​БІР АЯҚТЫ КӨТЕРІП тұрудың ПАЙДАсын білесіз бе?

0
114

Бір аяқпен он секунд тұра алмағандарда он жыл ішінде өлім қаупі 84%-ға жоғары


​БІР АЯҚТЫ КӨТЕРІП тұрудың ПАЙДАсын білесіз бе?

Сурет: ЖИ

Бір аяқты көтеріп тұғанда теңселмей, шатқаяқтамай, тепе-теңдік сақтай алу – жетістік. Бұл сырт көзге оңай көрінгенімен, іс жүзінде біраз күшті талап ететін жаттығу. Осы бір қарапайым әрекет арқылы денеңіздің, бұлшықеттеріңіздің және жүйке жүйеңіздің жалпы жағдайын білуге болады.

Дәрігерлер мен ғалымдардың айтуынша, бір аяқпен ұзақ тұра алмау ағзада қандай да бір кінәраттың бар екенін білдіретін маңызды белгі. Кейбір зерттеулер тіпті тепе-теңдікті ұстай алмаудың адам өмірінің ұзақтығына да тікелей әсері барын дәлелдеп отыр.


Бір аяқпен тұра алу неден хабар береді?

Әдетте, көзді ашып, бір аяқпен тепе-теңдікті сақтау дағдысы 9–10 жасқа қарай қалыптасады. Бұл қалыпта тепе-теңдік сақтау қабілеті шамамен 30 жаста шырқау шегіне жетіп, кейін біртіндеп төмендей бастайды. Бұған салмақты себептер бар.


30 жастан бастап адам бұлшықет массасын жоғалта бастайды. Әр онжылдықта 3%-дан 8%-ға дейін, ал 60 жастан кейін процесс одан әрі жылдамдайды. Бұл көптеген мәселелерге, мысалы, құлау қаупінің артуына және қандағы глюкоза деңгейінің бұзылуына әкеледі. Бұлшықеттердің барлық тобында бұлшықет массасы азаятындықтан, бұл бір аяқпен тепе-теңдік ұстау қабілетіне де әсер етеді. Сонымен қатар, жас ұлғайған сайын вестибулярлық аппараттың жұмысы нашарлайды, кеңістікті бағдарлау қабілеті төмендейді және жүйке өткізгіштігі баяулайды. Мұның бәрі тепе-теңдікке кері әсер етеді.


Тағы бір себеп – бір аяқпен тепе-теңдікті сақтау мидың ағзаның бірнеше жүйесінен (көзден, вестибулярлық және соматосенсорлық жүйелерден) келетін ақпаратты біріктіру қабілетін талап етеді. Жас ұлғайған сайын мидың жұмысы бұзылған жағдайларда бір аяқпен тепе-теңдік ұстау да қиындай түседі.

Бұл дағды денсаулық жағдайы туралы көп нәрсені білдіретіндіктен, ғалымдар бір аяқпен тұру тестін ойлап тапқан. Бұрын ол қозғалыс функциялары нашарлаған егде жастағы адамдардың денсаулығын бағалау үшін қолданылатын. Ал жақында жүргізілген зерттеу бұл көрсеткіштің басқа да мәліметтер бере алатынын көрсетті.


2022 жылы халықаралық зерттеушілер тобы 2008 жылдан 2020 жылға дейінгі 12 жылдық кезеңді қамтитын, 51-75 жас аралығындағы 1 702 адам туралы ауқымды мәліметтер қорын талдады. Нәтижесінде тестті сәтті өткендерге қарағанда, бір аяқпен он секунд тұра алмаған адамдарда кейінгі он жыл ішінде өлім қаупі 84%-ға жоғары болатыны анықталды. Зерттеу авторлары мұндай нәтижелерді тепе-теңдікті ұзақ сақтай алмау қауіпті құлаулар мен бұлшықет массасының жоғалуына байланысты аурулардың қаупін арттыратынымен түсіндірді. Мұның бәрі мезгілсіз өлім қаупін ұлғайтады.


