«Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, мен де ата-анамнан ұзап кетпеймін ғой!
Қазіргі қоғамның ең басты проблемаларының бірі – семіздік пен ерте қартаю болып отыр. Әсіресе әйелдер қауымы бұл мәселемен күн сайын бетпе-бет келеді. Айнаға қарап, өзінің әжім түсе бастаған бет-жүзін көрген нәзікжандылардың көңіл-күйі бұзылып, тіпті, өз-өзін тастап жіберетіндер де бар. Алайда халық арасында денсаулығы мен әсемдігін сақтауды ең басты орынға қойып, зейнет жасына жетсе де, жап-жас боп жүргендер жетерлік.
Бүгінгі кейіпкеріміз Шымкент қаласының тұрғыны Меңдібаева Гүлмира Жанысқызы 45 жыл бойы білім саласында аянбай еңбек еткеніне қарамастан, өзінің жас қалпын сақтай білген жандардың қатарында. Ендеше сұлулықтың символына айналған, өз ортасында сыйлы, барлық құрметке лайық, дефектолог-сурдопедагог Гүлмира Жанысқызының құпиясымен таныса отырайық.
- Құрметті Гүлмира Жанысқызы, қайырлы күн! Алдымен өзіңізбен жақыннан танысып алсақ...
- Сәлеметсіздер ме, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Мен Ғани Мұратбаев, Роза Бағланова, Мадина Ералиева сынды тарихи тұлғалардың шыққан жері Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасымын. Кішкентайымнан Оңтүстік өлкесінде туып-өсіп, білім алдым.
Ата-анамнан алған тәрбие мен тәлімі мені ылғи да алға жетелеп, өзіндік ұстанымдарымды қалыптастыруға септігін тигізді. Анам өте көңілді, келбеті келіскен, позитивті жан. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, мен де ата-анамнан ұзап кетпеймін ғой! Өмірде болып жатқан түрлі жағдайлар, кездескен қиындықтарға мойымай, әркез жеңіл қабылдау анамнан дарыған қасиет деп білемін. Ал әкем 86 жасқа келген қария болғанына қарамастан, өзін жақсы сезінеді, шахмат ойнап, костюм-шалбарын әлі күнге дейін өзі үтіктеп киетін көзқарасы заманауи адам. Оның үстіне мамандығыма байланысты оқушылармен ым-ишара, қол-бет қимылы бойынша жұмыс істеймін. Бұның бәрі беттегі қан айналымды жақсартып, менің осылай әдемі боп жүруіме әсер ететін шығар деп ойлаймын.
- Педагог жұмысы оңай емес, білім беру, шәкірт тәрбиелеудің қиындығы бір төбе. Ол денсаулық пен жүйкеге де салмақ салмай қоймайды. Ерте қартаю да кездеседі. Бірақ сізде бәрі керісінше сияқты...
- Әрине, себебі мен өзім сүйетін мамандығыммен айналысамын. Бұл адамға ерекше шабыт беріп, жұмысқа деген құлшынысты арттыра түседі. Зейнет жасында болсам да қызмет барысында істеген ісімнен ләззат алып, энергия жинаймын.
- Сырт келбетіңізге қарап, зейнет жасына жеткен жан деп айта алмаймыз. Осылайша жас көрінуіңіздің құпиясы неде?
- Әр адамның өз ұстанымы, өмірден алған тәрбиесі болады менің де осындай қағидаларым бар. Көбіне сыртқы жағымсыз сөздер мен кішігірім мәселелерге көңіл-күйімді түсіріп, ойлана бермеймін. Ондай жағымсыз энергияны бойыма жинағым келмейді. Тіпті, өзім жайлы айтылған өсек-аяңды естісем де естімегендей кейіп танытамын. Сондықтан да болар осылай жас болып жүргенім. Жөн сұрасып, сөйлесе кеткен жанның бәрі жасымды айтқанымда таңқалып, ерекше ілтипаттарын білдіріп жатады. Мұндай жағдайлар қай адамға болмасын ұнары сөзсіз.
- Көпшілік жас көріну, ұзақ өмір сүру қаннан беріледі деп жатады. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?
-Әрине. Себебі анам өз жасынан жас көрінетін, сонымен қатар анам ренішті іште сақтамайтын, айналасындағы адамдарға тек жақсылық тілейтін адам. Ол кісінің бойындағы осындай керемет қасиеттер маған да өткен деп ойлаймын. Өйткені біреу мені ренжітсе, кек сақтамай, керісінше ол жанға жақсы сөйлеп, мен жайлы ойын өзгертуге тырысамын. Осындай жағдайлар көп болды. Қызмет бабымен түрлі адамдармен жұмыс істедім. Олардың кейбірі бастапқыда мені жақтырмай, мінез көрсетіп, сыртымнан әңгіме айтқан болса, кейіннен жақыннан таныса келе сол әрекеттері үшін кешірім сұрағандары да аз болмады. Өмірімнің әрбір кезеңін позитивпен өткіземін.
- Күнделікті тамақтану тәртібіңіздің де үлесі бар шығар бұған?
- Арнайы тамақтану тәртібім бар деп айта алмаймын. Дегенмен күнделікті таңертең бір стақан таза су ішу әдетіме айналған. Міндетті түрде үш мезгіл тамақтанамын, арасында өзіме ұйнайтын жеміс-жидектер мен аскөкті де қосып отырамын. Лажы барынша нан өнімдерін аз жеуге тырысамын. Бұдан бөлек, денсаулықты нығайту мақсатында жүзуге барып тұрамын, аптасына бір рет міндетті түрде моншаға түсіп, пар қабылдаймын. Мұның барлығы адамның сыртқы және ішкі саулығына айтарлықтай әсер етеді.
Оқу жылын аяқтап, еңбек демалысына шыққан кезде арнайы емдеу-оңалту кешендеріне барып қажетті ем-домды қабылдап, тынығып қайтамын. Тағы бір менің әдеттерімнің бірі – екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтіп тұрамын. Бұның да денсаулығына немқұрайлы қарамайтын адам үшін маңызы бар.
- Арнайы диетологтан кеңес алып, сол бойынша жұмыс істеген кезіңіз болды ма?
- Жоқ, ешқашан диетологтан кеңес алып көрмеппін. Өз біліміммен, оқыған-тоқығаным бойынша өмір сүріп келемін. Педагог болғандықтан да шығар соңғы уақытта психолог, диетолог, косметолог та болып кеткендеймін.
- Зейнет жасында жас көрінудің жақсы жақтары көп шығар...
- Әрине, жақсы жақтары өте көп. Айналаңнан комплимент естіген кезде кім болса да өз-өзіне қарап, әдемі болып жүруге тырысады.
- Жастарға осы тұрғыда қандай кеңес берер едіңіз?
- Біріншіден, денсаулығын күтіп, уақытылы демалу керек. Екіншіден, қарапайымдылықты сақтай білу, сондай-ақ, әрқашан жаман ойдан аулақ болып, позитивпен өмір сүру. Үшіншіден, ешкімге кек сақтамай, айналаңа сүйіспеншілікпен қарау. Осындай қағидаларды ұстану үлкенге де, кішіге де пайдалы деп білемін.
- Гүлмира Жанысқызы, алтын уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға шынайы жауап бергеніңізге алғыс білдіремін. Бейнеттің зейнетін көріп, дәл осылай құлпырып жүре беріңіз!
Сұхбатты жүргізген: Құрманкүл Өмірзаққызы.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: