​Бетті қалай арықтатуға болады?

0
4 452

Бетті ғана арықтату мүмкін бе?


​Бетті қалай арықтатуға болады?

Неге кейбір адамдардың денесінде артық май болмаса да, беті томпақ болып тұрады? Ал кейбіреулерде керісінше денесін де, бетін де май басып, дөңгеленіп жүретіні жасырын емес. Мамандардың айтуынша осындай томпақ беттерді арықтатудың жолдары бар екен.

Көбіне бет дұрыс тамақтанбаудың әсерінен семіреді. Дегенмен бірінші артық майлар денеге, одан кейін бетке жинала бастайды. Гормондық бұзылыстар болған жағдайда да адам семіре бастайды екен. Сондай-ақ, қалқанша без ауруларында да артық салмақ пайда болуы әбден мүмкін дейді мамандар. Әсіресе мұндай кезде көз бен бет айналасы ісініп, тері бозарып кетеді. Тіпті, қалқанша без ауруларына шалдыққан жан ұйқышыл, қалтырағыш, жылауық боп кетуі де ғажап емес.

Бүйрек жұмысы бұзылса да беттің ісінуі байқалады. Созылмалы бүйрек аурулары кезінде көз бен бет таңертең ұйқыдан тұрғанда қатты ісінеді екен. Ал, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққанда бет кешкілік уақытта ісінуі мүмкін. Сонымен қатар, жас ұлғайған сайын да бетте май пайда болып, толыса бастайды.

Егерде беттің семіруі тікелей артық салмақтың пайда болуымен байланысты болса, бұл мәселемен күресудің амалдары бар. Мысалы, жаттығу жасау және де дұрыс тамақтану арқылы бетіңіздің көлемін кішірейте аласыз. Ол үшін мына төмендегі бірнеше тәртіптерді сақтасаңыз болғаны:


Диета ұстаңыз

Әрине арықтау үшін ең алдымен тамақтану рационынан нан өнімдерін, кондитерлік тәттілерді, фастфуд және қақталған тағамдарды алып тастау керек. Бұл айтылған тағамдардың барлығы тек қана денсаулыққа зиянын тигізіп қоймай, денеге май жиналудың бастамасы болатыны сөзсіз. Сондықтан да өз тамақтану мәзіріңізге мән беріп, оны түрлендіруге тырысыңыз. Тағам құрамында көбірек ақуыз, пайдалы майлар мен көмірсулардың болуына басымдық беріңіз. Ең дұрысы тәрелкеңіздің жартысына күнделікті ішіп жүрген асыңызды салсаңыз, жарты бөлігін көкөністермен толтырғаныңыз абзал. Осындай тамақтану тәртібін ас мәзіріне енгізетін болсаңыз, біртіндеп артық салмақтан да арыла бастайсыз.


Ағзаның құрғауына жол бермеңіз

Көп сұйықтық ішу – бұл салмақты бірқалыпты ұстаудың ең тиімді жолы. Себебі қарапайым су қарынның ашуын болдырмай, зат алмасуды жақсартады. Ғалымдардың зерттеулерінде 500 мл су зат алмасуды 30 пайызға жылдамдатады делінген. Су алмасу жүйесінің қалыпты болуы үшін тұрақты түрде 2 литрден көп су ішуді әдетке айналдыру керек. Алайда таңертең бетіңіз бен көзіңіздің айналасы ісініп тұратын болса, кешкілік уақытта сұйықтықты азырақ ішуге тырысыңыз.


Бетті ісік шалмас үшін, алкогольді ішімдіктен бас тартыңыз

Алкогольді ішімдіктердің құрамында пайдалы ешбір дәрумен немесе минералды зат жоқ. Сонымен қатар ішімдіктің кейбір гормондарға да әсер етуі мүмкін. Мәселен, мұндай ащы сусындар қарынның ашқан-ашпағанын және тәбетті тұрақты ұстауға септігін тигізетін лептин гормонын төмендетеді. Сондықтан да алкогольді ішімдіктің аз бөлігін ішсеңіз де, оның зияны тиетіні сөзсіз.


Спортпен шұғылдану керек

Дене салмағын азайтудың бірден-бір жолы – кардио және аэробды жаттығулар кешені. Көптеген зерттеулерде дәл осы физикалық жүктемелердің артық салмақтан арылуға септігі мол екені дәлелденген. Сондай-ақ, жаттығу барысында артық майлар жиырылып, беттің көлемі де кішірейе түседі. Аптасына 3-4 рет, 30-60 минут жаттығу жасаған жеткілікті. Бұдан бөлек, күніне 8-10 мың қадам жасауды да ұмытпау керек. Дұрыс тамақтанумен қатар, осы айтыылған кеңестерді орындайтын болсаңыз, тек бетіңіз ғана емес, фигураңыз да толықтай әдемі қалыпқа келіп, жасарып-жайнап шыға келесіз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Бұқтырылған сиыр етінен өте пайдалы диеталық тағам


Мына 5 дәрумен спортсыз-ақ арықтауға көмектеседі