Ал 2024 жылы Майо клиникасының зерттеушілері бір аяқпен тепе-теңдікті сақтау қабілеті жүйке-бұлшықеттің қартаюының ақпараттық көрсеткіші екенін, тіпті күш немесе жүріс-тұрыстан да маңыздырақ екенін анықтады.


Денсаулыққа несімен пайдалы?

Алайда, бірден түңілудің қажеті жоқ! Жақсы жаңалық сол – бұл қанға біткен тума дағды емес. Кішкене уақыт бөліп, үнемі жаттығып отырсаңыз, тепе-теңдікті сақтау қабілетін кез келген жаста қайта қалпына келтіріп, дамытуға толық мүмкіндік бар.

Жүйке жүйесі өте икемді. Ал дене, бөксе және аяқ бұлшықеттері тіпті егде жаста да нығая алады. Соңдықтан бір аяқпен тұру дағдысын біртіндеп жақсартуға болады.

Бұл құлау қаупін азайтады. Мысалы, бұл дағдыны үнемі жаттықтыру аяқ бұлшықеттерін нығайтады, сол арқылы жамбас буындарының тұрақтылығын жақсартуға көмектеседі. Ал жүгірушілер ешқандай тірексіз 20 секунд және одан да ұзақ уақыт бойы бір аяқпен тепе-теңдікті сақтау қабілетін дамытқанда, оларда жарақат алу қаупі төмендейді.

Сонымен қатар, бір аяқпен тепе-теңдікті сақтау префронтальды қыртысты белсендіру арқылы когнитивті (ойлау) қабілеттерді жақсартуы мүмкін. 12 сау жас адамға жүргізілген шағын зерттеу қатысушылардың екі аяқпен емес, бір аяқпен тұрғанда когнитивті тапсырмаларды дәлірек орындағанын көрсетті. Шындығында, бұл нәтижелер тек бастапқы сипатқа ие, ал эксперименттегі қатысушылар саны түпкілікті қорытынды жасау үшін тым аз болды.


Бір аяқпен қалай тұру керек?

Бір аяқты көтеріп тұру қалпы ең көп кездесетін жүйелер – қытайдың тайцзицюань гимнастикасы мен йога. Бұл жүйелердегі жаттығулар икемділік пен күшті ғана емес, тепе-теңдікті де жақсы дамытады.


Сонымен қатар, бір аяқпен тұру кез келген жүйеден тыс да практикалауға болатын қарапайым жаттығу. Жаттығуды бастау үшін қабырғаның немесе тіректің жанына тұрып, қолды дене бойымен ұстап, аяқты тізеден бүгіп, баяу көтеру жеткілікті. Бұл қалыпта он секунд тұру керек. Содан кейін аяқты ауыстырып қайталау қажет. Ал егер өзіңізді сенімді сезінсеңіз, тапсырманы күрделендіруге болады. Ол үшін көтерілген аяқтың басын еденде тұрған аяқтың балтырына қою қажет.


Егер бастапқы кезде тепе-теңдік сақтау қиын болса, тірекке сүйенуге болады. Ми мен бұлшықеттер бейімделген сайын тепе-теңдік жақсарады. Сол кезде жаттығуды тірексіз жасай аласыз.

Зерттеулер тепе-теңдікке арналған күніне 10 минуттық жаттығудың өзінен пайда алуға болатынын көрсетеді.

Бала кезде мектепте бұзықтық жасағанда бұрышқа бір аяқты көтеріп тұрғызып қоятын жаза естеріңізде ме? Сол кезде мұғалімдеріміз бізді жазалап жатырмыз деп ойлаған болар, ал іс жүзінде біздің денсаулығымызды ойлап, жасырын түрде ұзақ өмір сүру терапиясын жүргізген екен.

Қысқасы, бір аяқпен тұру тек балалық шақтың қызықты естелігі емес, ағзаны сергек ұстаудың ең арзан әрі тиімді жолы.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАТТЫҒУ кезінде немесе ЖҮГІРГЕНДЕ бір бүйіріңіз ауыра ма?

Тағамды микротолқынды ПЕШТЕ ДҰРЫС ЫСЫТЫП жүрсіз бе?

МҮШЕЛ жаста ҚЫМБАТ БҰЙЫМ тарату міндет пе?