында. Бір кезде қас пен көздің арасында балам жүгіріп кете барды. «Ай» дегенімше болған жоқ. Келесі бөлмеге барып қалсам, терезенің торымен ұлым жерге қарай құлдилап бара жатыр екен. Аяғым алға қарай жүрмей, дауысым шықпай қатып қалғандаймын. Қалай далаға жүгіріп шыққанымды білмеймін. Далада балалардың жылаған дауысы, үлкендердің у-шуы. Жедел жәрдем шақырып жатты. Содан күнде жылау, Алладан сұрау. Ол күнді ешкімнің басына тілемеймін.

Содан менде депрессия басталды. Не дұрыс ұйқы, не дұрыс тамақ ішпеймін. Бірден қатты салмақ қоса бастадым. Сол аралықта ютубтан көп ақпараттар, сүрелер, дұғалар оқып, ойымды дұрыстай бастадым. Дәл осы уақытта психологтардың жайлап инстаграмға шыға бастаған уақыт еді. Эфирлерін тыңдап, қарап жүрдім. Негізі менде о баста ішкі ойым балаң құлан-таза айығады деп сөйледі. Мен ешқандай жаман нәрсе ойламадым. Не керек, баламның беті бері қарады. Аллаға шүкір есі дұрыс, қол-аяғы сау. Тек бір аяғының тізесі сынып, 6 ай гипспен жүрді.

Балам жазылып, көңілім орнынан түскеннен кейін ғана мен өзімнің семіріп кеткенімді байқаған екенмін. Содан өз-өзіме ұнамай бара жаттым. Не киім сыймайды, не барған жеріңде емін-еркін жүре алмайсың. Содан бір күні өз-өзіме сөйлей бастадым. «Әсел тұр, басыңды көтер! Не болып кеттің? Осылай қашанғы жүресің? Балаларың саған қарап, сенен қолдау күтеді. Мына жүрісің не?» деп өз-өзімді қайрай бастадым. Осындай қатқылдау сөздерден кейін мен жайлап өзгере бастадым. Тамағымды қадағалап, аздап қимыл қоса бастадым. Көп ақпараттар оқып, аз ұйықтадым.

Осы жерде ұлымның тұрып кетуіне үлкен көмек берген Айнұр Тұрсынбаеваның @aidyn_nury сөздері болды. Күнде сол техникаларды ойша айтып жүретінмін. Ұлым жақсара бастады. Жайлап мектепке қосылды. Содан бір күні Асылзат Арыстанбек @asilzat_aristanbek қазір белгілі психосоматик тәтем, әрі ауылдасым, әрі көрші тұрдық. Сол кісі Айнұр Тұрсынбаева мен Мақпал Қаратай @makpalkaratai ханымдардың семинарына жеңілдікпен билет алып берді. Қуанышымда шек болмады. Қазір сол кісіге көп-көп рахмет айтамын. Сол семинардан үлкен энергиямен қайттым. Өзі шаршап, айлығы шайлығына жетпей жүрген, біраз салмақ қосып алған маған бұл семинар өзгеруіме үлкен септігін тигізді. Содан бастап өзімді дамытып, жақсы жандармен жолыға бастадым. Ортам өзгерді. Өзгергенімді көріп, жан-жағымдағылар сұрай бастады. Осындай мотивациялардың арқасында мен 103-ке дейін семіріп кеткен дене-бітімімді әп-әдемі, ап-арық 63 кг-ға дейін жеткіздім.

Бір күні сіңілім маған «Диетология» саласын оқып алсай деген ой тастады. Содан өз білімімді, ибалы қыз «Диетолог» Арай Әміреден оқып, сертификат алдым.

Бұдан кейін досымның айтуымен Қуаныш Шонбайдың @kuantr семинарына қатыстым. Міне, соы семинардан кейін 2019 жылдың наурыз айында инстаграм парақшамды ашып, осы жұмысты бастап кеттім. Міне, қазір Аллаға шүкір өз саламды жақсы көргенімнен шығар мені іздеп келетін қыздар көп. Ойым да, әлеуметтік жағдайым да, денсаулығым да жақсы жаққа қарай өзгерді. Айта берсем әңгіме де, мотивация да көп.


- Арықтай алмай жүрген қыздарға не айтасыз?

- «Маған мотивация жетіспейді. Жолдасым жақсы көрмейді, сүймейді, тастап кетті. Маған мотивация беріңізші» дейтін қыздарға айтарым бар. Сіз өзіңізді жақсы көрмей тұрсаңыз, сізді жолдасыңыз қайдан жақсы көрсын?! Алдымен өзіңіз өзгеріңіз. Біреудің саған көңіл бөлгенін қаласаңыз, бірінші өзіңізге көңіл бөліңіз.
Сенің жауың – ол өзің. Өзіңе өзің жау болма. Өзіңе өзің есеп бер. Есепті маған емес, өзіңе беріп үйрен. Сосын біреудің мотивациясы саған мотивация болмайды. Әркімнің өз өмірі, өз жағдайы, өз денсаулығы, өз баласы мотивация болу керек. Сонда ғана адам 100% өзгеруге дайын болады және өзгере алады. Ешкімнен ештеңе күтпеңіз. Марафонға қатыссаңыз тек тапсырманы орындап, әрекет жасаңыз. Сонда оның нәтижесі сіз ойлағаннан да мықты болады. «Әйел өзгерсе - әлем өзгеретінін» ұмытпаңыз. Алда жоспарлар өте көп. Алла денсаулық берсе бөлісе беремін ғой. Қазіргі таңда @aselmuratkyzy_ деген жеке инстаграм парақшаммен танымалмын. Жаңалықтарыммен осы парақшамда бөлісіп отырамын.


- Соңғы сұрақты қоя кетейін, 2-3 жылдан бері диетолог болып жұмыс істеп келесіз. Осы уақыт аралығында ең көп салмақ тастаған қыздар жайында айтсаңыз. Бәлкім бұл нәтижелер арықтай алмай жүрген жандарға мотивация болар.


- Әрине, менің марафоныма қатысып, өздерінің діттеген мақасатына жеткен қыздар өте көп. Мысалы 115 келі салмақпен бастаған Гүлназ есімді келіншек 77 келіге дейін салмақ тастады. Яғни -38 кг жоғалтты деуге болады. Бұл көңіл қуантарлықтай, керемет көрсеткіш деп ойлаймын. Сондай-ақ, Анар есімді аруымыз 89-бен бастап, 59-ға түсті. Айта берсем, мұндай нәтижелер жетерлік. Ең бастысы олар өздеріне және маған сеніп марафонға қатысқандар. Болашақта өзі арық, сымбатты аруларымыздың көбейетініне сенемін.


- Әсел, ешкімге айтпаған жан сырыңызды ақтарып, бізге сенім білдіргеніңізге алғысымыз шексіз. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Сыр суыртпақтаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Бүйрекке пайдалы тағамдар


Кез-келген жаста арықтауға арналған тиімді ДИЕТА


Ми мен қан тамырларына пайдалы диета арықтауға да көмектеседі