​Сізге диетолог қажет пе?

0
7 125

Егер салмағыңыз 20 келіге дейін артып кетсе сізге диетолог міндетті түрде қажет.


​Сізге диетолог қажет пе?

Қазіргі таңда өз бетінше арықтауға әрекет жасап, ғаламтордағы диеталар арқылы салмақ тастап жүргендер жетерлік. Алайда олардың көбі жоғалтқан салмағын қайта қосып алып, семіздіктің «ащы дәмін» татуда. Әр саланың өз маманы бар екенін жақсы білеміз. Сол секілді арықтау мәселесіне келгенде де диетолог маманының көмегіне жүгінген дұрыс. Диетологтардың пікірінше егер салмақ қалыпты нормадан 9-11 келіге артса, онда бұл артық салмаққа жатады. Бірақ мұндай жағдайда сіз осы салмақпен ары қарай өмір сүре аласыз. Болмаса диетолог көмегіне жүгінсеңіз де болады. Алайда салмағыңыз 12-13, тіпті, 20 келіге артып кеткен болса, диетологқа бару міндетті саналады. Өйткені сіз мұндай семіздікпен өз бетіңізше күресе алмайсыз.

Ендігі мәселе - диетологты дұрыс таңдау. Ары қарай сіздің арықтау-арықтамауыңыз сол маманға байланысты болғандықтан диеологты дұрыс таңдау керектігін ұмытпау керек. Мына 6 кеңес диетолог таңдауда қателеспеуге көмектеседі.


Жоғары білімі бар маман болуы керек


Диетологтан жоғары білімін растайтын дипломын көрсетуін өтініңіз. Болмаса сырттай-ақ сұрасытыра келе дәл сол дәрігердің жоғары білімі бар-жоғын біліп алуға болады. Жақсы маман курстардан емес, жоғары медициналық институттар мен университеттерде білім алады. Себебі диетолог маманы анализ қорытындылары мен химиялық процестерді оқып, түсінуі қажет. Анатомияны оқып, ол адамның ағзасында қандай өзгерістер болып жатқанын білуі керек. Ал, шағын курстарда мұндай нәрселерді үйретпейді. Сол себепті де мұндай мамандарға сенбеген дұрыс.


Толық тексерілуден өту керек

Алдына келген науқасты толық тыңдап, диета мәзірін жазып, бірден ем қабылдауға кеңес беретін диетологтар да бар. Ал, керісінше анализ тапсыруға, кардиограммаға түсуге, эндокринолог маманына баруды кеңес ететіндер де бар. Екіншісі диеологтың тәжірибелі әрі білікті екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, аллерголог, гинеколог, гастроэнтеролог сынды дәрігерлерге де жібереді. Осыдан кейін ғана диетолог сіздің жағдайыңыз туралы мәлімет бере алады. Сонда ғана таңдалған дәрігер де, оның емі де дұрыс болады.


Өзін тым жоғары бағалау

Баратын дәрігердің қабылдау бағасына мән беріңіз. Тым арзан баға жазылған болса, ондай дәрігерге сенудің қажеті жоқ. Себебі, өзін арзан бағалайтын дәрігерлердің тәжірибесі аз, білімі төмен болуы ғажап емес. Сондай-ақ, тым қымбат дәрігерге баруға да кеңес бермейміз. Ең дұрысы орташа бағаны таңдау. Мұндай дәрігерлер жоғары білімді, тәжірибелі әрі сол бағаға сай қызмет етеді. Әрбір 5 жыл сайын аттестациялаудан өтіп, өз білімін жетілдіріп отырады.


Арықтайтыныңызға сендіреді

Денсаулығыңызды тексеруден өткізбес бұрын, осынша салмақ жоғалтуыңызға көмектесемін деп айтатын диетологқа барсаңыз, қатты қателескеніңіз. Әңгімесін осылай бастайтындар алдаусырату мақсатында солай деуі мүмкін. Диетологтың ең басты міндеті – алдына келген науқасқа зиянсыз әрі пайдалы кеңестері арқылы көмектесу. Сонымен қатар, бірден 20-30 келіні 1,5 ай ішінде тастауға болмайтынын да жақсылап түсіндіру. Бұдан бөлек, арықтау кезінде кездесетін қиындықтармен таныстырып, неден сақтану керектігін ескерту болып табылады.


Өзіңізге ғана арнап ас мәзірін дайындамайды



Өз-өзіне сенімді, өзін құрметтейтін диетолог ғаламтордан алынған диета мәзірін жазып бере салмайды. Ол сізді барлық тексеруден өткізгеннен кейін жеке өзіңізге арналған ас мәзірін жазып беруі тиіс. Сондай-ақ дұрыс тамақтануға байланысты барлық ақпаратты беріп, керек кезінде кеңесін де аямайды. Ал, егер мұның бәрі керісінше болса, ол жерден тез арада шығып кетуге тырысыңыз.


Дәрігердің сөз саптауына да мән беріңіз

Диетолог дәрігердің қабылдауында болғанда оның әрбір сөзіне құлақ салыңыз. Ол медициналық терминдермен, түсініксіз анықтамалармен сөйлейтін болса, маманды ауыстыруға кеңес береміз. Сізге қарапайым тілмен түсіндіріп, сіздің жағдайыңызда диета қалай ұстау керектігін айтатын дәрігер тапқан дұрыс.

Ешқашан денсаулыққа немқұрайлы қарамаңыз! Ең бастысы тәжірибелі әрі білікті маманды тауып, діттеген мақсатыңызға қол жеткізіңіз.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


20 келі салмақ тастаған ресейлік актриса арықтаудың 5 ережесін ұсынады


Төрт тәулік ТЕК ТАУЫҚ ЕТІМЕН тамақтансаңыз, таразыға түсуге тартынбайсыз


Тез арықтағыңыз келсе, ТАҢҒЫ асқа 2 дана ЖҰМЫРТҚА жеңіз